Қазақтың өнер саңылақтары: Біржан сал Қожағұлұлы

None
None
Астана.ҚазАқпарат - Біржан сал Қожағұлұлы (1834 - 1897) - 1834 жылы қазіргі Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында дүниеге келіп, 1897 жылы алпыс үш жасында туған жерінде қайтыс болған. Ол бозбала кезінен әнші-ақындардың қасына еріп, той-думанның сәніне айналады. Шөже, Салғара, Толыбай, Орынбай, Нүркей, Сегізсері, Арыстан сынды өнер иелері - Біржан салдың ұстазы.

1865 жылы Абаймен кездесуі Біржан салдың композиторлық, әншілік, ақындық өнерінің дами түсуіне үлкен әсер етеді. Біржан сал - қазақтың дәстүрлі әншілік өнерін, халық музыкасын жаңа белеске көтеріп, өз шығармаларымен толықтырған ірі тұлға. Жаяу Мұса, Басықараның Қанапиясы, Құлтума, Ақан сері, Балуан Шолақ, Ғазиз, Естай, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, т.б. арқаның атақты ақын-әншілері Біржан салдың мектебінен өнеге алып, оның композиторлық өнерін жалғастырған және ілгерілеуіне мол үлес қосқан өнерпаздар. Біржан жас бала кезінде ауыл молдасы Жақыптан оқып, қадімше (ескі араб әріпінде) хат танып, сауатын ашады. Әрі қарайғы уақытта Қожағұл би жеті жасар немересі Біржанды арнайы апарып, өзінің бұрынғы қонысы Бүркеу жақтағы Болатнай медресесіне оқуға береді. Ол қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Преснов ауданындағы Ново-Рыбинка селосының орнындағы қазақ, татар, орыс халықтарының өкілдері аралас тұрған қалашық. Оның маңында үлкен жәрмеңке болған. Біржан сал онда медресені ашқан иесі, әрі сол медреседе дәріс беретін ұстаз Керей Иманғабит Ырғызбекұлының үйінде 1831-1835 жылдары тұрып оқып, оны тәмам етеді. Біржан Қызылжар медресесін де өте жақсы оқып, бітірген. Ол Болатнай, Қызылжар медреселерінде оқып жүргенде, араб, парсы, көне түрік тілдерін үйренген. 1841-1842 жылдың қысында белгілі әнші-ақын, атақты батыр Сегіз сері Баһрамұлы өз тобын бастап барып, Омбыда қолөнермен айналысады. Қожағұл қазы сүйікті немересі Біржанға өзі рұқсат етіп, атбегілік пен құсбегілікті және басқа да өнер түрлерін үйрену үшін оны Сегіз сері тобына қосады. 1842 жылы жазда Біржан ақын атасы Қожағұл биден өнер жолына біржолата түсу үшін рұқсат сұрап, батасын алады. Біржан он жеті жасында Көкшетау дуанының сол кездегі аға сұлтаны Атығайдың Құдайберді руының Аңдағұл әулетінен шыққан Зілғара Байтоқалұлы мырзаның ортаншы қызы Балқаш сұлуды алады, оған арнап «Ғашығым», «Балқаш» атты әндерін шығарады. Біржан - қазақтың әншілік-орындаушылық өнерін дамытып, халық музыкасын өз шығармашылығымен биік белеске көтерген аса дарынды халық композиторы. Біржан сал әндері өзі өмір кешкен заманның неше алуан оқиғаларын, адамгершілік, ізгілік мәселелерін толғап, адам жанының нәзік сезім күйлерін лирикалық әсем сазға бөлейді. Біржанның алғашқы әндерінің бірі - «Біржан сал» әні. Мұнда жастық шақтың от-жалыны да, салдық, серілік салты да, сұлулык атаулыға қызығу да көрініс береді. «Айтбай», «Ақтентек», «Алтын балдақ», «Бірлен», «Ғашығым», «Мәті-Дәулен» сияқты әндер Біржан сал шығармашылығындағы шоқтығы биік, сыршыл шығармалар. Заманының әділетсіздігіне, зорлық-зомбылығына деген Біржан салдың наразылығы, өкініш үні тіпті, оның өмірінің соңғы кезеңінде шығарған «Теміртас», «Қарасу есік алды» деп аталатын трагедиялық әндерінен де айқын сезіледі. Біржан сал әншілік, ақындық, орындаушылық өнерде де өз үн-бояуымен, өз әуенімен жеке-дара өнерпаз болғандықтан, оның айналасына халықтың таңдаулы ақын, әншілері, өнерпаздары топталып, ақынды ұстаз тұтқан. Бұлардың бір тобы Біржан салдың әншілік, ақындық, композиторлық өнерін өздерінің шығармашылығы арқылы дамытса (Жаяу Мұса, Акан сері, Қанапия, Балуан Шолақ, Үкілі ЬІбырай т. б.), енді бірқатары оның ән шығармашылығы, орындаушылық өнерін, халық арасына кеңінен таратушы, насихаттаушы болды (Құлтума, Жарылғапберді, Ғазиз т. б.). Біржан салдың ізін қуған осындай өнерлі адамдар арқылы біздің заманға оның 44-ке жуық әні жетті. Кеңес заманында Ғ. Айтбаев, К, Байжанов, Ә. Кашаубаев, К. Бабаков, Қ. Лекеров, Ж. Елебеков, М. Ержанов сынды әншілер Біржанның өз шығармашылығын, оның әншілік-орындаушылық ерекшелігін бүгінгі ұрпаққа жеткізген. Біржан сал әнші-композиторлығымен қатар талантты әрі дарынды суырыпсалма ақын да болған (Біржан мен Сара айтысы т. б.). Оның ақындық өнерін кейінірек Сара, Әсет, Доскей сияқты ақындар жалғастырды. Біржан сал өмірінің сонғы кезеңі трагедиялық жағдайда өтті. Ел ішіндегі руаралық талас-тартыстың салдары Біржанға да соқпай кеткен жоқ. Біржанды «жынданды» деп ел арасына жалған лақап таратып, қол-аяғын байлап, жан азабын тартқызады. Оның әдеби және музыка шығармашылығы туралы бірқатар зерттеулер де жазылды. Біржан мен Сараның айтысы негізінде КСРО халық артисі, композитор М. Төлебаев қазақ опера өнерінің классикалық туындысы болған «Біржан-Сара» операсын жазды (либреттосы Қ. Жұмалиевтікі). Ал академик А.Қ. Жұбанов «Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы» (1942) атты кітабының үлкен бір тарауын Біржанға арнады. 1982 ж. республика жұртшылығы халық композиторының туғанына 150 жыл толуын салтанатпен атап өтті.

Соңғы жаңалықтар