ҚАЗАНҒАП БИ САТЫБАЛДЫҰЛЫ

None
None
Қазанғап Сатыбалдыұлы (1771-1856) - Орта жүздің белгілі биі, шешен. Арғын руының бәсентин және бөрі тармағынан шыққан. Павлодар облысы Баянауыл өңірінде дүниеге келген.

1843-1848 жылдар аралығында Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған. Ресейдің патшасының қолынан орыс әскерінің прапорщигі (1808), капитан шендерін алып (1810), кейіннен штабс-капитан шенін иеленіп (1817), майор (1833) болған.

Қазанғап би Патша өкіметі тарапынан Владимир алтын медалімен, алтын жалатылған күміс кубогымен, екі рет шекпен мен аң терісі бөрігі және әр түрлі күміс ақшалармен марапатталған. Қарқаралы сыртқы округінің аға сұлтаны Абай Құнанбаевтің әкесі - Құнанбай Өскенбайұлымен дос болған.

Қазанғап би Сатыбалдыұлы Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болғаны кезінде қайырымдылық жұмыстармен айналысқан. Баянауыл сыртқы округінде мешіт-медреселер, мектеп салу жұмыстарын жүргізген. Мешітке Қазан қаласынан татар молдасы Ғабдул Ғапарды алғызған. Ғабдул Ғапармен еріп келген жас жігіт Рамазанды өзіне көмекшілікке алып тәрбиелейді. Барлық сауда-саттық жұмыстарын Рамазан атқарып, Қазанғап бидің тапсырмасы бойынша Ірбіт (Орал), Сібір, Омбы, Үркіт (Иркутск) жәрмеңкелеріне барып сауда-саттықпен айналысқан. Ол дуанбасы болған бес жылға жуық уақыт ішінде округ көлемінде жер асты кен байлық көздері ерекше мол ашылады. Ел ішінде бейбіт өмір, тыныштық орнаған.

1856 жылы Қазанғап Сатыбалдыұлы қайтыс болғаннан кейін Рамазан Қызылжар, Омбы қалаларынан күйдірілген қызыл кірпіштер мен ақ мәрмәр тастар алғызып, басына ақ күмбезді кесене тұрғызған.

Кесене ішінде Қазанғап бидің еңбектері жөнінде ақ мәрмәр тастан жазылған қабірүсті ескерткіш орнатқан. Кеңес үкіметі кезінде Қазанғап би кесенесі бұзылып, кірпіштері ауылдағы фермаларға жұмсалған. Кейіннен Рамазанның немересі Абдулфаттах Рамазанов Павлодар (Кереку) қаласындағы Әлкей Марғұлан көшесінде Қазанғап биге арнап Ақ мешіт салғызған.

Баянауыл тауларында «Қазанғаптың асуы», Баянауылға кіреберісте Төлеу бұлағының жағалауында «Қазанғаптың қоралары» атты жерлер бар.

Қазанғап бидің жерленген жері қазіргі Ақсу ауданы Қанаш Қамзин атындағы шаруашылыққа қарасты Балықшы ауылының жанындағы үлкен қорымда орналасқан.

2008 жылы қазан айының басында Ақсу ауданы Жолқұдық ауылында Қазанғап би Сатыбалдыұлының ескерткіші орнатылды.

Дерек көзі:

«Баянаула перзенттері» кітабы.

Соңғы жаңалықтар