Қазалыда мектеп аумағын су басты

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА.  ҚазАқпарат - Қызылорда облысындағы  Қазалы ауданына қарасты Аранды ауылында №97 мектеп аумағын кеше, 11 наурызда су басты. Осыған байланысты аталмыш білім ұясында сабақ тоқтатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Облыс əкімінің орынбасары Серік Сүлейменов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов жəне облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Омар Бержанов бастаған жұмыс тобы аймақтың солтүстік аудандарында су тасқынының алдын алу жұмыстарын пысықтау барысында Арандыдағы №97 мектепке барып, нысанның жағдайымен танысты.

Комиссия мүшелері су алған аумақ пен мектеп ғимаратын көрген соң ғимаратқа түскен сызат пен еденнің көтеріліп кетуіне байланысты оқу процесін тоқтату туралы шешім қабылдады.

Облыс əкімінің тапсырмасына сəйкес құрылған сарапшылар комиссиясы мектептің техникалық жағдайын кешенді түрде зерттеп, оқиғаның себебін анықтайды. Облыстық білім басқармасы оқушылардың білім алу процесі тоқтамайтынын мəлімдеді. 12 наурыздан бастап мектеп мұғалімдері мен 98 оқушысы көршілес Қожабақы ауылындағы №25 мектепте екінші ауысымда оқитын болды. Ұстаздар құрамы мен оқушыларды тасымалдау үшін Қазалы ауданы əкімдігінен арнайы көлік бөлінді», делінген өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан хабарламада.

Әділет Қаңтарбаев 

 

Соңғы жаңалықтар