Қазақтың «Көкжалы» Шиандағы жарыста бас жүлдені жеңіп алды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытай ғалымдары «Жұң жұң» мен «Хуа хуа» атты екі маймылды клондап шықты - kazakcnr.com
null

Шанхай қаласындағы ғылым академиясының жүйке ғылыми-техникасын зерттеу орталығының қызметкерлері әлемде тұңғыш рет маймылды клондау тәжірибесін сәтті жүзеге асырды.
null  

«Бұл дүние жүзі бойынша биология ғылымы саласындағы ең күрделі ғылыми жобалардың бірі еді»деп жазады қытайдың Орталық халық радиосы порталы.

Сөйтіп, сәтті тәжірибеден кейін «Жұң жұң» жане «Хуа хуа» есімді екі маймыл дүниеге келген.
null 

«Клондау техникасының дамығанына талай жыл болса да, адам тектес хайуанаттарды клондау мәселесі әлі күнге дейін шешілмей келген еді. Бес жыл бойы сан реткі тәжірибеден кейін, бұл сынақ табысты орындалды», деп түйіндейді kazakcnr.com порталы.

Баян Алагөзова Ұланбатырда «Қазақ аруы» байқауын ұйымдастырмақ - kaznews.mn
null 

«Қазақ аруы» халықаралық байқауына биылдан бастап Қазақстан Республикасынан сырт Моңғолия, Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанда іріктеу өткізіліп, ақтық мәреде бақ сынайтын үміткерлер таңдап алынады.

Бұл туралы осы аптада моңғолиялық kaznews.mn ақпараттық порталы хабарлады.

Қазақстанның белгілі продюсері Баян Мақсатқызы Ұланбатыр қаласында 2018 жылы ақпанның 15-20 күндері «Қазақ аруы» халықаралық байқауын ұйымдастырмақ екен. «Қазақ тілін еркін меңгеріп, тарих, мәдениет, салт-дәстүрді білсеңіз, сымбаты мен сәніңіз, өнер мен дарыныңыз келіссе, сізге «Қазақ аруы» болу мүмкіндігі зор» деп жазылған аталған ақпарат көзінде.

Іле педагогика институты Іле университеті болып өзгереді - Жэньминь жибао (People Daily)

null 

Қытайдағы Іле қазақ автономиялық облысының ең басты жоғары оқу орындарының бірі «Іле педагогика институты» енді «Іле университеті» деп аталуы мүмкін. Бұл туралы қытайдың People Daily жаңалықтар порталы хабарлады.

Жетпіс жылдық тарихы бар осы ЖОО-дан сан мыңдаған қандасымыз оқып, білім алған. Өйткені, Іле педагогика институтында осы күнге дейін арнайы қазақ тілінде оқытылатын факультет пен ғылыми зерттеу орталықтары болған.

Аталған ақпарат көзінің мәліметінше, қытайдың Оқу-білім министрлігі Іле педагогика институтының атауын өзгерту қызметін 2018 жылы тексеру көлеміне кіргізуге қосылған. Себебі ЖОО-ның атын өзгерту жұмысы ең соңғы кезеңге жеткен.

ІПИ-дің партком төрағасы Нұржұма Жақай оқу орнының дәрежесін көтеру үшін тыңғылықты дайындық үстінде екенін айтқан.

«Алдағы бірнеше жылдық құлшыныс арқылы болашақ Іле университетін жергілікті ерекшелігі бар, үздік, оқытуы және қоғамға қызмет өтеуі сапалы, тек Шынжаңдағы ғана емес, бүкіл еліміз бен Орталық Азияда ықпалды университет етіп жасап шығамыз», дейді қазіргі институт басшысы Нұржұма Жақай.

Айта кету керек, 1948 жылы құрылған ІПИ Іле қазақ автономиялық облысының орталығы Құлжа қаласында орналасқан. Шынжаңдағы әр ұлт халқына, әсіресе қазақ ұлтына ұстаздар мен әр түрлі мамандық иелерін дайындап беруде маңызды міндет  атқарған оқу орыны.

