+7 (701) 759 90 19
USD 435.76 EUR 493.41
RUB 5.89 CNY 68.37
Jańalyqtar

Қазақтың ұлылары бейнеленген теңгені қайта енгізуге болады -Меңдібай Алин

2016 жылғы 12 қазан 17:25
Бөлісіңіз:
Қазақтың ұлылары бейнеленген теңгені қайта енгізуге болады -Меңдібай Алин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ұлттық валютаның тарихына арналған жиында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Дина Ғалиева ақшаның құны ғана емес, дизайны да халықтың сана-сезіміне, тіпті қаржы жүйесіне деген сеніміне де әсер ететінін растады. Осыдан теңгенің алғашқы нұсқасы - бұрынғы портреттік сериялар еске түседі. «Шындығында, портреттік серияны адамдар жақсы қабылдайды. Неге? Себебі ондай банкноттар халыққа жақын, азаматтардың ондай ақшаға деген сенімі күшті. Бұл - менің жеке пікірім. Ал портреттік серияны шығару, я болмаса, шығармау мәселесі дизайнерлерге байланысты. Біз олардың ұсынған үлгілеріне қараймыз», - деді Дина Ғалиева журналистерге берген сұхбатында. Осыған байланысты біз теңгенің алғашқы үлгілерін салған авторлардың бірі - Меңдібай Алинмен әңгімелесіп, халықтың көңілінен шыққан ұлттық валютаның сериясын қайта айналымға енгізу мәселесі төңірегінде ой қозғаған едік. Өз сөзінде «теңгенің әкесі» атанған дизайнер бертін келе банкнотқа түскен алақанның мағынасын да түсіндіріп берді.

- Меңдібай Қойшыбайұлы, халық арасында теңгенің алғашқы үлгілеріне деген сағыныш сезімі бар. Ұлттық валюта туралы әңгіме қозғалса, қазақстандықтар алғашқы банкноттарды еске алып, оны қайта енгізсе екен деген тілектерін жиі айтады. Жалпы осы портреттік серияны айналымнан алып тастаудың себебі неде болды?

- Жалпы ақша банкноттарының өзгеруі қорғаныс элементтеріне байланысты ғой. Бұдан бөлек, саясат та бар. Банктің саяси-экономикалық бағытына да тікелей қатысты. Бастапқыда портреттік сериялар шыққанда бұған үрке қарағандар да болған. «Қазақ халқының ұлылары қолдан-қолға көшіп жүреді. Ақша кірленеді, жерде жатады» деген әңгімелер көп болды. Содан адамдар екіге бөлініп, пікірталастар туындайтын.

null

Сосын тағы бір маңызды мәселе бар. Бүгінде қолма-қол ақша айналымы саласында халық банкомат сияқты аппараттарды кеңінен қолданады. Оған техникалық жағынан сәйкес келетін ақша болуы қажет. Мәселен, банкомат 6-7 жыл бұрын шыққан банкноттарды қабылдамауы мүмкін. Сол себепті техникалық заман талабына сай валютаның дизайны да өзгеріп отырады.

- Сонда қалай? Қазақтың ұлы тұлғалары бейнеленген банкноттарды шығарсақ, оны банкомат қабылдамай қоя ма? Жоқ, әлде ондай суреттер қорғаныс талаптарына сай келмей ме?

- Жо-жоқ, бұл аксиома емес. Ол портреттік серия бола ма, архитектура бола ма немесе пейзаж бола ма, бұның барлығы - дизайнның элементтері ғана. Алайда белгілі бір элемент жылдар бойы өзгеріссіз қайталануы тиіс деген талап та жоқ. Ол кез келген өнер сияқты үнемі өзгеріп отырады. Мәселен, швейцариялық банкнотта таза абстракт бейнеленген. Қазіргі кезде ол елдің ұлттық валютасы қол мен алақанның ишара белгілеріне арналған. Естеріңізде болса, 2006 жылы бізде де осы іспетті банкноттар шыққанда барлығы бірдей оны дұрыс қабылдай алған жоқ. Алақанға қатысты теріс реакциялар да болды. Енді, ақша дизайны саласындағы жаңалықтарды бәрі біле бермейді ғой. Сондықтан алақаны бар біздің валютамыздың мән-мағынасын әркім әрқалай түсініп, сан-сақа жүгіртті.

null

- Демек, біз ол алақанды батыстан алдық па?

- Жоқ, алақан - бұл ежелден келе жатқан белгі. Батыс Қазақстан облысында табылған петроглифтерде ондай алақандар жиі кездеседі. Алақанның мағынасы - сенім, достық пен ашық қоғамның белгісі. Ол жайында талай рет айтылды, жазылды да. Керек болса, қазір Швейцарияның банкнотында екі бірдей қол бар. Біреуі суды білдірсе, екіншісі ауаның белгісі іспетті.

- Сонда бүгінде қол болсын, алақан болсын, бұрынғы портреттік серия болсын, ешбір қиындықсыз қайта шығаруға болады. Солай ма?

- Әлбетте, өнерде шектеу жоқ. Қазақтың тарихын жазған ұлы тұлғалар ел жадында ойып тұрып орын алған. Оған ешкім дау айтпас. Ондай банкноттарды шығаруда техникалық жағынан да ешқандай қиындықтар болмайды деп ойлаймын. Оның бәрі бізде бар. Ең бастысы, діттеген идеяны шығармашылық жағынан дұрыс іске асыра білу керек. Қалғаны қиын емес.

null

- Ақша салудың хас шебері болғаннан кейін сіздерді қатты бақылауда ұстаған шығар?

- Кеңес үкіметі кезінде рубльдің заңсыз көшірмесін жасағаны үшін қатаң жаза қолданылатын. Сол себепті жалған ақша жасаушылар да аз болды. Әлі есімде, жалған ақша жасауға байланысты бірнеше атышулы сот процестері өтті. Соның өзі бүкіл одаққа жарияланып, ондай әрекетке барамын деушілердің айылдарын тартуына себеп болды.

null

- Ал Қазақстан одақтың құрамынан шығып, Тәуелсіздігін алғаннан кейін жалған ақшаны жасау саласындағы қылмыстық заңнама сақталды ма?

- Әрине, тәуелсіз мемлекет болып бөлініп шыққаннан кейін де жалған ақша жасау әрекеттері үшін қылмыстық жаза қатаң болды. Артынан Қазақстан осы саладағы халықаралық тәжірибені енгізіп, ұлттық валютаның қорғау элементтерін күшейте түсті.

- Әңгімеңізге рақмет!

null null

Әңгімелескен Арман Асқаров

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Арман Асқаров

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059

MURAǴAT