Қазан айында Туризм және спорт министрі қазақ боксы мәселесіне арналған жиын өткізеді

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 23-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ағымдағы қазан айында Туризм және спорт министрі қазақ боксы мәселесіне арналған жиын өткізеді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Спорттағы допингке қарсы күрес туралы халықаралық конвенцияны рутификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында Туризм және спорт вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жобаны талқылау барысында депутат Нұртай Сәбильянов бүгінгі қазақ боксының жағдайына назар аударып, бұл туралы вице-министрді әңгімеге тартқан болатын. «Соңғы әлем чемпионаты қазақ боксының құлдырап бара жатқанын көрсетті. Біздің боксымыз осы жолы оңбай  «нокаутқа» түсті. Жалпы, бұл спорт түрінің маңында жақсы мамандар жүр, қаражат та толық бөлінетінге ұқсайды. Сонда қазақтың ұлттық спортына айналған бұл сала неге бұрынғыдан да дамудың орнына кері кетіп барады?», деді өз сауалында депутат Н. Сәбильянов.

Осы сұраққа жауап бере келе  вице-министр Қ. Өскенбаев, елімізде боксқа   қатысты барлық  жағдайлар жан-жақты жасалғанын атап өтті. «Спорттың басқа түрлеріне қарағанда, Қазақстанда боксқа мемлекет тарапынан да, демеушілер тарапынан да бастан-аяқ қолдау жасалып отыр. Сондықтан, бұл бағытта ешқандай кемшілік жоқ.  Ал соңғы додаға келетін болсақ, жаттықтырушылар Бейжің олимпиадасынан кейін елімізде өсіп келе жатқан жас былғары қолғап шеберлерін де әлемдік жарысқа қосу туралы шешім қабылдаған екен. Яғни, әлем чемпионатына қатысқандардың 80 пайызы бұндай әлемдік додада алғаш рет бақтарын сынаған еді. Өкінішке қарай, осы қадамның өзі де қателік болуы мүмкін. Дегенмен де, қазақ боксы мәселесі бойынша қазан айында Туризм және спорт министрі арнайы жиын өткізеді. Мәселенің мән-жайы сол жиында толық талқыланып, алдағы уақытта атқарылуы тиіс шаралар қамтылатын болады», деді вице-министр.   

Соңғы жаңалықтар