Қазақтың ежелгі өнертабысы «құм қазық» туралы не білеміз - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА назарларыңызға шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.  

***

Құм қазық - «Жэньминь жибао» (People Daily) 
null   

Қытайдағы қандастарымыздың арасында таралатын «Халық газеті» сайтында ата-бабаларымыздың ақыл-парасатының жемісінің бірі, мал шаруашылығында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, күні бүгінге дейін ұдайы қолданылып келе жатқан ــ құм (жер) қазық туралы танымдық материал жарық көрді. 

«Әлмисақтан бері ата-бабаларымыз төрт түлік малды қолда бағу барысында малының жағдайына бола қысы - жазы қыстау мен жайлау аралығында көшпелі тұрмыс кешкенnty,  өсімдік жамылғылары мол орман ағашты, бұта - бүргенді,  тасы көп жерлерде малдарын ағаш, бұта - бүргеннен,  тастардан тас қора,  ағаш қора, қаша жасап соған қамайды,  немесе байлайды. Мініс ат көліктерінің түнде жайылып тұруы үшін,  ағаштан қазық жасап оны жазықтау жерге қағып ұзын арқанмен соған арқандайды. Ал, мал байлайтын ондай өсімдік жамылғылары да тас та жоқ жерлерде,  әсіресе құмды өңірлерде құм қазықты (жер қазық) тапқыр пайдаланған. Бұл көбінесе құмды өңірлерде пайдаланылатындықтан болса керек, малшылар аузында құм қазық делінеді. Ол негізінен жерден қазылып жасалатындықтан мен бұл мақаламда жер қазық - деп те атаған себебім сол. Енді бір сөзбен айтқанда жер бетіне тек ілмек жіп қана шығып тұратындығына бола жіп қазық деседе болғандай», - деп жазады мақала авторы Рахметжан Шонайұлы. 


Бұл құм қазықты жасау жолыда қарапайым екен. «Ең алдымен жерді тігінен 0.50-0.60 сантиметр шамасындағы тереңдікте,  көлденең тағы сондай ұзындықта жырашықтап қазған соң сондай ұзындықтағы қазықтың ортасына қыл арқанның қысқарақ қиындысын, болмаса шылбыр қатарлыларды ұзындау қылып ілмектеп мықтап байлап, қазықты әлгі жырашыққа отырып мықтап көміп, қазықтың ортасына ілмектеп байланған әлгі жіп немесе шылбырдың ілмегін жер бетіне ылайықты мөлшерде шығарып қояды. Міне, бұл құм қазық деп аталады», деп жазылған мақалада.

Құмнан шығып тұрған ілмекке малды байлайды. Ол аса берік болғандықтан қандай асау малдарда оны жұлып кете алмайды екен. 

 

Қазақтардың ресейліктерге қарағанда сатып алу қабілеті жоғары -parstoday.com

null 

 «Ресей үкіметіне қарасты зерттеу орталығы Мәскеудің экономикалық дағдарыс салдарынан сатып алу қабілеті тұрғысынан ТМД арасындағы бақуатты елдердің тізіміндегі біріншілікті Қазақстанға берген», деп жазады Ирандық parstoday.com ақпарат агенттігі.   

Осы орталық сарапшысының сөзіне қарағанда, бүгінде Қазақстандағы тұтынушылардың орташа қаржысы Ресей азаматтарының қаржысынан 16 пайызға артық. Бұл көрсеткіш болашақта арта түседі. Өткен жылы әрбір қазақстандық өзінің жеке басына 13.8 мың доллар, Ресей азаматы 11.9 мың доллар жұмсаған.

Шыңжаң өлкелік құрама командасының  34 жыл күткен «алтыны» - Қытай қазақ радио сайты

null 

Қытайдың ең үлкен мемлекеттік бәсекесінде Шыңжаң өлкелік құрама командасы  34 жыл күткен «алтынды» қанжығасына байлады деп жазады  Қытай қазақ радиосының ресми сайты.

