Қазалыда ауыл тұрғыны тұшпара шығаратын цех ашты

None
None
ҚАЗАЛЫ. ҚазАқпарат - Қазалы ауданы Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Бақытгүл Айнияз «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 500 мың теңге мемлекеттік грант алып, тұшпара шығаратын цех ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытгүл кәсіптен нәсіп тауып отырған шаңырақтың анасы. Яғни, отбасы мүшелерінің барлығы дерлік жеке кәсіппен айналысады. Жолдасы Панабек мал шаруашылығы және мал азығын, шөп дайындаумен айналысатын «Еріш Өмірбек» шаруа қожалығының иесі. Ал, ұлы Тоқтар Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығынан екі миллион теңге жеңілдетілген несие алып, ауылдан «Қанатбек» деген атаумен шағын наубайхана ашты. Сонымен қатар, «Жұлдыз» аралас заттар дүкенінің де жұмысын дөңгелетіп отыр.

Бақытгүл көп жылдар ауылдық кітапханада қызмет етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан. Әркез жұмысымен қатар, бала тәрбиесін, отбасылық кәсіптің берекелі болуына ұйытқы болды. Өнегелі шаңырақтың келіні Бақытгүл ас дайындаудың да шебері. Ол нан, тәтті тоқаштар мен торттың түр-түрін пісіріп, ұлы Тоқтардың наубайханасының сәнін келтіруден жалыққан емес. Енді өз қолымен тұшпара дайындап, тұтынушылар игілігіне ұсынбақ.

«Тұшпара өндіру - аса көп шығынды талап етпейді және дер кезінде қайтарымы да болады. Оны дайындау кезінде сиыр етін қолданбақпын. Тұшпарамен қоса манты, тартылған ет өндіруді жоспарлап отырмыз. Дайын өнімді азық-түлік дүкендеріне өткізбекпіз. Тұшпара дайындау үшін алдымен қамырды одан кейін фаршты дайындап аламыз. Сосын түйіп, қатырып, ораймыз. Цехты техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін жол жүрмекпін. Ойға алған кәсібімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік грантқа қол жеткізгеніме қуаныштымын. Бұл біздер үшін үлкен көмек», - дейді кәсіпкер.

Соңғы жаңалықтар