Қазіргі таңда жалпы 11 факультет бар. Бакалавриатта 34 мамандық, ал кәсіби бағытта 12 мамандық қарастырылған. Сондай-ақ, Ересектерді оқыту институты,  Қазақ мәдениетін зерттеу институты, Орталық Азия зерттеу институты, Ақындық өнер зерттеу орталығы сынды арнайы институт-орталықтары бар. 2006 жылы қаңтарда  Мемлекеттік кеңестің Ғылыми дәреже алқасының ұйғаруымен ІПИ  магистрлік ғылыми дәреже беретін орындар қатарына қосылды. Сонымен қатар Қытай аз  ұлттары тіл-әдебиеті (Түркі тілдері), математика, фотология ғылымы салаларының магистрлік ғылыми дәрежелерін беру құқығына да ие болды.

Моңғолиялық қандасымыз қазақстандық кикбоксинг шеберлерін рингке шақырды - kaznews.mn
null 

Кәсіпқой кикбокстан Моңғолияның бірнеше дүркін чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Исламаллабек Шаяхметұлы 65-70 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Қазақстандық әріптестерін рингке шақырды. Бұл туралы осы аптада kaznews.mn порталы хабарлаған еді.

Моңғолиялық кикбоксшы осылайша, қазақстандық әріптестерімен де бағын сынап көрмек екен.

«Оның айтуынша, Қазақстанда кикбоксинг жақсы дамыған. Сондықтан бағымды сынап көргім келеді. Қазақстандық спортшылар тарапынан ұсыныстар келіп түссе, шаршы алаңда жекпе-жек өткізуге дайынмын» деп жазады оның сөзін аталған ақпарат көзі.

Исламаллабек Шаяхметұлы өткен аптада Ұланбатыр қаласында Моңғолияның үздік кикбоксшылары арасында өткен сайыста екінші орын иеленген.

Қазақтың «Көкжалы» Шиандағы жарыста бас жүлдені жеңіп алды - kazakcnr.com
null 

Шианда ережесіз жекпе-жектен 84 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Естай Темірұлы (лақап аты «Көкжал») іріктеу турнирінде бас жүлдені жеңіп алды. Ол осылайша ақпанның 5-8 күндері Қытайда өтетін әлемдік жекпе-жекке жолдаманы қанжығалап отыр.

«Біздің батырымыз Естай додада шешесі тіккен ұлттық киімді киіп, салауатын асырып, дұшпанның сағын сындырардай айбармен шаршы алаңға көтерілген еді», - деп жазады қытайлық kazakcnr.com әлеуметтік желісінде.

Бұл әлеуметтік желінің мәліметінше, Естай 2017 жылы туған жері Алтайдан  Шиан қаласына келіп ережесіз жекпе-жек өнерін үйреніп бастаған.

2010 жылдан 2013 жылға дейін Естай Шынжаң Спорт институтынан білім алып, 2011 жылы Шынжаңда өткен еркін күрестен, 2012 жылы тағы да Шынжаңда дәстүрлі күрес жарысынан бас жүлдені жеңіп алады. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін үйіне қайтып, біраз уақыт спорттан шеттеп қалады.

Ол әр жолы теледидардан өзі қызығатын ережесіз жекпе-жекті көрген кезде үйінде байыздап отыра алмай кетеді екен. Бір күні әке-шешесіне өзінің осындай спорт түрімен шұғылданғысы келетінін айтады. Бірақ ата-анасы оны қолдамайды. Таудай арман арқалаған жас ұлан ғаламтордан ережесіз жекпе-жекке қатысты материалдар көріп, өз бетінше машықтана бастайды. Кейін арманына жетуге бел байлап, достарынан қарыз ақша алып, Шианға аттанады.

Шиандағы күндері өз ойлағанындай бірден сәтіне баспайды, жаттығудан тыс уақыттарында қосымша кәсіп істеп, ақша тауып, жеке тәрбиешіге ұсыныс жасаған. Тәрбиешісі Естайға рухани да, экономикалық жақтан да көп көмек көрсетіп, қолынан келгенше жәрдем берген.

