Қазалыда Абай шығармаларын түгелдей жатқа білетін оқушы тұрады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентінде тұратын оқушы Аяулым Әзеннің есте сақтау қабілеті ерекше. Ол Абайдың 45 қара сөзін, 200-ден астам өлеңі мен 3 поэмасын жатқа біледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде Аяулым Әзен тоғызыншы сыныпта оқиды. Бала кезінен ол Абай өлеңдерін жаттауға құмартқан. Оған әкесі Жеңісбек Аралбаев әсер еткен. Содан бері Аяулым қазақтың ұлы ақынының шығармаларына қызығушылығы артып, оның бүкіл шығармашылығын жаттап алуға көңіл бөлген. Сондай-ақ, Аяулымның есепке де жүйркітігі байқалады. Оның ұстазы Майра Омарова шәкіртінің өте ұқыпты екенін жеткізді. Абай шығармаларын бастан-аяқ жаттап алу - екі адамның бірінің қолынан келе бермейтін қасиет.

Оның айтуынша, Абайдың өлеңдерін жаттауда мен өз әдісіне сүйенеді. Ең басты назарда ұстанатыны - әрбір өлеңнің, әрбір шығарманың мазмұнына терең үңіліп, оны зердеме тоқу.

«Ғұламаның шығармаларын оқыған сайын менің жан-дүнием байып, рухани мол қазынаға ие боламын. Мен бала кезімнен оқуға көңіл бөліп, білім алуға әуес болдым. Осы арқылы мен білікті маман атанып, елге қызмет еткім келеді», - деді Аяулым..

Аяулым Абайдың қара сөздерін жатқа айтушылар арасындағы республикалық байққауда үшінші орын алған. Былтыр «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауында да Қобыланды батыр жырын жаттаушылар өрендер арасында жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Әкесі Жеңісбек Аралбаевтың айтуынша, мектеп табалдырығын аттағаннан кейін барлық сабаққа жақсы қабілетін көрсетіп, озат оқушы атанып үлгерген. Зерек қыз Абайдың өлеңдерін алғашқыда бір-екі шумақтан зердесіне тоқыса, одан кейін өлеңді толығымен жаттайтын жағдайға жетті.

«Аяулым - қыздарымның тұңғышы. Әр ата-ана баласының жетістікке жеткенін, биіктерден көрінгенін қалайды. Мен де қызымның сабаққа деген ынтасын арттыру мақсатында көп қадағаладым. Әдепкіде математикаға деген құштарлығын ескеріп, осы бағыттарда жұмыс жасадық. Одан кейін, Абай атамыздың өлеңдеріне ден қойғыздым. Өлең-жыр кез келген жанға жігер мен шабыт сыйлайды. Есте сақтау қабілетін де арттыратыны тағы бар», - деді әкесі Жеңісбек Аралбаев.


Соңғы жаңалықтар