Қазақтың ұлттық идеясына ұйытқы болған бірінші баспасөз - Мұқамеджан Сералиннің «Айқап» журналы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 3 мыңнан бастам басылым тіркелген. Ол бүкіл ақпарат кеңістігінің 84 % құрайды.

Республика бойынша шығатын 119 журналға, 42 газетке жазылуға болады. Бұл қазіргі жетістік. Ал осының бастауында не тұрды? Әлбетте «Айқап» журналы. «Айқап» дегенде ойға міндетті түрде Мұхамеджан Сералин түседі. Иісі қазақ үшін бұл екі атау егіз болып кеткен. Мұхамеджан Сералин Троицк қаласында 1911 жылдың қаңтарында «Айқап» журналының алғашқы санын жарыққа шығарып, бүкіл қазақ қауымының өміріне бұрын-соңды болмаған өзгеріс әкелді.

Мұхамеджан Сералин сол кездегі патша өкіметі жасаған әкімшілік бөлініс бойынша Қостанай уезі Шұбар болысына қарасты 5-ші ауылда дүниеге келген. Қазір ол Қостанай облысы Қарабалық ауданының Өрнек ауылы аталады. Сөзге құмарлық, тілге өткірлік қанмен дарыса керек. Әкесі Серәлі елге әйгілі, аузы дуалы ақын болған. Оның халық есінде қалған жырлары кейін зерттеушілер назарына ілігеді. Сөйтіп, бірнеше рет басылған «Бес ғасыр жырлайды» антологиясында жарық көрді.

ҚАБДЕШ ЫДЫРЫСОВ

Тарих және қоғамдық ғылымдар Академиясының академигі, профессор

Қырық жыл бұрын кандидаттық диссертациямды Мұхамеджан Сералиннің қоғамдық еңбектері туралы ғылыми еңбегіммен қорғадым. Он бес жыл бойы ол кісінің өмірі мен атқарған жұмыстарын зерттедім. Барлық дүниелерді сол еңбегімде қамтуға тырыстым. Кандидаттық диссертациямды Мәскеуде, Совет Одағының мықты ғалымдарының алдында сәтті қорғап шықтым. Ғылыми жетекшім әйгілі заңгер Салық Зиманов ағамыз болды.

Мұхамеджан Сералиннің өмірі өте күрделі кезеңдерде өтті. Ол қылышынан қан тамған патша заманында өмір сүрді. Сондай-ақ Сталиндік дәуірді де басынан кешті.

Коммунистік билік кезеңінде ұлттық ғылымды шынайы зерттеу, әсіресе ұлттық тарихты зерделеу өте қиын болғаны белгілі. Патша заманы ғана емес, кешегі кеңестік заманды алатын болсақ, ол кезде екі қағида басшылыққа алынды. Біріншісі - таптық қағида, екіншісі – партиялық қағида. Міне, осы қағидаға байланысты кейбір ұлтттық тұлғаларды зерттеу қатты қиыншылықтарға, тіпті сәтсіздіктерге ұшырап отырды. Осындай кездерде ұлттың қайраткерлерін зерттеу үшін ғалымдар әртүрлі айла, әдістерге баруға мәжбүр еді. Сондай әдістерді пайдалану қажеттілігін академик Халық Зиманұлы үйретті. Мысалы, Мұхамеджан Сералинді патшалық дәуірде ұлтшыл деп атаған. «Националист до мозга костей» деп. Ал енді кеңестік дәуірде оған діншіл айдары таңылды. Коммунистік партияға көзқарасы ұнамды.

Осындай күрделі кезде Салық Зиманов КПСС Саяси Бюросының мүшесіне кандидат, СССР Мәдениет Министрі Демичевтің хатын берді. Осы хатты негізге алып, Сералиннің шығармашылығын кандидаттық тақырыпқа ал қандай ғылыми зерттеулер жүргізілуде, нендей іс-шаралар қолға алынған екен соны анықта деді. Міне осыны көрсетіп, солайша ғылыми еңбегіміздің қажеттілігін ақтап шығамыз деген дуалы ауызды ағамыз. Солайша Мұхамеджан Сералиннің шығармашылығын зерттеуге кірісіп кеттім.

