Қазақтың салт-дәстүрі туралы көрсетілім Польшада арнайы жүлдеге ие болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Польшада 1967 жылдан бері өтіп келе жатқан халықаралық «Faces of Traditions» ұлттық салт-дәстүрлер байқауына Қазақстан биыл алғаш рет қатысып, арнайы жүлдеге ие болды. Осы тұста байқауға қатысуға өтінім беріп, еліміздің атынан барған команданы ұйымдастырушы Ақбота Қалиевамен ҚазАқпарат тілшісі сұхбаттасқан болатын.

«Аталған байқау Польшаның батыс аймағындағы Зелёна-Гура қаласында жарты ғасырдан астам уақыт тұрақты түрде өтіп келеді. «Faces of Traditions» байқауында әрбір қатысушы мемлекет өзінің ұлттық салт-дәстүрі мен құндылықтарын қойылым, өнер және ұлттық тағамдар мен ойын арқылы көрсетеді. Қазақстан өз кезегінде бұл байқауға алғаш рет қатысты. Жалпы байқауға әлемнің 70-ке жуық елінен өтінім келіп түскен. Әділқазылар алқасы соның ішінен тек 6 елді (Литва, Словакия, Украина, Польша, Румыния және Қазақстан) ақтық сынға таңдап алды. Оның ішінде Қазақстан да бар. Байқауға өтінім беріп алып, біраз уақыт демеуші іздедік. Нәтижесінде Алматы облыстық туризм басқармасы қолдау білдірді», - деді «Сарбаз рухы» тарихи-патриоттың клубының өкілі, байқауға Қазақстан командасының қатысуына ұйытқы болған Ақбота Қалиева.


Оның айтуынша, әсіресе еуропалықтар Ұлы Даланың махаббат хикаясы қойылымын ерекше ықыласпен қабыл алған. Онда Айсұлу мен Медеттің сезімдері жайлы баяндалады. Және хикая «Балқаш» эпосының негізінде жазылған.


«Байқаудың алғашқы күні ұлттық тағамдар шеберлігі ұйымдастырылды, онда біз бауырсақ, жент және ірімшікті ұсындық. Қазақтың ет тағамы неге болмады десеңіз, себебі бізге шектеулі уақыт берді, сондықтан оны дайындауға мүмкіндік болмады. Одан соң ұлттық ойындарға кезек келді, онда біз арқан тарту, асық ату және қазақ күресін көрсеттік. Одан бөлек, өзіміздің бесікке салу мен тұсаукесер дәстүрімізді ортаға салдық. Байқаудағы басты қойылым ол Айсұлу мен Медеттің сезімінің негізінде құралған Ұлы Даланың махаббат хикаясы туралы қойылым болды. Бір аптаға созылған байқау нәтижесінде Қазақстан командасы арнайы жүлде иеленді. Команда құрамында барлығы 15 адам болды», - деді ол.

А. Қалиеваның сөзіне сенсек «Сарбаз рухы» тарихи-патриоттың клубы бұған дейін де Қазақстанның атынан бірнеше халықаралық байқау, фестивальге қатысып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүр.

Соңғы жаңалықтар