Қазалыда сот отырысы түнде өтті

None
None
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қазалы аудандық соты «Түнгі сот» пилоттық жобасын іске қосты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазалы аудандық соты баспасөз қызметінің өкілі Ақылбек Қазыбекұлының айтуынша, жоба аясында жол-көлік қозғалысы ережелерін бұзған материалдар сағат 18.30-дан 22.00-ге дейінгі аралықта қарауды бастап кетті.

«Әкімшілік іс бойынша автокөлік басқаруға құқығы жоқ күйде азамат Е. «LEXUS RX 300» маркалы автокөлігін басқарған. Оған қоса, ереже бұзушы тежегіш орнына газ педалін басып, тұрғын үйге соқтығысқан. Соның салдарынан жәбірленушілерге материалдық шығын келтірген. Аталған іс бойынша тараптар уақыттарын үнемдеу үшін және істі қарау мерзімін қысқарту мақсатында сот мәжілісін жұмыс уақытынан тыс, яғни «Түнгі сотта» қарау туралы өтініш білдірді», - дейді Ақылбек Қазыбекұлы.

Түнгі сот әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша азамат Е-ге Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 610-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танып, оған 101 010 теңге айыппұл салды.

Сот отырысы аяқталған соң іс бойынша тараптар түнгі соттың тиімділігін, даудың тез шешілуін, уақыт үнемділігін, істі жұмыс уақытында бөлінбестен шешуге мүмкіндік беретіндігін жеткізіп, оң бағаларын берді.

Соңғы жаңалықтар