Қазақтың халық әні «Жіпті ине» Бейжің сахнасында шырқалды - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат- «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

«Әжелері тәрбиесі қазыналы бұлақтың көзі» - «Тамды шаруагері» газеті

Өзбекстанда шығатын «Тамды шаруагері» газетінде осы аптада әке мен бала, әже мен немере туралы қатарынан екі мақала жарық көрді. Оның біріншісінде «Сөзден сүрінген» деген тақырыппен ұлы ақын Абай мен оның әкесі Құнанбай арасындағы ел аузына тараған әңгімесі айтылады. Аталған жазбада ұлы ақын қанша данышпан болса да әкесінің пәтуалы сөзіне тоқтағаны мазмұндалады.

«Абай қаншалықты ғұлама, дана болса да, Құнанбайдың алдына келгенде сөзден сүрінеді екен. Бірде әкесімен әңгіме-дүкен құрып отырып, әжесі Зере, анасы Ұлжанның ақылдылығын мақтан еткен Құнанбайдың сөзіне масайраған Абай: «Әке, мен нағашыларыма тартқан екенмін» - деп, айтып қалады. Әкесі: Әй, Абай, бәйгеден келген тұлпарды мынау қай айғырдың баласы деп сұрайды. Бірақ қай биеден туды деп сұрағанды естіген жоқпын» -депті. Өзінің артық кеткенін түсінген Абай әкесінен кешірім сұрапты. Бір отырыста Абай: «Мен әкемнен де оздым» - депті. Бұл сөз Құнанбайдың құлағына да жетеді. Құнанбай: «Абайыңа сәлем айт, менен озбақ түгіл, маған жету үшін Абайдай ұл туғызып алсын», депті деп түйіндейді ел аузынан дайындаған Марат Саматов атты автор.

«Тамды шаруагері» газетіндегі екінші жазба «Асыл әжем» деген тақырыпта жарияланған екен. Онда мақала авторы бала тәрбиесінде әженің берер тәлімі бәрінен жоғары екенін айтады. Оған Шоқан Уәлихановтың Айғаным әжесі, Абай атамыздың Зере, Мұхтар Әуезовтың Дінасыл әжелерін мысал ретінде келтіреді сөз арасында.

Мақала авторының айтуынша, әжелеріміз тәлім-тәрбиенің бастауы, бізге үлгі-өнеге көрсетер асыл жандар, қазыналы бұлақтың қайнар көзі екен. Жанұяда бала тәрбиелеуде алатын орны ерекше – осы мейірімді әжелеріміз. Қазақ отбасындағы әже орны ерекше әрі қадірлі. Әже-отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-абысындардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы анасы, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі.

«Оның дәлелі Шоқан Уәлихановтың Айғаным әжесі, Абай атамыздың Зере, Мұхтар Әуезовтың Дінасыл әжелері қазыналы бұлақтың көзі болған әжелері еді... Алайда ата-әже мен немере арасындағы осындай байланыс бүгінгі қоғамда сиреп бара жатқаны мені қатты қынжылтады», деп жазады автор.

Автордың келтірген деректеріне сүйенсек, өз өмірінде де әжесінен алған тәрбиесі ерекше болған екен.

«...Менің де әжем өзім үшін олардан кем түспейтін. Сөйлеген сөзі, істеген ісі, айтқан ақылы қашанда қонымды-ақ болатын. Ал, әжемнің айтатын ертегілері мүлдем ерекше. Кішкентай кезімнен күнде кешкісін «Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде ...» деп жаңа ертегісін бастайтын. Себебі, оның оқып бітірген кітаптары өте көп. Бір қызығы, қай кітаптан қай кейіпкерді сұрасаң да мүдірмейтін. Мен оның ертегілеріне, әңгімелеріне құмарттым. Әр сәт әртүрлі ертегі баяндайтын әжем кешеге дейін бір ертегісін маған қайталап айтқан емес. Әжем мені, мен әжемді ерекше қатты жақсы көрдік...

Бәрі де Алланың қалауымен болады деген нанымға сенген қазақпыз, дегенмен, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыратын да, өмір көшінің көрігін қыздыратын да ерекше жаралған тұлғалар ата-әжелер. Біздің әулеттің көш салтанатына көрік берген болмысы бітік, аналық рухы биік менің асыл әжем еді деп нық сеніммен айта аламын. Әжемнің бейнесі мәңгі есте, оны уақыт аласарта алмайды. Асыл әже, немерелік пейіліммен әжелік мейіріміңе бас иемін», деп жазады мақала авторы Зарафшан қаласының тұрғыны Мереке Каттабосынова.

Моңғолия парламент сайлауында үш қазақ жеңіске жетті - Kaznews

2020 жылғы Моңғолия Парламенті сайлауының нәтижелері жарияланып, жақын арада парламенттің жаңа мүшелері ант береді, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталы.

Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, парламент туралы заңда көрсетілгендей бірінші сессияны 76 депутаттың ішіндегі ең қарт мүше басқаруы тиіс. Сондықтан бұл жолғы бірінші сессияны Баян-Өлгий аймағынан сайланған 66 жастағы Бәделхан Қабдісіләмұлы басқарады . Ол 1954 жылы туған және жаңа парламенттің ең қарт мүшесі атанып отыр.

