«Қазатомөнеркәсіп» АЭС құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға кіріседі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы атом электр стансасы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасауға кіріседі. 

Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан Азиядағы ядролық кооперациялар форумының министрлер деңгейіндегі 18-кеңесі аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта Қазақстанда электр энергиясының артық көлемі байқалады және электр энергиясын өндіру қуатымыз бүгінде біз тұтынатын көлемнен 25-30 пайызға артық. Біздің болжамды балансқа сәйкес, жаңа қуаттар 2025 жылдан кейін ғана қажет болуы ықтимал», - деді ол.

Сонымен қатар ол Қазақстан атом электр стансасын салу мүмкіншілігіне қатысты мәселелер қазіргі уақытта жан-жақты зерделеніп жатқандығын баса айтты.

«Ағымдағы жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы техникалық-экономикалық негіздесін әзірлеуді бастауы тиіс. Өздеріңізде білетіндей, бұған дейін белгілі бір жұмыстар Курчатов учаскесінде жүргізіліп, алаң таңдап алынды. Алайда, ол кезде бұл ресейлік әріптестермен серіктестік негізінде жүзеге асырылады және энергия Ресей Федерациясына сатылады  деп болжанған еді. Бірақ, РФ-ның сібір энергия желісінің тұтыну көлемінің төмендеуіне байланысты біздің серіктестер бұл идеядан бас тартты.  Сондықтан бұл жоба одан ары дамыған жоқ. Ендігі «Қазатомөнеркәсіп» техникалық-экономикалық негіздемені Қазақстанның қажеттілігі үшін АЭС салу мүмкіншілігін қарастырып барып жасауы тиіс. ТЭН қабылданғаннан кейін Қазақстанда стансаның болатындығын не болмайтындығын анықтау жайында сөз қозғауға болады. Осы уақытқа дейін қажет, қажет емес деген көптеген мамандардың, жалған мамандардың пікірлерін көп оқыдым. Меніңше, уақытынан бұрын бұл жайында сөз қозғаудың қажет жоқ», - деді Қанат Бозымбаев.

Фото: ach.gov.ru

Соңғы жаңалықтар