«Мемлекеттік 13 кезекті Спартакиада грек-рим күресінен  Шыңжаң командасының мүшесі Моңғол азаматы Торбат 59 килограмм салмақта алтыннан алқа тақса, Ұйғыр азаматы Әсен Айса 85 кг салмақта «алтын» олжалады. Бұл Шыңжаң командасының 34 жылдан кейін алған «алтыны» еді», деп жазады дереккөз.

Аталмыш бәсекеде 66 килограмм салмақтағы қандасымыз Уәлиқан Серікұлы қола медаль еншілеген. 24 жастағы Уәлихан Серікұлы Спартакиадаға тұңғыш рет қатынасып отыр.

null 

Моңғолиядағы қандасымыз мүмкіндігі шектеулі  бүлдіршіндерге арнап  балалар үйінін ашты -    ulgiinews.mn

null

Моңғолияда тұратын кәсіпкер қандасымыз ата-ана қамқорлығынсыз қалған мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арнап «Жаннұр» балалар үйін салдырыпты. ulgiinews.mn сайтының мәліметінше, қазір мұнда 50-ге жуық  бүлдіршіндер тәрбие алады.

 «Біздің  орталықта тұлдыр жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбие алуда. Біз қоғамдағы  нәзік топқа жататын балалардың ыңғайлы, қауіпсіз ортада өсуіне, алаңсыз білім, тәрбие алуларына, дені сау, денесі ширақ болып өсіп жетілуіне, қоғамға жеке тұлға болып қалыптасуларына қамқорлық жасаймыз. Сондай-ақ психологиялық  және рухани көмек көрсетеміз.  Бізге көбінесе Албания, Түркия сияқты елдердің қайырымдылық ұйымдары көмек қолын созады. Алайда аймақ халқы да қолынан келгенінше көмегін аяған емес. Қазақ - жетімін жылатпаған халық» - дейді аталмыш орталықтың меңгерушісі, ұстаз Әдениетқызы Гүлжанар.

Игі істі аяқтауға әрі тұрақты іс, қызмет жүргізуіне аймақтық АӨХ-ның өкілі, ДП-ның бастығы, кәсіпкер Заңғар Есентайұлының үлкен үлес қосқан. Ол небәры 20 жасында бақиға аттанған аяулы қызы Жаннұрдың жете алмай кеткен арманын іске асырып, Алла ризашылығы және Ботасына сауап үшін осындай іске барған көрінеді.

 

Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар: Олжайту Хан- TRT порталы

null 

TRT порталының «Түркі өркениетіндегі ұлы тұлғалар» айдарыменЕлхан мемлекетінің 8-ші ханы Олжайту туралы материял жарық көрді.

Ұлы тұлға 1280 жылы туылып, 1316 жылдың 16 желтоқсанында қайтыс болған. Елхан мемлекетін құрушы Құлағу ханның немересі, Арғын ханның екінші баласы, алғашқы мұсылман хан Махмут Қазанның інісі болып табылады. Шешесі Арғын ханның үшінші әйелі Ұрық қатын. Оның толық аты - Олжайту Мұхаммед Хүдабенде. «Олжайту» дегендегі «олжай» қазақшадағы «олжа» деген сөз. Ал «-ту» жұрнағы «-лы» деген жұрнақпен бірдей. Яғни, «Олжайту» деген «олжалы» дегенді білдіреді екен.

«Олжайтудың аты Махмут Қазан ханның кезінде Елхандарға қарсы шыққан бүліктерді жаншу арқылы шыға бастады. Ең алдымен Хорасан әміршісі болып тұрған кезінде, қолбасшы Наурыздың бастаған бүлігін талқандады. Ал 1298-1299 жылдарында болса, оңтүстіктегі Фарс өңірінде бас көтерген Құтлық Хочө көтерілісін тыныштандырады. 1301 жылы Никудараян әулетін жойып, шығыстағы Херат қаласын елхандар қарамағына қосады. Осы жеңістерінен кейін Олжайтудың келесі хан болатындығы белгілі болған еді. Дегенмен, 1304 жылы он жетінші мамырда ағасы Махмут Қазан қайтыс болғаннен кейін немерелес ағасы Алафренк таққа талас бастайды. Сол жылдың шілде айының басында Алафренкті жеңгеннен кейін барып Олжайту Тебризге келіп, он тоғызыншы шілдеде Елхан мемлекетінің тағына шығады», деп жазады дереккөз. 

