Қазақтың ұлттық киімі күнделікті тұрмыста сәнге айналмай тұр - қолөнерші

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Мейрам Рысбаевты білетіндер «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат деп атайды. Мейрам Әбдірахманұлы өнерді үйрен де жирен ұстанымымен өмір сүреді. Өлкетану, қолөнер, емдік шөптер, жалпы жоғалып бара жатқан ұлттық асыл мұрамыздың біразынан хабардар азаматпен ҚазАқпарат тілшісі әңгімелескен еді.

- Мейрам Әбдірахманұлы, өзіңізді таныстырып кетсеңіз. Қай жердің тумасысыз, қайда оқыдыңыз, қандай мамандық алдыңыз?

- Мен М.Жұмабаев ауданының Сарытомар қазақ ауылында туып-өстім. Сол жерде білім алдым, кейін әскер қатарына кетіп, келгеннен кейін 1983 жылы Щучье қаласындағы орман шаруашылығы техникумында «ағаш шебері» мамандығын алып шықтым. 1985 жылы ағаш қорғаушы болып еңбек жолымды бастадым. Табиғат аясында жүріп, оның тылсым сырына қанықтым. Осы салада 25 жыл еңбек еттім. Кейін Мәдениет үйінің директоры болдым. Бұл салада да көп жыл қызмет еттім, ұлттық мерекелерді ұйымдастыруда бел ортасынан табылатынмын. Қазір аудан орталығы Булаевта «Достық» саябағы бар, сонда меңгеруші болып қызмет етемін. Аудандық ассамблеяда қазақ бөлімін басқарамын. «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазымыз.

- Қолөнермен айналысуға не себеп болды, неше жыл болды айналысып жүргеніңізге?

- Қолөнермен айналысуыма атам себепші болған шығар. Бала күнімде қасынан қалмай, жұмсаған жеріне барып, сұрағанын әкеліп беретінмін. Атам қамшы өрді, тері илейтін, жылқының жалы мен құйрығын тастамай арқан есетін. Мұның бәрін қасында жүріп үйрендім. Әдемілеп безендірілген жүген, ноқта, доға, жалпы ат әбзелдерін өзім істей беремін. Бұрын кеңес кезінде наурыз мейрамы жоқ, бірақ қысты шығарып салу мерекесі болатын. Үш атты жегіп алып, ауыл көшелерінде ән шырқаймыз, ат-шананы әдемі безендіруден байқау өтеді. Содан үнемі бірінші орын алатынмын. Кейінгі ұрпаққа қолөнерді мұра етіп қалдыру арманым. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүр жоғалмаса екен, бізден кейінгі ұрпақ көріп жалғастырса екен деген тілек.

- Қолөнердің қандай түрлерін меңгергенсіз? Қандай материалдармен жұмыс істейсіз?

- Тері илеймін, соның ішінде борсықтың, қоянның, түлкінің, қасқырдың терісін илеймін, одан тон, тымақ, бөрік тігеміз. Бәйбішем де ісмер, қыз жасауын, киіз үйдің керек-жарағын, ұлттық киімдерді тігеді. Ауылдастарымнан тігіп берші деген тапсырыс жиі түседі. Алушылар бар, бірақ басқа өңірлермен салыстырғанда аз, қазақтың ұлттық киімі күнделікті тұрмыста сәнге айналмай тұр.

Ағаштан түрлі бұйымдар жасаймын.

Соңғы кезде мектепте орта буын балаларына асық ойындарын үйретіп жүрмін. Садақпен жебе атуды үйретемін. Ләңгі ойынын жандандырып жатырмын.

80-90 жылдары орманшы болып жұмыс істеп жүргенде қолыма қаршыға, күйгентай, қарақұсты үйреттім. Үйде дала үйрегін, қараша қаздың балапандарын асырадым, түлкі-қоянды өсірдім. Бірақ бәрін қоя бердім. Атам марқұм, аңды шешесінен айыруға болмайды, балам, асырадың екен, күзде жібер дейтін. Үйрек-қаз күзде ұшып кетті. Қоян-түлкіні орманға апарып жібердім.

- Ұлттық салт-дәстүрді жандандырып жүрген жанның бірісіз. Қолөнерден басқа емдік дәрілік шөптер жайында да зерттеп, біраз мағлұмат жинаған екенсіз. Бұл қызығушылық қайдан пайда болды? Қанша жыл болды онымен айналысып жатқаныңызға?

