Қазақтың күй өнері 2 мың жыл бұрын жанр ретінде қалыптасып қойған – Қаржаубай Сартқожаұлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің музейінде «Ата домбыра» деп сипатталған көне жәдігердің көшірмесі бар. Кезінде оның монғол жерінен табылғанын пайдаланып, киіз туырлықты ағайындар өздеріне бұра тартып баққан. Алайда ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының табандылығының арқасында «Ата домбыра» қазақ халқымен қауышқан болатын. Ұлттық Домбыра күніне орай, ҚазАқпарат абыз ғалымның домбыраның арғы-бергі тарихы туралы пайымдарын ұсынып отыр.

2008 жыл. Қазақстанда домбыраның құрметіне арнайы мереке белгіленбеген кез. Туған жеріне сапарлай барған Қаржаубай Сартқожаұлы монғол малшысының үңгірден көне аспап тауып алғанын естиді. Жүрген жерінен сақ пен ғұнның ізін шолып, көк түріктің тоналған мұрасын түгендеп жүретін қазақ ғалымының сенсация үстінен түскеніне ондағы әріптестері сонша қуана қоймапты. Табылған жәдігерді барынша жасырып, көрсетпеуге тырысқан екен. Бірақ табанды ғалым дегеніне жетіп, табылған аспаптың сұлбасын қағазға түсіріп әкетеді. Кейін сол сызбаны ғылыми дәйектермен негіздей отырып, «Egemen Qаzaqstan» газетіне монғол жерінен домбыраның «арғы атасы» табылғаны туралы мақала жариялайды.


Монғолия ғалымдары көне аспапты реставрациялау ісін Германияның мамандарына сеніп тапсырған екен, ол әрекеттері о бастағы мақсатынан ауытқып, соңы сұйылып кеткен. Олай дейтініміз, аспаптың пішіні бұрмаланып, бойындағы көне түркінің бітік жазуы туралы мәлміттер «ескерусіз»қалады. Ал Қаржаубай Сартқожаұлы 2013 жылы көне аспаптың дәлме-дәл көшірмесін жасатып, Қазақстанға әкеп, музейге қойғызады. Ғалымның айтуынша, домбыраның шанағы мен мойнындағы бітік жазулар оның түркі мәдениетінің мұрасы екенін даусыз дәлелдеп тұр.

«Домбыра 20-25 жастағы ер адамның сүйегімен бірге табылды. Мүрде хұн дәуірінің жерлеу рәсімі бойынша қойылған. Домбырадағы бітік жазуда сүйек иесінің сегіз түрлі аспапты еркін меңгерген шебер болғаны баяндалған. Яғни, біздің заманымызға дейінгі V-VІ ғасырларда бабаларымыз осындай озық өркениеттің иесі болған деген сөз. Сондай қазақтың күй өнері осыдан 2000 жыл бұрын жеке жанр болып қалыптасып қойған.Тұтас бір жанрдың қалыптасуы 2-3 жылдың мәселесі емес, жүздеген жылдап қалыптасады»,-дейді ғалым.

«Ата домбыраның» табылған орны – Батыс Монғолия, Қобда аймағы, Манхан сұмыны, Алтайдың Жарғалант – Қайырхан деген бөлігі.

«Аспаптың біз реставрциялаған нұсқасын Жанғали Жүзбаев шертіп көрді. Абылай ханның күйін шерткенде дәл келді. «Ата домбыраның» алдыңғы бетінде тесік жоқ. Тесік Шыңғыс ханның тұсында қорғасын құйғаннан пайда болғаны шын болса керек. Ал мынаның тесігі артқы бетінде. Қосу (+) таңбамен берілген. Ал қосу – керей тайпасының таңбасы. Осы жері ғажап.

Жасалған заманы – V-VI ғасыр. Яғни, хұн дәуірінде қолданған. Сапар Ысқақов дейтін маманның шәкірттері қазір көшірме нұсқаларын қолданып жүр. Тыңдап көрдік, қазіргі домбыра үнінен көп айырмашылығы жоқ. Кезінде қойдың ішегін иіріп тақса, қазір заманауи материалдан жасалған ішек тағылып жүр. Басты айырмашылығы сонда», - дейді ақсақал.

Көнекөз ғалымнан домбыраның о баста неше ішекті болғанын сұрадық.

«Домбыра о бастан екі ішекті болған. Жеті ішекті болған дегеннің бәрі аңыз ғана. Өйткені көк түріктің дүниетанымы дуализмге, бинарлық жүйеге құрылған. Түркі халықтарының өлеңі, жыр-дастандары о баста қос ұйқаспен келген. Мемлекеттің әкімшілігі де оң қанат, сол қанат деп екі бөліктен құралған. Дүние туралы танымы да жер мен көк, от пен су, әйел мен ер, ақ пен қара, күн мен түн деген сияқты ұғымдармен түсіндірілген. Тіпті тіліміздегі сингорманизм заңының өзі осы бинарлық жүйеге бағынады. Соның бәрін топшылап келіп, домбыра әуел баста қос ішекті болған деуге келеді», - деді түркітанушы.

«Ата домбыра» Қазақстанда ғылыми айналымға еніп, Өнер академиясында арнайы дәрістер оқыла бастағанымен, монғолдар әлі де мұндай тұжырыммен келіспей жүрген көрінеді.

«Неміс реставраторы Сузанна Шульц монғолдармен бірге бұл аспаптағы тиектің кертігін бесеу етіп жіберген. Мұқият қараған адам оның екеу болғанын көре алады. Ондағы мақсаттары – әуелі мұны монғол халқының төл аспабы етіп көрсетпек болып, «атқобыз»деп атады. Оның реті келмеген соң, көшпелі өркениеттен бөліп әкетіп отырықшы елден жеткен аспап ретінде көрсетпек ниетпен «арфаның бір түрі» деп сипаттады. Біздің монғолдарды ренжітіп, қызыл кеңірдек болып дауласқанымызға да сол саясат түрткі болды. Хұн дәуіріндегі бабаларымызға тиесілі аспапты өзге өркениетке күшпен телімек болды. Өйткені шертпе аспапта осы «Ата домбырадан» көне нұсқа әзірге табылған жоқ. Мұның өзі көшпелі халықтардың мекенінде күй жанрын туғызған озық өркениет болғанын көрсетеді. Домбыра – қазақтың әлем өркениетіне қосқан үлкен үлесі. Қазіргі көшпелі халықтардың ішінде домбырадан озып шығатын бір де бір аспабы жоқ. Тіпті Моцарттың шығармаларын да домбырамен еркін ойнап шығуға болады. Басқа аспаптардың мүмкіндігі дәл ондай шексіз емес. Мұның құдіреті осында жатыр», - дейді тарихшы.


Соңғы жаңалықтар