1974 – 1986 жылдары Совет Одағының Мәдениет министрі болған Пётр Демичевтің Сералинге қатысты хаты қалайша дүниеге келді? Оған себеп, сол кезде Мәскеуде тұрған Қазақстан компартиясының партия ардагері Қазанғапов деген азамат екен. Сол кісі Мәдениет министріне хат жазып, қазақтың тұңғыш журналын шығарған үлкен күрескер, қайраткер Сералиннің есімі аталмай, ұмыт қалуда деген сынайда сұрау салған. Партия ардагері Қазанғаповтың хатымен танысқан Демичев Қазақстандағы Мәдениет министрлігіне Сералиннің еңбегін зерделеп, осы мәселені қолға алу керектігін баса атап тапсырма берген.

Еліміздегі үлкен ғалым ағамыз Бейсенбай Кенжебаев Сералинді тұңғыш зерттеген ұстазымыз. Бейсекең өз бетімен, өз қаражатымен, өз күш-қуатымен «Журналист Сералин» деген тұңғыш кітап жазды. Сералинді көрген адамдармен кездесіп, олардың естеліктерін қағазға түсірді.

Сералиннің еңбектерін жан–жақты зерделеуге Салық Зимановтың бастауымен құрылған топ ерекше жұмыс істеді. Мен Сералин туралы қандай еңбектер бар, кім не жазған, соның библиографиясын тізіп шықтым. Сонан кейін, сол кісі туралы білетін адамдармен кездестім, архивте қандай материалдар бар соны жинадым. Сол зерттеулердің нәтижесінде, Салық Зиманов екеуміздің авторлығымызбен «Общественно-политические взгляды и деятельности Сералина» деген монография шықты.

«Айқап» журналының шығуы - өте бір қызық, үлкен тарих. Мұхамеджан Сералин өмір сүрген заманда Қазақстанда жоғары білім алған қазақтар аз болмады. Патшалық Ресейдің орталық қалалары Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Ригада, Киевте, Варшавада оқыған, тіпті Европада білім алған қазақтар болған. Сонымен қатар елде байлығы асқан адамдар жеткілікті еді. Бірақ олардың ешқайсы халықты ағарту жолында журнал шығару туралы ойланбады. Мұхамеджан Сералин осыған налып, «апырмай пұлы барлардың ынтымағы жетіспейді, ынтымағы барлардың пұлы жоқ»,- деп налитыны бар. Сөйтіп, 6 млн-дай қазақтың арасында бірімен-бірі табысар, бірде-бір уақытылы шығатын мерзімдік ақпарат жоқ, газет жоқ, ия журнал жоқ. Бірімізді біріміз танымаймыз, білмейміз. Сондықтан осы ұлан байтақ территорияда жатқан халықты бір-бірімен таныстыратын, зиялыларды табыстыратын баспасөз керек еді деп, журнал шығаруға ұмтылдым. Тәуекелге бел байлап қазақтың тұңғыш журналын шығаруды бастап жібердім дейді. Сол кездегі Сералиннің жазбаларын оқысаңыз: «Айналып кетейін халқым көмектесті. Біреуі бір сом берді, біреуі он сом берді, біреу жүз сом берді. Сөйтіп халықтан жиналған ақшамен журналды шығардық. Үлкен көмек көрсеткен Троицкінің үлкен купеці, мецсенат Яушов болды. Яушов алғашқы қаражатты, қомақты соманы берді. Бұдан басқа, қазақтың сол кездегі көрнекті қоғам қайраткерлері Мартбеков, тағы басқалар көмектесті. Екінші көмектескен адамдар – бұлар сол Троицк қаласындағы қызмет жасайтын, еңбек ететін татар, қазақ зиялы қауымы болды. Мысалы, Иркасов тағысын тағылар. Осылар журналды шығаруға көмектесті»,- деп жазған.

«Айқап» неліктен 1915 жылы жабылып қалды? Мұхамеджан Сералиннің өзінің айтуынша – жабылып қалу себебі, бұл – дүниежүзілік соғысқа байланысты болған. Халықтың жағдайы нашарлады, ақша тапшылығы да сезілді. Сондықтан біз осындай алапат соғыс болып жатқан кезде журналды шығаруды тоқтаттық дейді.

Бірақ бұл жерде журналдың жабылуына Мұхамеджан Сералиннің патшалық цензорлармен кейбір көзқарасының қайшылығы да себеп болған. Әсіресе цензор Кучкинмен келісе алмаған. Сералин патша үкіметінің саясатына қарсылық белгісі ретінде журналдың кейбір беттеріне ешнәрсе жазбай таза ашық парақтар шығарған. Цензордың, патша үкіметінің ұлттық мәселелерде көрсетілген қиянатына осылайша келіспеушілік білдірген. Өте әдепті, эзоп тілімен. Цензор Кучкин Сералинге «сен патша үкіметінің сенімсіз адамысың, біздің үкіметке, біздің саясатқа сенің журналың да сенімсіз»,- деп «Айқапты» жауып тастаған.

