Қазалыда попкорн шығарылады

None
None
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қазалы ауылында попкорн шығарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы жолдауында бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау керектігі айтылған.

Қазалы ауданына қарасты Бірлік ауылында тұратын Гүлсая Құтжанова жоғары сападағы попкорн өндіреді. Жаңа тауарға кәсіп иесі «Томпи» деген атау берген.

Ел тұрғындарына Қазалы кәмпиті, «Дәмді» сүтімен танылған Қазалы ауданы енді дәмі тіл үйірер попкорн арқылы тұрғындар сұранысына қызмет етпек. Бүгінде Қазалы, Арал, Байқоңыр және Қызылорда қаласынан аталған попкорн өніміне сұраныс жоғары.

«Мен «Бизнес Бастау» бағдарламасының оқыту курсынан өттім. Аймақтық инвестициялық орталығынан несие алып, кәсібімді бастадым. Несие қаражатына Ресейден 3 құрылғы алып келдім. Қазірдің өзінде үш бірдей қызмет цех жұмыс жасайды», - деді Гүлсая Құтжанова.

Попкорнның нарықтағы құны да қымбат емес. Оны 80 теңгеден алуға болады. Кәсіпорын қазірдің өзінде 20 мың попкорн өнімін өндіреді. Ол ендігіде қораптағы жүгері шығаруға ниетті.

«Мен «Томпи» попкорн өнімін брендке айналдырғым келеді. Өнімнің қаптамасында тақия киген смайлик бейнесі тұр. Яғни, отандық өнім екендігін білдіру мақсатында осылай жасадық. Попкорнды халыққа кеңірек таныстыру үшін сауда орталықтарымен келісімге келуді жоспарладық. Қызылорда қаласында халық жиі баратын «Магнум» сауда орталығында попкорн сатылмайды екен. Сондықтан біздің өнімімізді ірі сауда нүктелеріне шығару ісін қолға алдық»,-деді кәсіпкер.

Бұдан бұрын Қызылордада агроөнеркәсіп кешен саласында 148 жоба жүзеге асатынын хабарлаған едік.

Соңғы жаңалықтар