Қазалыда балаларды азғындыққа итермелеген екі ер адам жазаланды

None
None
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Жыл басынан Қызылорда облысы Қазалы ауданында кәмелетке толмағандарға қатысты екі жыныстық қол сұғушылық қылмысы орын алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат аудандық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазалы аудандық сотында "Жас балаларды азғындық жолға түсірудің алдын алу" тақырыбында жиын өткен болатын. Басқосуда судья Марат Оспанов соңғы жылдары ауданда кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғушылық қылмыстарының орын алуына алаңдаушылық білдірді.

«Статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы кәмелетке толмағандарға қатысты 2 жыныстық қол сұғушылық қылмысы жасалған. Дәлірек айтсақ, 16 жасқа толмаған қыздарға ересек ер адамдар азғындық жасамақ болған. Екі факті бойынша да айыптылар жазасын алды. Сондықтан, ата-аналар балаларының жүріс-тұрысын жіті бақылауда ұстағаны абзал», - деді ол.

Жиынға қатысушылар жыныстық қол сұғушылық қылмыстарының алдын алу мақсатында білім мекемелерінде ай сайын оқушылармен, олардың ата-аналарымен, мұғалімдермен құқықтық түсіндіру жұмыстарын өткізу керектігін жеткізді. Сондай-ақ, олар осы мәселе бойынша бейнеролик дайындап, интернет-ресурстарға орналастыратын болып келісті.

 

Соңғы жаңалықтар