Қазақтың ою-өрнегінің математикалық ғылыми мәнін ашу керек -Болатбай Насылбекұлы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытайда шығатын «Іле» газетінде қазақтың төл мәдениетін арқау еткен, журналист Ерсінәлі Сұлтанұлының қазақ ою-өрнегін зерттеуші Болатбай Насылбекұлымен болған сұхбаты жарық көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. ҚазАқпарат Қытайлық БАҚ-та жарық көрген, ұлтымыздың мәйекті мәдениеті, халықтың тұрмыс-тіршілігіне сән берген ою-өрнек өнерін математика ғылымымен байланыстыра зерттеп жүрген Болатбай Насылбекұлының оқырманға ой салар сұхбатын ұсынады.

null
  ***

Болатбай Насылбекұлы - 1940 жылы Қытайдың Күнес ауданы Қарабура ауылында туған. Ол ауылды жерде мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқара жүріп көптеген ғылыми-танымдық мақалалар жазды. Болатбай Насылбекұлының «Қазақ ою-өрнегінің ғылми негіздері» атты кітабы 1995 жылы жарық көрген еді. Бүгінгі күні «Өркениет өрісіндегі қазақ ою-өрнектері» атты жаңа кітабын баспаға дайындап отыр екен.

 

 - Болатбай Насылбекұлы қазақ ою-өрнегінің математика ғылымымен байланысы жөніндегі ізденісіңізге не себеп болды?

  - Мен бала кезімнен күні бүгінге дейін қазақ халқының ою-өрнегін жинау, реттеу, зерделеумен бірге оның математикалық  мәнін зерттеу жұмысымен айналысып келемін. Сол еңбектенудің нәтижесінде «Өркениет өрісіндегі қазақ ою-өрнектері» деген кітабым дүниеге келді. Бұл еңбекте мен қазақ ою-өрнегінің геометриялық мәнін ашуға құлшындым. Соның арқасында қазір математикалық білімдерді пайдалана отырып ою-өрнекті бір гектар немесе одан да кең жазық жерге түсіре аламын. Сонымен бірге математикалық жолмен өрнектерді бір-біріне  ұқсатпай сыза алатын және оятын да болдым. Расында, бала кезімнен әже-апаларымыздың ойған ою-өрнектерін көріп таңғалып өскен едім. Кейін келе оюларды жинадым, реттедім содан кейін барып мұның да өзім оқыған математика ғылымымен тығыз байланысты ғылыми  еңбек екенін танып жеттім.
null 

- Өрнек пен математика бір тұлғалы ғылым дегеніңізді тереңдей түсіндіре кетсеңіз?

  - Әдетте ою-өрнектің өзі математика десе біреулерге ғажайып жұмбақ секілді көрінуі мүмкін. Бұл расында жұмбақ емес, қайта біз түсінуге, білуге тиісті ғылым. Әлемдегі жан-жануар, адамзат түгелдей бір-бірімен мүлде ұқсамайтын келбетпен жаратылған. Адам болсын, әлде жан-жануар болсын, олардың әлпетіне зер сала қарасаңыз, барлығы да бір өстің бойында өз тепе-теңдігін сақтап тұрғандығын көресіз. Қарапайым мысал айтайын, сізге қарап тұрған құлынды суретке тартып, өзіңе қарап тұрған сол суреттің төбесінің дәл ортасынан бір нүкте, иегінің дәл ортасынан бір нүкте белгілеп екі нүктені  тұтастырсыңыз, бір түзу келіп шығады. Сол түзуді бойлатып суретті бүктейтін болсаңыз - екі көзі, екі құлағы, мұрнының екі танауы және аузының екі езуі, әрқайсысы бірінің үстіне бірі дәл келіп  беттесе кетеді. Міне, бұл түзу  математикалық өлшемдегі өс деп аталады. Біз, бұдан математика мен суреттің ішкі байланысының өте  тереңде екенін байқаймыз. Ал, қазақ ою өрнектерінің де қабысу, жанасу, беттесу сынды математикалық элементтері осы негізде барлыққа келгенін түсіну қиын емес.

