Қазақтың мақал-мәтелі британдық жастарды қалай шабыттандырады

None
ЛОНДОН. ҚазАқпарат – Оксфорд университетіндегі қазақстандық зерттеуші докторант Ольга Мун Кил университетінің Әлеуметтік, саяси және жаһандық зерттеулер мектебіндегі әріптесі Айзуддин Мохамед Ануармен бірге британдық студенттерді қазақ және малайзиялық мақал-мәтелдердің терең мағынасымен таныстыруға арналған зерттеу жобасын қолға алды. Толығырақ ҚазАқпарат тілшісінің материалынан оқыңыз.

«Мақал-мәтелдер даналығы» жобасының гранты

«Мақал-мәтелдер даналығы» жобасын биыл малайзиялық әріптесім, доктор Айзуддин Мохамед Ануар екеуміз Кил университетінің Тұрақты болашақ институты шағын грантын жеңіп алғаннан кейін қолға алдық», - дейді Алматыда туып-өскен Оксфорд университетінің ғылыми қызметкері Ольга Мун.

Қазақстандық ғалым өз зерттеуінде М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжановтың «Қазақтың отбасылық фольклоры» монографиясын және отандық публицист Герольд Бельгердің «Қарт аудармашының жазбалары» кітабын пайдаланады.

«Біз студенттерді тұрақты даму элементтеріне және қоршаған ортаны қорғауға үйретуге бағытталған педагогикалық тәсілді әзірлеуде қазақтың және малайзиялық мақал-мәтелдерді қолданғымыз келеді. Екі елде де адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынас туралы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан ілім бар, соны Еуропамен бөліссек деген ой бар», - дейді ол.

Тұрақты даму – болашақ ұрпақ үшін қоршаған орта мен табиғи ресурстарды сақтай отырып, адамның қазіргі қажеттіліктерін қанағаттандыруды көздейді. 2015 жылы БҰҰ-ға қатысушы елдер өзара байланысты 17 мақсатты қамтитын тұрақты даму саласындағы күн тәртібін қабылдады.

«Қазақтың мақал-мәтелдерінде британдықтарға бүгінде қалай өмір сүріп жатқанын қайта қарастыруға көмектесетін терең мағына бар. Қазақ және малайзиялық мақал-мәтелдер арқылы біз британдық қоғамды өзгертіп, оны жақсарта түскіміз келеді», - дейді Ольга Мун өзінің өршіл мақсаты туралы.

«Мақал-мәтелдер қазақ тілінде, сондықтан біз өз жобамыз арқылы ана тіліміз бен мәдениетіміздің әлемдегі рөлін арттырамыз. Осылайша, мағынасы адамзат үшін пайдалы болуы мүмкін халық даналығын көрсетеміз», - деді ол.

Қазақтың мақал-мәтелдері тұрақты даму мақсаттарымен үндес

Қазақтың мақал-мәтелдерін талдау негізінде жоба авторлары британдық студенттердің назарын үш тақырыпқа аударады: экономикалық тиімділік, әлеуметтік ынтымақтастық және экологиялық жауапкершілік.

«Мақал-мәтелдер өркендеу немесе апат көздері туралы ойлау арқылы су және жергілікті табиғаттың маңызды рөлін көрсетеді. Теңдік пен әлеуметтік келісімді жеке пайдадан жоғары қою арқылы бірлік пен бір-біріне қамқорлық жасаудың маңызды рөлін танытады», - деп түсіндіреді спикер.

Зерттеу жобасының авторлары қазақ және малайзиялық мақал-мәтелдерінде айтылған халық даналығы орнықты дамудың көптеген мақсаттарымен үндеседі деген сенімде.

«Мысалы, «Жаман қойшы жайлауын бір күн жейді, жақсы қойшы жайлауын мың күн жейді» деген мақал «Жаман шопанға жайылым бір күнге, жақсы шопанға мың күнге жетеді» деп аударылады. Мұның мағынасы тұрақты шешім алу үшін ұзақ мерзімді жоспарлау қажеттігін атап көрсетеді», - дейді жерлесіміз.

«Күркіреген бұлттың жаңбыры аз» деген мақал адамдарға бірліктің мейірімділік пен агрессияның жоқтығына негізделетінін түсіндіре отырып, әлеуметтік интеграцияға ықпал етеді. Тағы бір қазақ мақал-мәтелі – «Жері құтты болса, малы сүтті болады». Бұл жердегі ой экожүйелердің тепе-теңдігі мен тұтастығын бұзбай, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану керектігін меңзейді.

«Біздің мақсат – жобаны бір жыл ішінде аяқтап, академиялық мақала жазу. Оны конференцияда таныстырып, кейін педагогикалық әдістеме дайындау. Содан соң отандық ғалымдармен Қазақстан мәдениетін бірлесіп зерттеуге грант алуға өтінім беруді жоспарлап отырмыз. Онда әдебиет, философия, заманауи өнер қамтылады», - деп түйіндеді отандасымыз.

Айта кетсек, сәуірде Ольга Мун Азия және Таяу Шығыс зерттеулер факультеті мен Оксфорд университетінің Низами Ганджеви орталығының Орталық Азияның әдебиеті мен білім беру философиясын зерттеуге арналған жаңа грантты жеңіп алды.

Биыл Ұлыбританияда қазақ халқының мәдениеті туралы зерттеулер ұсынылған болатын. М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалымдары Кенжехан Матыжанов, Светлана Ананьева және Альмира Қалиеваның ғылыми баяндамаларының тезистері наурызда Оксфорд университетінде өткен Oxford Desert Conference ғылыми жинағында жарияланды.


Соңғы жаңалықтар