1915 жылы «Айқап» осындай саяси себептермен шығуын тоқтатты. Әрине қаржы тапшылығы да болған. Елден келетін хат–хабар да, халықтан түсетін ақша да азайған. Елді аралап, өзі қаражат жинаған. Сондай бір ел аралап жүрген кезде Мұхамеджан Сералин көрнекті башқұрт жазушысы Сейфи Құдашпен кездескен. Сейфи Құдаштың осы туралы естелігі бар.

Мұхамеджан Сералиннің қандай қиыншылықпен журналды шығарғаны туралы «Жастық шақтың жолымен», «По пятам юности» деген кітабында жазылған.

Аманжол Күзембайұлы

Тарих ғылымдарының докторы, профессор

М. Сералиннің «Айқапта» көтерген басты тақырыбы – жерге байланысты. Столыпин реформасы кезінде, қазақ даласына Ресейден қаптап қара шекпенділер келе бастады. Бірінші орыс революциясының негізгі мәселесі – аграрлық мәселеден туындады. 1861 жылы басыбайлылықты жойғаннан кейін, орыс шаруалары далада қалды. Мәселен көп қабатты үйді біреу сатып алды да, оның ішіндегілерді қуып шығады. Шаруалар далада қалды, қайда барарын білмеді. Содан Сібірге, Қазақстанға ағылды. 1898 жылы патша үкіметінің Қазақстанды басқару туралы ережесіне байланысты артық жер мемлекет меншігіне алынды да, ол переселендерге бөлініп беріле бастады. Қазақстанның шаруашылықпен, егіншілікпен айналысатын жері орыс тұратын солтүстік жағы ғана. Сол кезде біздің кейбір көзқарасы артта қалған қазақтар рудың жерін, қауымның жерін ақшаға қызығып сатты. Газет, журнал осының ауыр салдарын түсіндірді. Жерге отырықшы болмай біз халық ретінде сақталып қала алмаймыз. Отырықшы болуымыз керек, орыстың поселкасы секілді поселка салуымыз керек деді. Тіпті Мұхамеджанның өзі тұрған жерінде монша салып, бақша, жеміс-жидек егіп, жұртқа үлгі көрсетті.

Осылайша жерді иемденіп қалсақ, сырттан қоныстанушылар келе алмайды. Аграрлық мәселе жөнінде журналдың 88-ші нөмірінің 70 проценті осы шаруашылық жөнінде жазылады. Әр жерден келген мақалалар топтамасы берілген. Сонда жерін сатқан қазақтар Торғай жаққа, оңтүстік жаққа кетіп жатыр дейді. Мұны түсінуге болар. Кешегі мал баққан шаруаға, бүгін егін ек дегені қиын тиді. Бірден оған икемделіп кете қоймайды ғой. Үлкен трагедия, яғни трансформация кезеңі. Патшалық үкімет қол ұшын беріп көмектеспеді. Азғантай ғана интеллигенция, зиялы қауым ғана үкімет пен шаруалардың арасында шырылдап жүрді.

Журналдың көтерген екінші мәселесі – отбасы жөнінде. Ауылдағы қазақ әйелінің ауыр жағдайы. Бір мақалада қазақ әйелдерінің жағдайы мәз емес деп жазылады. Бүкіл үйдің, түздің шаруасы, бала тәрбиесі, ұрпақтың келешегі - бәрі әйелдің мойнында дейді. Өкінішке орай қазақ 13-ке келген қызын малға сатады деп жазады. Әйелдер аз екенін есептеп шығарған. Бір тұрмысқа шыққан қызға 7 ұзатылмаған қыздан келеді. Бойдақтардың саны көбейіп кетті 30 бен 40-тың арасындағы жігіттер үйленбей жүр деген мақала да жарияланған.

Сералин өзін Ыбырай Алтынсаринның ізбасарымын, жолын қуушымын деп есептейді. Троицкіде Алтынсарин ашқан мектепте оқыған. Сондықтан мектеп мәселесіне ерекше көңіл аударады. Журналдың бір өзі 100 мектептің ролін атқарды. Мектепте ол кезде көп болса 20-50 бала оқыта алатын. Ал журналды бүкіл халық оқыды.