Билікке шыққаннан кейінгі Олжайту ханның бірінші ісі Мысыр мәмлүктерімен қарым-қатынасын түзету болған. Алайда, мәмлүктер Елханның бұл ізгі ниетін қабыл көрмепті. Сондықтан Олжайту Иранның одақтастары Христиан әлемімен жақындаса бастағандығы айтылады.

Олжайту хан батыс корольдеріне жазған тағы бір хатында бүкіл Шыңғыс хан ұрпақтарының ауызбіршілігін былай сипаттайды:

«Енді біз барлығымыз, Темір Қаған, Шабар, Тоқта, Тоғба және біз, Шыңғыс ханның ұрпақтары, ағалы-інілі туысқандар Тәңірдің қолдауымен табысып отырмыз. Сондықтан шығыста Наңжияннан Дала көліне дейін біздің халықтарымыз бір және жолдарымыз ашық».

Автор мақалада айтылған мәселені жан-жақты талқылай келіп, өзінің тұжырымын жасайды.

«Қорыта айтқанда, Олжайту ханның билік құрған кезі Елхан мемлекетінің ең бейбіт кезеңі болып саналады. Оның кезінде халықаралық сауда дамып, Иран қалалары гүлдене түседі. Әсіресе, Олжайту салдырған Сұлтание қаласы ерекше дамиды. Махмут Қазан ханның кезінде басталған реформалар өз жалғасын тауып, ауылшаруашылығы да дамиды. Бұл кезеңде көшпенді рулар отырықтаса бастайды. Олжайту хан «ғұлам» жүйесін енгізіп, христиан және яхуди балаларды мұсылманша тәрбиелеп, олардан әскер мен бюрократтар шығарады. Десе де, Олжайту ханның біз үшін маңыздылығы оның уәзірі Рашидәддиннің «Жамиғаттауарих» атты әлем тарихын жазып шығуы. Қазан ханның кезінде де бас уәзір болған Рашидәддин Олжайту ханның кезінде де осы қызметін атқарады. Оның еңбегі Түркі әлемі тарихы үшін ең маңызды дереккөздердің бірі болып табылады», деп түйндейді автор.

 

Қытайлық қандасымыз мемлекеттік Спартакиадасында «алтын» еншіледі - kazakcnr.com

null   

Қытайдың XIII кезекті спартакиада жарысында  қандасымыз Ерләнбек Кәтейұлы еркін күрестен бас жүлдені жеңіп алды. Бұл туралы  қытайлық kazakcnr.com сайты жазды.

Бұл Қытайдың төрт жылда бір өткізілетін ең үлкен басты додаларының бірі. Сондықтан бұл сында топ жарған спортшылар өздерін Олимпиада шыңын бағындарғанмен «тең» дәрежеде салыстырып жатады. Қытайдың төртжылдық додасында 65 келі салмақта Қытайдың Гансу өлкесінің атынан сынға түскен Ерланбек Кәтейұлы бас жүлдеге қол жеткізіп, ондағы қандастарымыздың мерейін бір көтеріп тастады.

Қандасымыз сондай-ақ күрестің осы түрінен Қытайдың ел іші біріншілігінде 2009 жылы қола медальға қол жеткізсе, 2013 жылы жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген болатын.

Айта кетейік, Ерланбек Кәтейұлы - 1985 жылы Қытайдың Алтай аймағына қарасты Қызылтас қалашығында дүниеге келген. Ол 2010 жылдан бері қарай Қытайдың ұлттық құрамасында өнер көрсетіп келеді. Ерланбек Қытайдағы қазақтар арасынан Олимпиадаға жолдама алған үшінші қандасымыз. Оған дейін грек-рим күресінен Әлнұр Төргеұлы, бокстан Қанат Ислам Олимпиадада Қытай атынан өнер көрсеткен болса, Ерланбек өткен жылы Рио олимпиадасында Қытай туы астында сынға түсіп, алдыңғы 8 мықтының қатарынан көрінді.

null 

Соңғы жаңалықтар