Қазақтың қызы да ғарышқа ұшса деп армандаймыз – Ақсерік Әйтімов

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Қазақтың қызы да ғарышқа ұшса деп армандаймыз. 12 сәуір – Дүниежүзілік космонавтика және авиация күніне орай батысқазақстандық ғалым, «ҚазИИТУ» білім-ғылым кешенінің президент-құрылтайшысы, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, профессор Ақсерік Әйтімов өз ой-толғамын осылайша білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазақтың үшінші ғарышкер-қыраны, Халық Қаһарманы, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы» АҚ-ның тете-президенті Айдын Айымбетов 2018 жылдың желтоқсанында таяу болашақта қазақ қызы ғарышқа ұшуы әбден мүмкін екендігін мәлімдеген болатын.

«Ғарыш тарихы қазақтың кең даласымен тығыз байланысты. Ендеше, алдағы уақытта жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіліп, ғарышқа қазақтың қызы ұшып жатса, мұның бәрі тарихи сабақтастық болар еді», - дейді ғалым.

Тарихтан мәлім, 1957 жылдың 4 қазанында КСРО «Спутник-1» алғашқы жасанды жер серігін ұшырды. Ал 1961 жылғы 12 сәуірде Мәскеу уақытымен 09.07-де Байқоңырдағы ғарыш айлағынан адамзат тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин тізгіндеген «Восток-1» ғарыш кемесі ғарышқа самғағаны бүгінде айдай әлемге аян. Осы қос жобаның екеуі де академик Сергей Королев бастаған конструкторлық бюроның жылдар бойғы қажырлы еңбегінің жемісі еді. Ресми деректер бойынша 1955 жылғы 2 маусым адамзатқа жеті қат көктің қақпасын ашқан «Байқоңыр» ғарыш айлағының «туған күні» болып есептеледі.

1991 жылғы қазан айының 2-сі күні «СоюзТМ-13» ғарыш кемесімен қазақтың қыраны, ұшқыш-сынақшы, Совет одағының батыры Тоқтар Әубәкіров ғарышкер ретінде жұлдыздар әлеміне жол тартты. Бұл сапардың ұзақтығы жеті тәулікті құрады. Аталмыш сапар барысында Тоқтар Оңғарбайұлы Қазақстанның экологиялық ахуалына қатысты ғарыштан ауқымды ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізді. Аман-есен жерге оралғаннан кейін оған ерен ерлігі мен ересен еңбегі үшін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді. Осы тұста орайы келіп тұрғанда айта кетер бір жайт, 1991 жылдың соңында СССР мемлекет ретінде жойылғандықтан, Тоқтар Әубәкіров Кеңес одағының соңғы ғарышкері саналады.

1994 жылдың 1шілдесінде құрамында қазақтың екінші ғарышкері Талғат Мұсабаев бар халықаралық экипаж «Союз ТМ-19» ғарыш кемесі арқылы жеті қат көкке бағыт ұстады. Жалпы, Т.Мұсабаев ғарышқа үш рет ұшып, ғарыш кеңістігінде 341 тәуліктен астам болды. Үш бірдей сапарында да ол жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырды. Ғарыштық зерттеулерге қосқан зор үлесі үшін Т.Мұсабаевқа Қазақстанның Халық Қаһарманы және Ресейдің батыры атағы берілді. Ал 2015 жылғы 2 қыркүйекте бортында тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматы Айдын Айымбетов бар халықаралық экипаж «Союз ТМА-18М» зымыранымен ғарышқа аттанды. Ұшу кезінде Айдын Айымбетов радиацияның ғарыштағы адам баласының ағзасына әсері жөнінде бірқатар ғылыми зерттеулер жүргізді әрі ол Арал және Каспий теңіздерінің экологиясына қатысты ғарыштық мониторингіні де жүзеге асырды. Сонымен қатар қазақтың үшінші ғарышкері айран, қымыз, сүт, құрт, ірімшік секілді қазақтың ұлттық тағамдарының кеңістіктегі салмақсыздық жағдайындағы адам ағзасына әсері жөнінде «Дастарқан-6» сынағын өткізді.

«ҚазИИТУ» білім-ғылым кешенінің ғалымдары мен студенттері 2013 жылдан бастап, ресейлік журналист-тарихшы Валентина Полетаевамен бірлесіп, ғарышты зерттеу тарихының Батыс Қазақстан облысына қатысты ақтаңдақтарын түгендеумен айналысуда», дейді аталмыш кешен басшысы.

