Қазалыдағы ауылға ортағасырлық Жанкент қаласының атауы беріледі

None
None
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қазалы ауданына қарасты Өркендеу ауылына ортағасырлық Жанкент қаласының аты беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өркендеу ауылдық округінің әкімі Нәби Үргенішбайдың айтуынша, Қызылорда облыстық мәслихатының кезекті сессиясында депутаттар Қазалы ауданындағы Өркендеу ауылын Жанкент атауына өзгерту жөніндегі ұсынысты мақұлдаған. Бүгінгі таңда бұл құжат облыстық әділет департаментіне тіркеуге жолданған. Енді Жанкент атының ортамызға оралатын сәті қашық емес.

Жанкент - Сыр бойындағы ортағасырлық қала. ХІ-ХІІ ғасырларда Оғыз мемлекетінің астанасы болған шаһардың орны қазіргі Өркендеу ауылының іргесінде орналасқан. Оған алыс-жақын аймақтардан туристер барады және онда археологтар да зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді.

Ал Өркендеу ауылының тарихына тоқталар болсақ, 1945-1949 жылдары осы аумақта Өркенді, Екпінді, Жанкент, Чкалов колхоздары болған. 1963 жылы Энгельс, Жданов колхоздары біріктіріліп, Энгельс совхозы құрылды. 1968 жылы Энгельс атындағы совхоздан Өркендеу совхозы бөлініп шығып, дербес шаруашылыққа айналды. Совхоздың алғашқы директоры Жеткербай Әбжәмиев болып, мектеп, тұрғын үйлер салынып, жаңа ауыл бойын тіктеді.

«Өркендеу ауылына Жанкент деген тарихи атаудың берілуі мерейімізді өсірді. Бұл көптің көкейінде жүрген мәселе болатын. Себебі, патша отаршылдығы мен Кеңес заманында қазақтың жер-су аттарын өзгерту, халықты тарихи жадынан айыру жағдайлары көп болды. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін ауыл тұрғындары мен қоғамдастық мүшелері жиналыс жасап, «Қазалы ауданы, Өркендеу ауылдық округі Өркендеу ауылына Жанкент атауын қайта беру туралы» ұсынысты бірауыздан қолдады», - дейді Өркендеу ауылдық округінің әкімі Нәби Үргенішбай.

Ауылға тарихи атаудың қайта оралғанына тұрғындар да дән риза. Енді олар атағы жер-жаһанға әйгілі Жанкенттен екенін мақтанышпен айтып жүретін болады.

«Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Осыған орай Өркендеу ауылына ескі - Жанкент атауының қайта оралуына ауыл тұрғындары, соның ішінде мен де қуаныштымын. Өйткені бұл жерде әке-анам, ата-бабам өмір сүрген. Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихқа мәлім Қорқыттай дана бабамыз дүниеге келген аумақ - Жанкент атауымен бірге қайта түлеп, жаңғыратынына сенімдімін», - дейді ауылдық кітапхана меңгерушісі Несібелі Нұрадин.

Соңғы жаңалықтар