Қазақтың дәстүрлі «Қара жорға» биі Гиннестің рекордтар кітабына жазылды

None
None
sp;  АСТАНА. Қыркүйектің 4-і. ҚазАқпарат /Бақытжол Кәкешұлы/-  Қазақ халқының ерте замандардан келе жатқан, атадан балаға мұра болып сабақтасқан дәстүрлі билерінің бірі «Қара жорға» екеніне ешкім шүбә келтірмесі анық.

Жоғалып табылған, өшіп барып жанған сол халық қазынасы жаңа ғасырда жаңаша  леппен халық ортасына оралып, көпшілік қауымды бір қуантып тастаған болатын. Енді міне Қытайдағы қазақ қандастарымыздың ұлтжандылығының арқасында 10 мыңнан астам адам билеп шыққан «Қара жорға» биі  Гиннестің рекордтар кітабына жазылғандығы туралы қуанышты хабар келіп жетті.

Ұлтымыздың басына төнген нәубет заманның аласапыран жылдары әкелген қасірет берекесі ұйыған ұлысты тарыдай шашып, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениет пен дәстүрдің кей нұсқаларын жоғалтуға дейін жеткізді. Бұл үрдіс қазақ халқының тәуелсіз мемлекет болып орнығуынан кейін ғана тоқтады. Ұлт қазынасының бары мен жоғын түгендеп, қастерлеп сақтап отыруы, Алаш ұранын шақырып, әлемдегі бар қазақты елге оралуға үндеуі де осы тәуелсіздіктің арқасында ғана мүмкін болғаны баршамызға аян. Ал бүгін тымағын аспанға атқызып, әр қазақтың жүрегіне қуаныш ұялатқан  «Қара жорға» биі де сол ата жұртына ат басын бұрған ағайынның өздерімен бірге ала келген, дәстүріміздің жоғалып табылған бір парасы болатын. Қазақтың көнеден келе жатқан байырғы  «Аққу» биi, «Қыз ұзату», «Көбелек», «Асау үйрету», «Киiз басу» деген тәрiздi дәстүрлi билерінің қатарында «Қара жорға» биі де аталады. Қытайлық қандасымыз Даму Әбілқажинұлының айтуынша, «Қара жорға» биінің тарихы XII ғасырдан арыға кететін көрінеді. Ал Қазақстанға осы биді алғаш әкеліп дәріптеуші Арыстан қажы Шәдетұлы бидің өзге туысқан ұлттардың немесе қазақтың басқа да билеріне ұқсамайтын өзіндік дара қасиеті - оны билеген кезде адамның барлық буындарының қозғалысқа енетіндігінде дейді. Кезінде Қытай ауып Түркияға барған қазақтардан түрік елі  «өздеріңе тиесілі мәдениеттеріңді көрсетіңдер» дегенде, Арыстан ағамыз «Қара жорға» биін билеп, көрерменін таңдандырған екен. Жалпы бұл би қазақтың намысын осы уақытқа дейін де қорғаған, ұлттық мәдениетіміздің өресі биік жауһарларының қатарына жататынын айтуға тиіспіз. Қазіргі күні кең таралған Қытайдағы қандастарымыздың өзінде бұл би ұмытылып барып, соңғы 10-20 жылдың көлемінде ғана қайта жарыққа шығыпты. Сол жақтағы ағайындар биді үлкен сахналарға көтеріп, оған ән сөзін жазып қосты. Бүгінгі күні ол жақта үлкенді-кішілі тойлардан бастап, шағын бас қосу, жастар баратын түнгі би, сауық-кештеріне дейін «Қара жорғасыз» көңіл ашу қимылы өтпейтін болған. Оның осындай кең таралуы да, қандай ортада болсын кәрі мен жасқа бірдей жатырқаусыз биленетіндігі де, сонымен қоса музыкасының ырғақтылығымен адамды өзіне баурап алатындығы да бидің өзіндік дара қасиетін көрсетсе керек. Осы бір жақсы үрдіс қазір Қазақстанның ауылдарында да ақырын-ақырын қалыптасып келе жатқанын той-томалақтарда байқап та жүрміз.

Енді құлағымызды елең еткізген жаңалыққа келсек, алғашқы ақпаратқа Қытайдың Синьхуа агентігінің  30-шы тамыз күнгі таратқан, Алтай аймағының Шіңгіл ауданынан берген шағын хабарынан құлағдар болдық. Онда аудандық партия комитетінің хатшысы Жаужиенің: «Қазақ ұлтының дәстүрлі биі «Қара жорғаны» 10 мың адамның билеп шығу салтанатын Қытай коммунистік партиясының алда келе жатқан 60 жылдық тойына орайластырып өткіздік, сонымен бірге ұзақ тарихқа ие қазақ дәстүрлі мәдениетін Гиннестің дүние жүзілік рекордтарына енгізе отырып, әлемге танытуды көздедік», деген сөзіне сілтеме жасалған еді.

Біз толығырақ мәлімет алу үшін Қытайдың Шіңгіл ауданында тұратын танысымыз Мұқият Серкешұлымен телефон арқылы байланысқа шықтық. Аудан әкімшілігінде жұмыс істейтін бұл кісі  осы   10 мың адам бір мезгілде билеген «Қара жорғаға»  өзі де қатысыпты. Ол кісінің айтуы бойынша Алтай аймағындағы Өр Алтай деп аталатын қазақтар шоғырлы қоныстанған Шіңгіл ауданында өткен  «Қара жорға» топтық биіне қазақ, қытай, моңғол ұлттарынан құралған 13288 адам қатысқан. Қатысушылардың басым денін өз қандастарымыз құраған. Қазақтың дәстүрлі өнерін әлемге танытып, Гиннестің рекордтарына ену үшін алдын-ала өтініш білдіріп, 3-4 ай көлемінде жаттығу жасалған екен.

Сөз соңында Мұқият Серкешұлы:  «Қазақстан бұл жаңалықты әлі толық естімеген болар, сіздер тезірек жеткізіңіздер. Ал бұл жақтағы қазақтың қуанышында шек жоқ, біз ұлттық салт-дәстүрімізді әркез қадірлеп сақтауға өз үлесімізді қоса береміз!» - деп, ағынан жарылған тілегін білдірді.

Осыған қоса айтар тағы бір жаңалығымыз,  «Қара жорға» биін билеген адамның барлық буындарының қозғалысқа түсетіндігін ескере отырып, Қытайдағы қандастарымыз Алтай аймағының 7 ауданындағы әр ұлттың мектеп оқушыларына арнап, сабақ аралығындағы гимнастика ретінде «Қара жорға гимнастикасын» жасап шығарған. Бұл аймақтық әкімшілік жағынан бекітіліп, әр мектептің міндетті түрде орындайтын радио гимнастикасы болып енгізілген. Онда «Қара жорға гимнастикасы» бидің негізгі әрекетін сақтай отырып, мектеп оқушыларының денешынықтыру өлшеміне сай қайта жасалған. Бұрынғы музыкасына домбыра, қобыз қатарлы ұлттық аспаптардың сүйемелдеуін қосып, әрі ән сөзін оқушыларға арнап өзгерткен.  

Соңғы жаңалықтар