Қазақтың ежелгі ұлттық тоғызқұмалақ ойыны Түркияда кең етек жая бастады

None
None
ЫСТАМБҰЛ. Шілденің 19-ы. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Ыстамбұлда Таксим Гези саябағында Түркия шеңберінде тұңғыш рет өткен тоғызқұмалақ (Мангала) зияткерлік ойын чемпионатының финалы жастар және спорт басқармасы жастарға қызмет көрсету мекемесінің бастығы Аднан Гүлдің ұйымдастыруымен болып өтті.

Аталған сайысқа Түркияның 81 қаласынан тоғызқұмалақ ойыны бойынша іріктеп алу жарыстарынан өткен 13-30 жас аралығындағы қатысушылар бағын сынады.

Түркияда қазақ халқының ежелгі ұлттық тоғызқұмалақ ойыны алғаш рет 2006 жылы Халықаралық және ҚР тоғызқұмалақ қауымдастығының төрағасы Әлихан Бәйменов, Тоғызқұмалақ федерациясы жетекшілерінің бірі Мақсат Шотаевтың жүргізген насихаттау шаралары арқылы танымал. Түркияда ғылыми мақалалар жазып осы зияткерлік ойынды танытқан тарихшы қазақ ғалымы Абдуақап Қараның да үлесі орасан зор, деді жарыс ұйымдастырушылары.

Сондай-ақ соңғы 30 жылдың көлемінде ұмытылған түріктің дәстүрлі Мангал ойынының қайта жаңғыртылуы тікелей Қазақстандағы Тоғызқұмалақ федерациясының шетелде жүргізіп жатқан халықаралық семинарлар мен турнирлерінің арқасында болып отырғаны баса айтылды.

Болашақта Түркия Тоғызқұмалақ (Мангала) федерациясын құрып, Қазақстанмен бірлесе үлкен сайыстар өткізуге ниет білдіріп отыр.

«Осындай ұлттық зияткерлік ойындар арқасында тек болашақ ұрпақтарды тәрбиелеп қана қоймай, түркі тілдес халықтарының, соның ішінде Түркия мен Қазақстанның арасындағы қарым -қатынастарды күшейтіп әрі дамытып отырған абзал», - деді тарих ғылымының докторы Абдуақап Қара.

Соңғы жаңалықтар