Қазақтың даласына жолбарысты қайтаруға әбден болады - вице-министр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның ормандарына жолбарысты қайтару бастамасына қатысты өз ойын білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Жолбарыс бұрын қазақ жерінде болған. Ол анау Сыр мен Іленің бойын мекендеген. Іленің бойында соңғы жолбарысты соғыстың алдында көрген. Әрине, бертін келе, көптеген өзгерістер болды, жаңа елді мекендер бой көтерді. Дегенмен, жолбарыстың шектеулі санын шағын бір аймақта ұстауға болады. Ол үшін адам баспаған жерлер болуы керек. Ондай жерлер жоқ дейміз. Дегенмен, жабық аймақтарды жасауға болады. Ол үшін Іле-Балқаш резерватын құру қажет. Сосын Іленің бойындағы тоғайды қалпына келтіру керек. Одан кейін соның ішіндегі жан-жануарды көбейткен жөн. Себебі жолбарыстың азығы болуы қажет. Сондықтан бағана баяндама жасаған спикер дұрыс айтты, бұл бастамаға 25-30 жыл кетеді. Әрине, жолбарыстар жан-жаққа тарамайды. Оларды бір резерваттың аумағында ұстауға болады", - деді Е.Нысанбаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, бүгінде Іле-Балқаш резерватын құру жұмысы қаржыға тіреліп отыр. Ғылыми негіздеме, тіпті жер де дайынд тұр. "Бүгінде керегі тек қаражат қана. Енді, қазіргі дағдарысқа байланысты біз 2018 жылы резерватты құруға қажетті ақшаны аламыз деп жоспарлап отырмыз", - деп атап көрсетті Е.Нысанбаев.

Айта кетейік, бүгін Парламент Сенатында биоалуандылықты сақтау мәселесіне арналған қоғамдық тыңдаулар болды. Сол жерде Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) Ресейдегі бағдарламасының директоры Екатерина Воробьева қазақ даласына жолбарысты қайтару жобасын қолға алуды ұсынды.

 

Соңғы жаңалықтар