Қазақтың күй өнері дүлдүлдерінің бірі Қаршыға Ахмедияров 65 жасқа қараған шағында дүниеден озды

None
None
АСТАНА. Маусымның 7-сі. ҚазАқпарат - Қазақтың қазынасы - құдыретті күй өнері дүлдүлдерінің бірі домбырашы, Қазақстанның халық әртісі Қаршыға Ахмедияров 65 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қазақ мәдениеті орны толмас қазаға душар болды.

Атырау облысының Махамбет ауданында дүниеге келген күйші Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. Құрманғазы атындағы қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы, кейіннен концертмейстер, жеке домбырашы және дирижер қызметтерін атқарған. 1974 жылдан Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогтық қызметпен шұғылданып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысқан.

Қ.Ахмедияров «Шашақты найза, шалқар күн», «Әсемқоңыр», «Сарыарқа», «Жігер», «Атырау» күйлер жинағы кітаптарын жариялады. Ол тақырыбы және стилі жағынан әртүрлі 50-ден аса күй шығарған. Оның ішінде жақын, сүйікті адамдарына арнаған «Қайран әке», «Ақ қайың», «Сағыныш», замандастарына арнаған «Ғазиза», «Би», «Қуаныш», «Шамғон Ақжелең», «Нұрғиса», өткеннің өр тұлғаларына арналған «Абай толғау», «Құрманғазы», «Ақжелең» күйлері бар. «Жаңа жыл», «Шабыт», «Осака» т.б. күйлері сырлы сезімді суреттесе, «Алтын ұя», «Құрдастар», «Нарын», «Ақжайық» , «Атырау», «Атамекен» туындалары қоғамдық өркениетке, туған жер тақырыбына арналған.

Қаршыға Ахмедиярұлы - жан-жақты ірі музыкант, қайталанбас дара тарлан талант иесі болды. Оның музыка өнері саласындағы бүгінге дейінгі жеткен жетістігі - кім-кімге де үлгі-өнеге, келер жас ұрпақтарға арналған асыл мұра болып қала бермек.

Соңғы жаңалықтар