Қазалыдағы көпшілік күткен көпірдің құрылысы сыр берді
Жалпы, «Әлсейіт» көпірі ауыл тұрғындарын аудан орталығымен байланыстыратын ең төте жол. Сондай-ақ, бұл көпір арқылы Арал ауданына қарасты бірнеше елді мекеннің халқы Қазалыға қатынап азық-түлігін, ас-суын алады. Әуелде мұның құрылысы басталғанда көпшілік ерекше қуанған еді. Қазіргі жағдайды естіген жұрттың көңілі күпті. Дегенмен жергілікті билік өкілдері нысанды белгіленген мерзім ішінде пайдалануға беріледі деп сендірді.
- Судың көп болып, мұздың жоғары деңгейде қатуына байланысты тіреуіштері отырған. Қазіргі таңда оны бұзып, қайтадан бетон тіреуіш дайындап жатыр. Жобаны жасаған кезде барлығы зерттелген. Қазір құрылысшылар күндіз-түні жұмыс істеп жатыр,- деді облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіхалықов журналистерге берген сұхбатында.
Айта кетейік, «Әлсейіт» көпірінің құрылысы осыдан 2 жыл бұрын басталған болатын. Жоба бойынша нысанның тиісті жұмыстары маусым айында толық бітіп, ел игілігіне пайдалануға берілуі тиіс еді.