Ғарышты зерттеу кеңестік зымыран құрастыру (ракетостроение) саласынан басталды. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, академик С.Королевтің жетекшілігімен құрастырылған «Р-1» және «Р-2» зымырандарының Батыс Қазақстан облысы аумағына құлауы әлі күнге дейін біраз құпияны бүгіп жатуы әбден кәдік. 2017 жылы Қазақстанның зымырандық кезеңінің басталғанына 70 жыл толды. 1947 жылы «Капустин Яр» полигонында «Р-1» зымыраны алғашқы сынақтан өтті. Осы орайда қазақстандық жас ұлттық техникалық интеллигенция СССР-дың зымырандық-ғарыштық бағдарламасының жетістік-кемшілігін білгеннен ұтпаса, ұтылмайды. Сол себепті ҚазИИТУ-дың басшылығы «Қазақстан – Ресей. Ғарыш тарихының беттері. Орал – Байқоңыр – Самара – Жұлдызды қалашық. 1947-2015» деп аталатын бірнеше брошюра шығарды.

Бұл брошюраларда қазақ және қазақстандық ғарышкерлер, олардың ұшу барысында орындаған ғылыми-зерттеу жұмыстары жөнінде жазылды. Аталмыш ғылыми еңбектерде былайғы жұрт көп біле бермейтін мәлімет-мағлұматтар аз емес. Мысалы, қазақстандық ғарышкер Юрий Лончаков кезінде Ғарышкерлерді дайындау орталығының басшысы болып та қызмет атқарған. Ғарышкерлердің қонуы мүмкін, сондай-ақ жасанды жерсеріктері мен зымырандардың бөлшектері құлауы ықтимал аумақтардан мал-жанды эвакуациялауды ұйымдастырған мамандардың пікірлері де назардан тыс қалмады. Ал мұндай аса жауапты шаруамен кезінде Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Целиноград облыстарында лауазымды қызметтер атқарған азаматтар айналысты.

Өткен жылы Жастар жылына орай «Инженерлік ғылым, жастар және ғарыш – Қазақстан мен Ресейдің халықаралық ынтымақтастығы негізінде инновациялық дамудың маңызды факторы» атты халықаралық форум өткізілді. Осы ауқымды шара кезінде қазіргі жастардың ғарыштық инновациялық технологияларға ықыласы жоғары екендігіне тағы бір мәрте көз жеткендей болды.

«Қазақстан-2050» стратегиясында еліміздің ғарыштық саласын толыққанды қалыптастыру Қазақстан Республикасының экономикасын жаңалап-жаңғыртудың және бәсекеге қабілетті қыла түсудің ең басым бағыттарының бірі ретінде көрсетілген. Бұл бағытта қазірдің өзінде біраз шаруа тындырылды. Мысалы, ғарыштық және жерүстілік инфрақұрылымдар қалыптасып, ғарыштық саланы дамытатын кәсіпорындар ырғақты жұмыс істеуде. Ғарыштық техникаға қатысты арнайы конструкторлық-технологиялық бюро жасақталды. Бұған қоса ғарыштық техника мен технология саласының мамандарын даярлау жүйелі жолға қойылып, бұл бағыттағы үрдіс іргелі шетелдік және отандық жоғары оқу орындары арқылы жүзеге асуда. Әрине, ғарыштық зерттеу ісіне белсенді араласу, ғарыштық технологияны тыңғылықты меңгеру экономикалық тиімділігіне қоса, Отанымыздың технологиялық тәуелсіздігін де нығайта түсер өте-мөте маңызды фактор. Бұл бағыттағы барша жұмысқа 2022 жылы ғарыш кеңістігіне көтерілуі тиіс Қазақстан мен Ресейдің біріккен «Назарбаев старты» (бастапқы атауы «Бәйтерек») ғарыштық кешенін жасақтау жобасы тың серпін берері сөзсіз. Бұл өте ауқымды жоба-жоспардың жай-жапсары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы бесінші сәуірде ресейлік «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинді қабылдағанда жан-жақты талқыланды. Осындай жоспарлар сәтімен жүзеге асса, Қазақстан ғарышының да еңсесі биік болары анық», деп түйіндеді ойын А.Әйтімов.


Соңғы жаңалықтар