Қазақтың жас нокаутеры кезекті жеңісіне жетті

None
None
 АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО) кезекті рет нокаутпен жеңіске жетті. Бұл жолы ол аргентиналық Джонатан Барбадиломен (17-4-1, 14 КО) жұдырықтасты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айдос Ербосынұлы бірден өз қарсыласын қыспаққа алды. Ауыр джебтері діттеген жеріне жетіп, қарсыласын есеңгіретіп отырды. Ал бірінші минуттан кейін аргентиналық боксшы нокдаунға түсіп қалды. Дегенмен, қайта тұрып, жекпе-жекті жалғастыруға келісті. Айдос болса, бірден ауыр соққыларын жаудыра бастады. Сөйтіп, өз қарсыласын тағы сұлатып тастады. Джонатан тұрды. Алайда көп ұзамай, оның бапкері шаршы алаңға сүлгі тастап, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.

«Жекпе-жекке дейін жарақаттарым болған. Дегенмен, жеңіске жете білдік. Барлығына алғысымды айтамын. Алдағы уақытта әлем чемпионы болуға тырысамыз», - дейді Айдос Ербосынұлы.

Бүгінгі бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қанат Ислам (24-0, 19КО) канадалық Брэндон Кукке (18-0, 11КО) қарсы шығады. Олар бірінші орта салмақтағы WBA Inter-Continental және WBO-NABO нұсқасының чемпиондық атақтарын сарапқа салады.

Бокс кешін «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетіп жатыр. 20:00-де «Qazaqstan» ұлттық арнасы да тікелей эфирге шығады. Бұдан бөлек, Fite.tv интернет арнасы, сондай-ақ TVtibi мен Flipps арқылы тікелей репортаждар жүрігізеді.

Алғашқы жекпе-жекте қазақстандық боксшы Мейірім Нұрсұлтанов бір минуттың ішінде өз қарсыласын нокаутпен жеңді.

Ал «Нью-Йорктың үздік полицейі» Димаш Ниязов елірген қарсыласын сабасына түсірді.

Соңғы жаңалықтар