Қазақтың үркіншілік тарихы туралы Үндістандағы дерек: татар шапқыншылығынан кейін болмаған моңғол көші

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетіне қарасты Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Қилы заман көші – құжаттық деректерде» атты халықаралық ғылыми-танымдық дөңгелек үстел өтті. Онда қазақтың үркіншілік тарихына қатысты Үндістанда табылған тың деректер туралы сөз болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетерлігі, ғылыми ізденістер нәтижесінде, қазақ халқының жерінен айырылып, талай ауыр кезеңді бастан кешіріп, ежелгі тұрағынан үдере көшкен кезеңдеріне қатысты маңызды деректер Үндістан Ұлттық архив қорларындағы құжаттардан анықталған. Қытайдың Алтай және Баркөлден басталған көш Гансу, Шынқай, Тибет, Үндістан, Пәкістан жерлерінен тұрақ таппай аман қалған өр рухтыларымыз туысқан Түркия еліне қоныстанғаны белгілі.

Тарихи деректер бойынша, Қытай империясынан қысым көрген қазақтар Тибет асып, Үндістанға өтуді көздейді. Сол жолы Үнді елінен табылған құжаттар қилы заман көшіне қатысты тың деректер қатарына жатады.


Дөңгелек үстелде келтірілген деректерге сүйенсек, ХХ ғасырдың орта шенінде Қытай империясынан қысым көрген Алтайдағы қазақтар Тибетті басып, Гималай үстіртін асқан кезде 1941 жылы 3000 қазақ Үндістанға жетеді.

Үндістан ұлттық архивінде босып келген қазақтардың көші туралы «Кашмирге татар шапқыншылығынан кейін болмаған ерекше керуен, моңғол халқының көші келді», деп көрсетілген екен.

«Қараша айының соңына қарай Кашмирге татар шапқыншылығынан кейін болмаған ерекше керуен, моңғол халқының көші келді. Мұсылмандар, ерлер, әйелдер мен балалар, олар ішінара діни және саяси себептерге байланысты, сонымен қатар экономикалық ыңғайлылықты іздеп Үндістанға келді. Олар Кашмирге 4000 жылқы, 3000 түйе және 2000 қоймен жетті», - делінген нақты деректерде.


Сонымен қатар құжаттарда, 1948 жылы 14 ақпанда Калькуттадағы Қытайдың Бас консулдығы «Кашмирге 1941 жылы Шыңжаң өлкесінен 3000 қытайлық қазақтар келді, олар Үндістанның ауа райына бейімделмегендіктен аурулардан және басқа да себептермен қайтыс болды. 1943 жылы шамамен 500 қазақ Бхопал штатындағы босқындар лагеріне орналастырылды» делінген құнды деректер де кездеседі.

Халықаралық дөңгелек үстелге онлайн қатысқан Түркияның Ыстанбұл қаласы Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдуақап Қараның айтуынша, Алтайдан басталған осы қаралы көштің ең алғашқы кездегі адам саны туралы болжамдар әртүрлі.

«Соның ішіндегі ең аз көрсеткіші - 18 000 адам. Олардың өлгені бар, жолда қалып қойғаны бар, Үндістан шекарасынан өткені - 3036 адам. Қазақтар Үндістан жеріне жеткен соң да ауа райы жақпай 2000-ға жуығы қайтыс болған. Аталған елде 12 жыл тұрып, кейіннен Түркияға жеткені 1800 ғана адам екен», дейді ол.

Соған қарағанда бұл қасіретті көште әрбір он адамның тек біреуі ғана Анадолы жеріне жеткен көрінеді.



Соңғы жаңалықтар