«Қазаққа тарих керек пе?» деген мақаласы бар. Сонда – тарих бір ертегі емес, оны тек қызығу үшін оқымайсың, немесе біліміңді тереңдетуге де онша пайдасы болмайды. Тарихтың негізгі керегі бүгінгі күннің түсінігі», - дейді. Қандай керемет сөз? Бүгінгі күніңді білсең, онда келешегіңді бағдарлай аласың. Қазір де тарихтану - өзекті мәселе. Сондай-ақ журналда – әрбір елдің мәдениетінің рухани деңгейі ол халықтың өзінің тарихын білуімен өлшенеді дейді. Неғұрлым халық өзінің тарихын білсе, соғұрлым ол өркениетті халықтың қатарына жақындайды. Елбасы Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласы осы тақырыпты қаузайды.

«Айқаптың» айналасында оқыған жас қазақтардың басы бірікті. Сол жерге топтасты. Баянауылдан Сұлтанмахмұт Торайғыров келіп журналға атсалысты. Қостанай, Торғай өңіріндегі сауатты азаматтардың барлығы «Айқаптан» тәрбие алды, «Айқаптың» бүкіл позициясын қолдады. Олардың көпшілігі кейін Совет үкіметі кезінде жақсы қызметке ілікті.

Журналда мынандай бір факті бар. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақтың ұлттық интеллигенциясы Кавказдың да, Прибалтиканың да, Польшаның да, орыстың да ұлттық интеллигенциясынан алға кетті деген. Грузияда Бақытжан Қаратаев прокурор болды деп жазады. Сол жылдары мұндай газет Орта Азияның бірде-бір елінде шыққан жоқ. Қазақтың газет пен журнал оқи алатын көзі ашық адамдардың барлығы осы журналдан тәрбие алды.

Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов - бәрі «Айқап» журналында елге арналған алғашқы қызметтерін бастады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының саяси-әлеуметтік орны орасан зор. Оған Алаш баспасөзі дәлел бола алады. Алаш азаматтары 20-ғасырдың басында неге баспасөз шығаруды бірінші орынға қойды? Себебі сол кезеңде қазақтың ұлттық санасын оятып, қазақтың басын біріктіріп және азаттық үшін күреске бастауда газет-журналдың ролі орасан зор болды. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесіндегі құзырхаттың талабы – тәуелсіз газет шығаруға рұхсат алу болатын. Міне, сол кезеңнен бастап, Алаш азаматтары да газет, журнал шығару ісіне жұмыла кірісті. «Айқап» журналы тәуелсіз қазақ журналистикасының бастауы, тұңғыш баспасөз құралы. Мұхамеджан Сералин сол журналды шығарғандағы алғашқы мақаласында: «мен алайын деп немесе білімді сатайын деп газет шығарып жатқан жоқпын, мақсатым -халыққа қызмет ету», - деген болатын.

Ақылбек Шаяхмет

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры

Журнал мүмкіндігінше саясат саласына атсалысып, өз көзқарасын білдірді. «Айқаптың» бірнеше нөмірінде мемлекеттік дума тақырыбына, оның ішінде дума сайлауларына байланысты мақалалар жариялады. Қазақтарға да сайлау құқығының берілуін, думаға қазақтан да депутаттар сайлануын, онда көкейкесті жер мен жайылым мәселелерінің қаралып шешімін табуын талап етті. Журналдың 1912 жылғы үшінші санында «Юбилей» туралы атты мақала шықты. Ол Романов әулетінің патшалық құрғандарына 300 жыл толу мерекесіне арналған. Сол салтанатқа баратын қазақ мықтыларына - журнал тарапынан бұратана ұлт өкілдерінен думаға депутат сайланатын болсын әрі қазақ жеріне енді шеттен көшпенді - переселендер келтіру тоқтатылсын деген сөздерді айту тапсырылады. Осылайша журнал өзінің ұлт алдындағы міндетін орындап отырды.

Журналда саяси, әлеуметтік мақалалардан басқа «Өлең-жыр», «Фельетон», «Хабаршыларымыздан», «Ашық хат», «Басқармадан жауап» деп аталған тұрақты айдарлар болды. Әсіресе ел ішінен түскен хат-хабарларға барынша орын берілді. Редакцияға Қазақстанның барлық облысынан және Астрахань губерниясына қосылған Бөкей ордасы мен Кавказ округына қарайтын Маңғыстау, Атырау, Оралдан үзбей хат келіп тұрды. Ақтөбеден, Қостанайдан, Семейден және тағы басқа жерлерден келген мақалалар жергілікті жағдайдан хабардар ететін. Бұл мақалалар мен хаттар кейінгі зерттеушілер үшін үлкен қазына іспетті. Сол арқылы ХХ ғасырдың басындағы қазақ өмірінен терең мағлұматтар алуға болады.