«Мен қатты намысшыл болдым, кей кездері тамақ ішуге ақша жоқ, аш қарын жаттығу жасайтын едім. Ондайда тәрбиешім бірден сезе қоятын да «ақшаң бар ма, тамақ іштің бе?» деп сұрайтын-ды. Сол кезде басқа әріптестерімнің көз жанары маған қадалғандай сезінетінмін де, ізінше ақшам бар, тамақ іштім дей салатын едім. Солай айтамын деп неше күн аш қалған да кездерім болды» деп ағынан ақтарылған спортшының ішкі сырымен бөліседі аталған ақпарат көзі.

«2017 жылы ақпанның соңы, Шиандағы кезім, қалтамда 800 юань ақшам ғана  бар еді, салмағым 107 келі, сәуірдің соңында ақшам таусылып, аш қалдым, соның әсерінен салмағым бірден 84 келіге түсті, сонда екі айда 23 келі салмақ тастаған екенмін. Онан да қызығы, спорттық мансабымдағы алғашқы айқасым сол кезге тура келмесі бар ма. Сөйтіп, шешуші жекпе-жекте екінші орынды  місе тұттым. Одан кейінгі 8 ай ішінде 3 рет жарысқа қатысып, 3 ретінде де бас жүлдені алдым. Осындай нәтижемді көргенде әке-шешем қатты қуанды, қолдау көрсете бастады. Аяулы анам маған арнап ұлттық киім тігіп берді. Сол анам тігіп берген киімді киіп, қытай чемпионатына шыққанда бойымды бір түрлі күш билеп тұрғандай сезіндім», - дейді өткенін еске алған Естай.

«Қазір Шынжаңға қайтсам, маңайымдағы адамдар өзгеріп кеткендей сеземін. Іс-жүзінде олар емес, мен өзгеріп кетіппін. Бұрынғыдай күндіз жылқы бағып, кеш болса бірнеше достарыммен бірге қыдырып, құр қиялға салынып жүретін күндеріме қош айттым. Себебі қазір мен кәсіби спортшымын, менде арман бар, арманыма жету үшін тынбай талаптанамын!» деген «Көкжалдың» қорытынды ойымен түйіндейді мақалланы ақпарат көзі.

Ердоған Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесті - trt.net.tr

null 

Президент Режеп Тайып Ердоған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен телефон арқылы сөйлесті. Бұндай ақпарат осы аптада Түркия Радио және Теледидар порталында хабарланған болатын.

Мемлекет басшылары екі ел арасындағы қарым-қатынастар, Сириядағы жағдай және халықаралық тақырыптарды талқылады.

«Ердоған мен Назарбаев, сонымен қатар, түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің наурыз айы ішінде өткізілетін кезектен тыс жиналысының ұйымдастырылуына байланысты пікір алмасты. Президент Режеп Тайып Ердоған Назарбаевты Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғарғы деңгейдегі ынтымақтастық кеңесінің Анкарада өтетін кезектен тыс жиналысына шақырды» деп жазады түркиялық ақпарат көзі.

Қазақстан терроризммен күресті күшейтпек - «Фарс» ақпараттық агенттігі

null 

Қазақстан үкіметі алдағы бес жылда елде экстремизм және терроризммен күрес туралы мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін шамамен 900 млн доллар қаражат бөледі. Бұл туралы осы аптада ирандық басылым Орталық Азияның ақпараттық порталдарына сілтеме жасай отырып хабарлаған болатын.

«Орталық Азияның ақпараттық порталдары сәрсенбі күні Қазақстанда экстремизм және терроризммен күрес үшін мемлекеттік бағдарлама жобасының дайындалғанын хабарлады. Аталмыш жоба туралы ашық келіссөздер Қазақстан Парламентінде ақпан айының 6-на дейін жалғасады. Қазақстан үкіметі экстремизм және терроризммен күрес бағдарламасын жалпы бюджет пен басқа да заңдық қорлар арқылы қамтамасыз етуді көздеуде» деп жазды parstoday.com.

 

Соңғы жаңалықтар