Қазақтың сөз құдіреті ұлттық классикалық әндердің мәтінінде жатыр – Денис Яковлев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақтың осы классикалық өнерінен этнос өкілдері бақ сынайтын жоғары деңгейдегі байқаулар ұйымдастырылуы тиіс. Бұл байқаулардың бас жүлдесі айтысқа тігілетін көлікпен бірдей болмаса, кем болмауы керек. Бұл туралы «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» республикалық форумында ҚР Ұлттық гвардиясы ән-би ансамблінің концертмейстері Денис Яковлев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен 1991 жылы Қостанай облысы, Аманқарағай ауылында туғанмын. Ұлттым – орыс. Н. Островский атындағы орта мектепті бітірдім. Қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай аймақтық университетінде оқимын. Мен бала кезімнен ән айтамын. Алғашқы рет үлкен сахнада, қазақ тілінде Батырхан Шүкеновтің «Отан ана» әнін орындадым. Ол кезде сегізінші сыныпта оқитын едім. Бұл әнді маған марқұм ұстазым Серебров Валерий Анатольевич үйретті», - дейді Денис Яковлев.

Ол қазақша сөйлеуді әскерде үйренгенін айтты.

«Әскери орта маған барынша көмектесті. Қарулас достарым жақын тартып, менімен қазақ тілінде сөйлесті. Қазақ тілінде қалай сөйлеп кеткенімді өзім де байқамай қалдым. Бірақ үйренетінім әлі де көп. Ең қызығы, әскерден кейін музыкалық колледжге түскім келген кезде, мен тандаған мамандық бойынша тек қазақ тобы болды. Сосын мен нар тәуекел деп көзімді жұмдым да түсіп кеттім. Тіл үйренгенімнің арқасында, өмірімде көптеген өзгерістер орын алды. Тындаушыларымның аясы да, достарым да көбейді. Қызмет атқару барысында республикалық әскери әндер конкурсына қатысып, 2-орынға ие болдым. Кейін, осы жетістіктер Ұлттық ұлан ән – би ансамбліне қызметке тұруға көмектесті. Қазір менің репертуарымда көп қазақша әндер бар. Олардың ішінде: халық әндері, авторлық әндер, тағы операдан үзінділер бар», - дейді ол.

Оның айтуынша, ендігі мақсаты – ұлттық өнерімізді дәріптеп, қазіргі жастарға насихаттап, дұрыс бағытта көрсетіп, соны жүректеріне жеткізе орындау.

«Ұлттық өнерімізді, мәдениетімізді, дәстүрлі әндерімізді жиі насихаттауымыз керек. Өйткені қазақтың сөз құдіреті, сөз маржаны – ұлттық классикалық әндердің мәтінінде жатыр. Қазақтың осы классикалық өнерінен этнос өкілдері бақ сынайтын жоғары деңгейдегі байқаулар ұйымдастырылуы тиіс. Бұл байқаулардың бас жүлдесі айтысқа тігілетін көлікпен бірдей болмаса, кем болмауы керек. Бұл өз кезегінде өзге этнос жастарына қазақтың өнері мен тілін білуге, үйренуге даңғыл жол ашады деп ойлаймын», - дейді Денис Яковлев.


Соңғы жаңалықтар