Қазаннан бастап жеке тұлға депозитінің мөлшерлемесі өзгерді- ҰБ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы жылдың 8 айында депозиттер 1 пайызға 17,7 трлн теңгеге дейін өскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы Үкімет отырысында Ұлттық банктің алтын валюта резервтері қыркүйектің соңында алдын ала деректер бойынша 30 млрд АҚШ доллары, Ұлттық қордың активтері 56,3 млрд АҚШ доллары болғанын хабарлады. Жалпы халықаралық резервтер 86,4 млрд АҚШ долларын құраған.

«Осы жылдың 8 айында депозиттер 1 пайызға 17,7 трлн теңгеге дейін өсті. Ұлттық валютамен депозиттердің өсімі 4,1 пайызды көрсетіп, 380 млрд теңгеге жетті. Шетел валютасымен депозиттер 2,5 пайызға немесе 210 млрд теңгеге қысқарды. Нәтижесінде, депозиттерді долларландыру 46 пайызға дейін төмендеді. 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді анықтау тәсілі өзгерді. Мөлшерлемелер салымның мерзімі және түрлері бойынша жіктеледі», - деді Д. Ақышев.

Данияр Ақышев сондай-ақ, кредиттеу нарығы қалпына келіп жатқанын атап өтті.

«Банктердің кредиттері жыл басынан бастап тамызда 2,5 пайызға 13 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Қайта құрылымдаудан өткен және лицензиясынан айырылған банктердің кредит портфелін есептемегенде экономиканы кредиттеудің жылдық өсімі 11,6 пайызға немесе 1,3 трлн теңгеге бағаланады. Ағымдағы жылғы 8 айда жаңа кредит беру 28,1 пайызға  немесе 1,9 трлн теңгеге өсті. Кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2 пайыздан 2018 жылғы тамызда 12,2 пайызға дейін төмендеді», - деді ол.

Еске сала кетсек, Данияр Ақышев бұған дейін жыл соңына дейін инфляция деңгейі 5-7 пайыздық нысаналы дәлізде сақталатынын айтты.

Сондай-ақ, мерзімді депозиттен ақшаны ерте алғандарға айыппұл салынады.

Соңғы жаңалықтар