- Кітаптан, журналдардан емдік шөптер жайында іздеп жүріп оқитынмын. Орманда, табиғат аясында өткен 25 жылым әсер етсе керек. Кең далада небір өсімдік жайқалып өсіп жатыр, ол – білгенге ем, білмегенге – у. Білмекке құштарлық орманшы болып жүргенде пайда болды.

Көпшілік жолжелкеннің қасиетін біледі, жараға қойса, ол іріңді алады, тез жазылуға септеседі. Сондай-ақ итмұрынды да күнделікті өмірде қолданатындар бар. Бұл бұта жемісі дәрумендерге бай. Әсіресе иммунитетті жақсартатын қасиеті бар.

Түймешетен деп аталған өсімдік менің қызығушылығымды оятты. Ол біздің Қызылжар өңірінде өседі, Алтайда да кездеседі екен. Осы қасиеті күшті шөпті мен уақытында жинап, кептіріп, емге қолданам өз отбасымда. Моншаға түсер алдында кепкен түймешетенді қайнаған суға салып, бұқтырып қоямын. Кейін сол суын бу бөлмесінде қолданып, тастың үстіне құямын. Әлгінің қасиеті – монша қанша ыстық болса да, жүрегің қақпай отыра бересің. Ішкі құрылысқа әсер етіп, кеудені ашады, әсіресе суық тигенде жақсы, қақырық түсіреді. Адам бір жеңілденеді, ертеңіне қанат біткендей сезімде жүресің. Тұнбасын ішуге де болады, бірақ зиян көрмес үшін дұрыс пайдалана білу керек. Оны біз отбасымызбен аптасына бір рет қолданамыз. Тағы бір қасиеті - жаңа басталып келе жатқан обыр ауруына тосқауыл болады екен.

Бұл шөп буындағы ауырсынуды да басады. Ол үшін шай орнына ішкен жөн. Әйгілі Ванга түймешетеннің кептірілген гүлінің 50 грамын 0,5 литрлік мускат шарабына салып, 8 күн тұндыруға кеңес берген екен. Оны күніне 2 рет 1-2 ас қасықтан астан жарты сағаттан кейін ішкен дұрыс.

Ал біз коронавирус пандемиясы кезінде осы шөппен қорғандық. Бал, алма сірке суын және түймешетеннің суын араластырып, таңертең аш қарынға ішіп отырдық. Барлығы бірінен соң бірі ауырғанда, бізді вирус алмады. Қазір оны айына бір рет курспен ішуді әдетке айналдырдым. Қайнатып, суытып, сүзіп тоңазытқышқа қойып қою қажет. Жай да іше беруге болады.

Өзіме ұнаған тағы бір шөп – түймедақ. Оның да денсаулыққа әсері күшті. Іш кебуде, іш өтуде қолданылады. Терлеу үшін, шаншу тигенде ішеді. Сондай-ақ, ол бактерияға қарсы қасиеттерге ие, сондықтан оны жараларды тазартуға немесе шаюға арналған. Бұл шөпті моншада пайдалануға болады. Шашты жусаң жібектей етеді.

Әр шөптің өз жинайтын уақыты бар, оны да ескеру керек. Кейбірін таң ертесінен жинайды, енді бірін түнде ғана жұлу қажет. Сақтауда да белгілі бір технологиясы бар. Мәселен түймешетенді шілденің соңы тамыздың басында жинаймын. Байлап, қараңғы жерде кептіремін. Әбден кепкеннен кейін іліп қоямын.

Мұның бәрін білгеніммен мен емшілікпен айналыспаймын, білгенімді өзіме, отбасы мүшелеріне ғана қолданамын.

- Әлі де үйренсем екен, осыны істеу керек деген арманыңыз бар ма?

- Жақында Жезқазғанға барып келдім. Онда Қазақстанды жаяу жүріп өткен Сәрсенбай Қотырашевпен кездестім. Екеуіміздің мұратымыз бір болып шықты. Ол кісі қазақтың шеберлерін Астанаға жинамақшы, ұлттық өнерді дамытуға, насихаттауға үлесін қоспақ. Алла қаласа, Сәрсенбай ақсақалмен бірге жаяу Меккеге барамыз деп шештік.

- Әңгімеңізге рахмет!


Соңғы жаңалықтар