Ою-өрнектердің бойында математикалық элементтердің болуы математика мен ою-өрнектің бір тұлғалы ғылым екенін дәлелдей түседі. Ою-өрнек көбінде не үшін қошқар мүйіз имек формасында болып келеді? Өйткені, онда математикалық өрнек элементтерінің, өрнек құлақша формасы мен  өрнек бүршікше формасының болатындығында. Математика - ақиқатты, нақтылықты, турашылдықты, шындықты жақтайтын ғылым. Егер бір парақ есебіңіздің бір санынан жаңылыс кетсе онда еңбегіңіздің еш кеткені дей беріңіз.

 Міне, әже-апаларымыз математиканың  осындай ең күрделі де, дәлдік қасиетінің элементін өрнекке ежелде-ақ сіңіре білген. Олар ою-өрнекті ең алдымен образды ойлау тәсілімен ойлап алып сосын өте дәлдікпен сызып, сызған сайын түрлендіру, құбылту арқылы көркі көз тартатын адамға әдемілік сезім бағыштайтын өреге жеткізген.

Қазір ою-өрнек көбейіп кетті, мұндай ою-өрнектердің көбі еліктеу мен өз білгенінше сызғандары екенін, өнерге жауапкерсіздікпен қарайтындардың қарабайыр дүниесі екенін көзіміз шалғанда ішіміз ашиды. Сондай  өрнектерді ғылыми да нақ сезіммен сызылған өрнекпен салыстыра отырып зерделесеңіз екеуінің арасында жер мен көктей парық бар екенін оңай аңғарасыз. Сондықтан, математикалық танымы жоқ нобаймен сызылған өрнектердің қашанда сапасыз шығатыны табиғи құбылыс. Міне, осыдан біз өрнек пен математиканың қатынасының өте тереңде, өрнек пен математика сабақтасып жатқанын көре аламыз.
null 

- Ою-өрнек мәдениетінің болашағы жөнінде не айтар едіңіз?

 - Қоғам дамуының тез немесе баяу жүруі ғылым-техника дамуымен  тығыз қатысты. Бүгінгідей зымыран заманда, үкімет қолдап-қуаттап тұрғанда ұлт өнеріне жанашыр мамандар, өнерліні қолдайтын ел ағалары ою-өрнек жасампаздығына да бір сәт ден қойса екен. Себебі қазір басқа ғылым саласында түгелдей оқулық бар, ал, ою-өрнек ғылымын арнаулы пән ретінде танитын оқулық жоқ. Бастауыш мектептің бейнелеу өнері сабағында ою-өрнектеріміздің там-тұмдап берілгені болмаса басқалай арнаулы оқулықтың болмауы, ою-өрнектің ғылми мәнін түсінудегі ең үлкен бостықты келтіріп отыр. Бала жасынан құнттап үйренбеген ұрпақ кейін ұлттық ою-өрнектеріміздің не екенін де білмеуі әбден мүмкін. Әуелі, ою-өрнектің математикалық мәнін ашудан ауыз ашу тіпті мүмкін емес. Мұндай болғанда ою-өрнек мәдениетін осы заман мәдениетімен ұштастыра дамытуымызда кенжелік танытуымыз мұнда тұр. Математика арқылы қазақтың ою-өрнегін зерделей алатын осы заман мамандары болғанда ғана ою-өрнек ғылымы мен ою-өрнек мәдениетіміздің көсегесі көгереді.

Қазір кейбіреу «Ою-өрнек - халықтың ортақ қазынасы, барлық адам шетінен игіліктенетін тегін жатқан мүлік» дейтін сыңайда көзқарасқа малданып, ұлттық өнерімізге жауапсыздықпен қарап жүр. Белгілі бір авторымыз мақаласында «ою-өрнек - адамзат өміріндегі аса қажетті, негізгі тұрмыстық, әсемдік талғамның бір түріндегі өнер» деп әдемі бағасын беріпті. Ал енді бір жазарманның «өрнекке математиканың қажеті қанша, апаларымыз математиканы керек етпей-ақ, ғасырлар бойы әдемі өрнек салып келген, мұнан математикалық мән іздеу бос әурешілік емес пе» деп жазғанын оқыдым. Сан ғасыр тарихы бар ою-өрнек тек әсемдік үшін ғана пайдаланатын, ғылыми зерттеуге келмейтін, ғылыми мәні жоқ, өзгермейтін, ешкім де өзгерте алмайтын қатып-семген үлгі сияқты болса оны жинап, реттеп, зерттеп халықтың кәдесіне жаратып не қыламыз?...