Мұхамеджан Серәлин 1919 жылдың басында Орынбор қаласына барды. Ол ендігі жерде кеңес өкіметімен тартысудың мүмкін еместігін түсінді. Және одан сырт қалуға болмасын білді. Сонда губерниялық жер-су бөліміне қызметке алынып, құлшына жұмыс істейді. Осы тұста Орынбор қазақ өлкесін басқаратын әскери-төңкеріс комитеті қазақ тілінде тұңғыш «Ұшқын» газетін шығарады. Қазіргі жүз жылдығын атап жатқан «Егемен Қазақстан» газеті өз тарихын осыдан бастайды. Серәлин «Ұшқын» редакциясының алқа мүшесі болды.

1920-1921 жылдары ол елге қайтып, Шұбар болыстық атқару комитетінің төрағасы және партия ұйымының хатшысы болған. Қостанай өз алдына губерния болғанда жер бөлімінің бастығы, әрі губерния атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланады.

Сол тұста Қостанайда «Ауыл» газетін шығарады. 1926 жылға дейін газеттің редакторы болды. Бұған дейінгі «Айқап» пен «Ұшқындағы» тәжірибесі бекер кетпеді. Қостанайда шыққанмен бұл газеттің сөзі өтімді болды. Өз тұсында аты республикалық басылымдармен қатар аталатын. «Ауыл» газетін шығарған кезде Мұхамеджан Сералин қазақтың тағы бір талантты тұлғасын танытты. Ол кейін атақты жазушыға айналып, 1937 жылғы репрессия құрбаны болатын Бейімбет Майлин еді.

МАХАТ САДЫҚ

PhD, журналист

1928 жылы Мұхамеджан Серәлин Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетініне мүшелікке өтеді. Бұл республикалық деңгейдегі Үкімет жұмысы еді. Бірақ, тағдыр оған енді ел қамы үшін ұзақ қызмет етуді жазбады. 1929 жылдың жазында дүние салады. Тек «Айқапта», «Ұшқында», «Ауылда» тәрбиелеген шәкірттері оның жарқын ісін жалғастырды.

Қазақ өмірінде терең із қалдырған Мұхамеджан Сералин сөз жоқ Алаш алыптарының алдыңғы қатарында тұр. Сералинге құрмет - қазақ журналистикасына құрмет.

Қазақтың ұлттық идеясына ұйытқы болған бірінші баспасөзіміз - Мұқамеджан Сералиннің «Айқап» журналы. «Әй, қап» заманнан кешіктік-ау деген емеурінді танытып, бүкіл ұлттың әр жерде шашырап жүрген ойларын біріктіруді және олардың мақсат - мүдделерін бір арнаға тоғыстыруды, саяси, географиялық, рухани мұқтаждықтардың алғышарттарын айшықтап көрсетті. Журнал сол туралы үлкен пікір сабасына айналды. «Айқап» журналымен жарыса шыққан Әлихан Бөкейхановтың «Қазақ» газеті де, осы бүгінгі біз оралған «Рухани жаңғыру» идеясының ұшқындарын жан-жақтан талқылады.

Қалай Мәңгілік ел боламыз, қалай ұлт болып ұю керек, жерді, тілді, дінді, ділді қалай аман сақтап қаламыз. Ертеңгі ережеміз - дүниежүзінің өркениетті отыз елінің қатарына қосылу. мынау жаһандық бәсекелестікте мақсат еткен жоспарымызды жүзеге асыру жолында ұлт өзін қалай көрсетіп алға алып шығуы керек. Міне, бұл мәселелер қазір де әртүрлі пікір аясында талқылануда.

«Айқап» көтерген ұлттық әдебиеттегі өзекті мәселесі - қазақтың алғашқы романына бәйге жариялануы. Алғашқы романдарымыздың жазылуына осы бәйге септігін тигізді. Жалпы алып қарағанда «Айқап» журналы қазақтың көкейіндегі қыжылын сыртқа шығарып, ойын бір арнаға толықтырып, біртұтатас Алаш идеясына халық болып бойсынуға негізгі ұйытқылардың бірі болды. Ең бастысы, қазақ баспасөзінің кемелденуіне жол ашты. Сондықтан да біз бұл журналды қазақ ойының, қазақтың ішкі рухани дүниесінің жаңғыруының, зиялылардың бірігіп топтасуының басты қазынасы деп білеміз.

Соңғы жаңалықтар