Айта кету керек, 2020 жылғы Моңғолия парламент сайлауында Баян-Өлгий аймағынан Бәделхан Қабдісіләмұлы, Әубәкір Тілеуханұлы, Бейсен Бұланұлы қатарлы үш қандасымыз жеңіске жеткен болатын.

«2020 жылғы Парламент сайлауының қорытындысы бойынша Моңғол халық партиясынан атын ұсынушы Бәделхан Қабдісіләмұлы Баян-Өлгий аймағынан қайта сайланды. Ол 23379 дауыспен жеңіске жетті. Сонымен қатар, Баян-Өлгийліктер Моңғол халық партиясы атын ұсынған үміткер Әубәкір Тілеуханұлына 22662 адам дауыс беріп, сенім жүктеді. Үшінші мандатты Демократиялық партиядан атын ұсынушы Бейсен Бұланұлы 22448 дауыспен жеңіп алды. Нәтижесінде, Парламентке бұрын сайланбаған жаңа саясаткерлер келесі төрт жылда Баян-Өлгий халқының мемлекеттегі өкілі болады», деп жазады Kaznews ақпараттық порталы.

Қазақтың халық әні «Жіпті ине» Бейжің сахнасында шырқалды - Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNR)


21 маусым күні Қытай орталық телевизиясы бас станциясы өткізген қарттарға арналған «Алпыс жастан ассада, алты қырдан асыра ән шырқаған» атты қарттар қор жарысы Орталық телевизиясының «CCTV-1» және «CCTV-12» арнасында таратылды, деп хабарлайды kazakcnr.com ақпараттық порталы.

«Бұл жолғы өнер бәйгесінде еліміздің ең үлкен телеарналарында орындалған ән «Жіпті ине» атты қазақтың халық әні. Бұл әнде асқар тау, айдын көл, малды ауыл, атан жілікті жігіттер мен ару қыздар жырға қосылып, тамаша да бақытты өмірге мақтау айтылады. Құлақтан кіріп бойды алар тамылжыған тәтті әуен бірден жаныңызды жадыратып, бойыңызды балқытып, қиялыңызды қияндарға самғатады. Ендеше, осы Шағантоғай аудандық «Мейірбан аналар» ұйымының «Тау гүлі» халықтық өнер үйірмесі орындаған қазақтың халық әні «Жіпті инені» бірлікте тыңдап көрелік», деп жазады қытайдың «Орталық халық радиосы».

Видео ойыны рецептпен сатылатын болды - TRT

Akili Interactive тарапынан жетілдірілген «EndeavorRx» атты ойынға сату рұқсаты берілді, деп хабарлайды Түркия Радио Теледидар агенттігі.

Осы аптада түркиялық TRT ақпараттық порталы осындай қызықты хабар таратқан болатын.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі басқармасы Зейін жеткіліксіздігі және гиперактивтілік синдромына шалдыққан балалардың емделуінде қолдану мақсатымен бірінші рет бір видео ойынын тек дәрігердің рұқсатымен ғана сатуға рұқсат берген.

Аталмыш ойын 600 балада жеті жыл бойы сынақтан өткен. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 8-12 жас аралығындағы балалардың зейінін жетілдіру мақсатымен, осы ойынның сатылуында дәрігердің рецепті болуы керек деп шешкен.

Өзбекстанда «Мұғалімдер қауымдастығы» құрылды - «ӨзА» ақпарат агенттігі

«Мұғалімдер қауымдастығы» Өзбекстандағы жалпы орта және мектептен тыс білім беру жүйесін реформалау басымдықтарына негізделген, халық ағарту жүйесінде жұмыс істейтін мұғалімдерге жан-жақты қолдау көрсететін болады, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

«ӨзА» ақпараттық агенттігінің дерегінше, «Мұғалімдер қауымдастығы» 2020 жыл 3 маусымда үкіметтік және коммерциялық емес қоғамдық бірлестік түрінде тіркеуден өткен. Халық білім министрлігі қоғамдық бірлестіктің негізгі мақсаты Өзбекстандағы жалпы орта және мектептен тыс білім беру жүйесін реформалау басымдықтарына негізделген, халық ағарту жүйесінде жұмыс істейтін мұғалімдерге жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған және ол бүкіл республика аумағында жұмыс атқарады.

«Атаулы жобаны Еуропалық Одақ қаржыландырады және қоғамдағы мұғалімдердің беделін көтеруді және әлеуметтік қорғауды күшейту, құқықтық сауаттылықты арттыруды мақсат еткен. Сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби әлеуетін дамытуды бағытталған», деп түйіндейді «ӨзА».

Әлемдегі алғашқы аспалы шыны көпір Иранда салынды - «Фарс» ақпарат агенттігі


Ағымдағы аптада ирандық parstoday агенттігінде осындай тақырыптағы ақпарат жарық көреді.

Иранның солтүстік-батысындағы Ардебиль қаласында жергілікті инженерлердің жобалауымен тау ортасындағы сайдан 70 метр биіктікте ұзындығы 200 метрді құрайтын әлемдегі алғашқы аспалы шыны көпір салынды, деп хабарлайды Рarstoday.

Аталған ақпарат көзінің келтірген дерегіне сүйенсек, көпірдің едені 5 қатпарлы шыны мен ламинаттан тұрады. Таңғажайып көпірде қадам басқанда аяқтың астынан өзен, орман, жартастан тұратын әдемі панорама көрінеді екен.


Соңғы жаңалықтар