 Оқулығы мен ұстазы болмаған ою-өрнек мәдениетіміздің асыл нұсқаларын бұл күндері өз нобайы бойынша сұраусыз көшіре  салатындар да жоқ емес. Сондықтан, біз ою-өрнектей ортақ қазынамызды қорғауға, ондағы тарихи құндылық пен ұлттық жасампаздық жауһарын қадірлеп сақтауға мән беруіміз тиіс. Сонымен бірге одан орынды да заңды пайдалану мен ою-өрнектің ғылыми заңдылығын ашып, көбесі сөгілмес ұлттық мәдениетіміз екенін ұрпаққа тағы бір қырынан жарқырата түсіндіруіміз керек. Оның мазмұнындағы ғылми негіздің бар екенін тіпті де тереңдей дәлелдейтін кез келгендігін ескерткім  келеді.
null 

- «Өркениет өрісіндегі қазақ ою-өрнектері» деген атпен құрастырып, дайындап, ою-өрнектің математикалық мәнін ашып, оны ғылми өреге көтерген еңбегіңіз жөнінде тоқтала кетсеңіз?

- Мен бұл кітабымда ою-өрнектің математикалық, геометриялық нақтылықтарын, қазақ ою-өрнегінің математикалық элементтерін өлшемдестіріп, нақты математикалық, геометриялық дәлелдермен жүйелі көрсетуге күш салдым. Мен мұны төмендегі бірнеше жаққа жинақтадым.

  Бірінші, қазақ ою-өрнектерін жинау, реттеу барысында шығу тегіне қарай ретке тұрғызылды әрі оның математикалық қағидалары ою-өрнектің қарапайымдылықтан күрделілікке қарай дамуы математикалық өлшеммен сызып көрсетілді.

Екіншіден, көнерген өрнектердің мазмұнын, ен таңбасын сақтау шарты астында, тың туынды өрнектерге қалай дамуы мен ондағы ғылымилық, математикалық өлшем бойынша бір-бірлеп көрсетілді әрі жаңа ою-өрнек туындысының ежелгі ою-өрнек туындысынан қалай дамығандығы жөнінде түсінік берілді.

Үшіншіден, оқырман мен ою-өрнек әуескерлеріне тіпті де түсінікті болу үшін осы кітаптағы  барлық ою-өрнектің бір-біріне ұқсамауы және ондағы парық математикалық жолмен ашалап дәлелденді әрі түсіндірілді.

Төртіншіден, қазақ ою-өрнектеріндегі қолданылып келе жатқан көне және жаңа үлгілерде бұрын байқалмаған тың өрнек үлгілерін қосып, оны 13 топқа бөліп, әр топтағы өрнектің өз ерекшелігіне қарай айшықтап көрсетілді. Әрқайсы өрнек үлгілеріндегі қоршау өрнегін бұру және бұрыштық симметриялы өспен бұру, ұзарту, жалғап бұру секілді екі түрлі тәсіл осы кітаптың басынан аяғына дейін ұқсамаған математикалық ғылыми үлгімен берілді.

 - Қазақ ою-өрнегінің математикалық ғылыми дәлелдерін тіпті де тереңдей зерттеу жөнінде алда қандай жоспар-жобалар әзірлеп отырсыз?

  - Ою-өрнек мәдениеті ғылымилықты өз бойына сіңірген мәдениет. Мен ою-өрнекті жинай, реттей жүріп мұндағы математикалық заңдылықты байқадым. Осындай шетсіз де шексіз ою-өрнек өрісі арқылы қазақ халқының ғылымға қаншалық жауапкершілікпен, қаншалық еңбеккерлікпен қарайтынын терең түсіндім. Егер дарынды жастарымыз ою-өрнек өрісі және ол қамтитын мазмұн жөнінде ішкерілей зерттеп, зерделеуге мойын бұрар болса, ою-өрнек өрісіндегі тағы да ашылмай жатқан ғылыми заңдылықтарды ашатындығына сенемін. Біз осындай орайлы сәтте мәдениетіміздің бір саласы болған ою-өрнек мәдениетіміздің өркениет сахнасында жарқырап тұруына тамшыдай болса да үлес қосуымыз керек. Осы «Өркениет өрісіндегі қазақ ою-өрнектері» деп ат қойып кітап етіп құрастырып, дайындап зерттеген еңбегім ел кәдесіне жараса екен деп тілеймін. 
null 

Соңғы жаңалықтар