USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

Қазақтың қыздарын шашынан сүйреп жатқанда қарап тұра алмадым - Мәлік Ұзақов

2014 жылғы 17 желтоқсан 20:19
Бөлісіңіз:
Қазақтың қыздарын шашынан сүйреп жатқанда қарап тұра алмадым - Мәлік Ұзақов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Желтоқсан қозғалысына қатысушылар Алматыдағы «Тәуелсіздік таңы» монументіне гүл шоқтарын қойып, қаза болған құрбандардың рухына бағыштап құран оқыды.

Кейін сол бір ызғарлы оқиғаларды басынан кешірген адамдармен тілдесудің сәті түсті. Желтоқсанда қар жамылып, мұз жастанған жастардың бірі Мәлік Ұзақов өз естеліктерімен бөлісті.

«16 желтоқсан мен үшін азалы күн. Бұл күні алаңда бейбіт шеруге шыққан жүздеген қазақ боздақтарының қаны төгілген. Қазірге дейін есіме түссе, көзіме жас келеді. Қанша достарым, таныстарым құрбан болды. Мен ол кезде 23 жаста болатынмын. Әскерден келген бетім. Достарымызға зауытқа қонаққа келгенмін. Елімізді 20-25 жыл басқарған Қонаевты орнынан алып тастағанын естіп, жастар бейбіт шеруге шыққанбыз. Желтоқсанның сол бір аязды күндерінде алаңға бізді бір-ақ тілек апарды. Елбасымыз қазақ азаматы болса екен деген. Барлығымыз өз ойымызды айтқымыз келді.

Дінімізді, салтымызды білмейтін Колбинді әкеп басшы етіп қойғанына қарсы болдық. Трибунада таңғы сағат 6:30-да мықты қаруланған әскер болды. Төбелестің басы бейбіт шеруге шыққан жастарды, өрт сөндіргіш машинамен су шашып, жас қыздарымызды тепкілей бастағанда басталды. Оны көріп тұрып азаматтық рухымыз жібермеді. Қанша қыздарымыз жарақат алды. Ес-түссіз жатты. Шамамыз жеткенше қарсылық көрсеттік. Түнгі 12-лерге таман мен де ұсталдым. Үкімет үйінің қасында қардың үстінде 2 сағаттай жаттық. Қатты тепкінің астында қабырғам сынды. 2 күн бойы сұраққа алып, мойындауымды бұйырды. Мойындамадым. Бірақ, көрсетпегені қалмады. 2 күнен кейін адам танымастай болып шықтым.

Кейін соңымызға ҰҚК түсті. Жұмыстан шығарды. Одан кейін 25 жылдан кейін ақталып шықтық. Мен ойлаймын Кеңес Үкіметінің күйреуіне Желтоқсан қозғалысы үлкен ықпал етті. Әсіресе, қазақ қыздарының ерлігінің арқасында келді», - деді Мәлік Ұзақов.

Мәлік Ұзақов әңгімесін түйіндей келе, аталған көтеріліс азаттықтың жолындағы ұлт-азаттық қозғалыс деп аталуға әбден лайықты екенін айтты.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Гүлмира Ғосманәли

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT