Қазақтың белгілі ақыны Ибрагим Исаев дүниеден өтті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 65 жасқа қараған шағында жүрек ауруынан көрнекті ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ибрагим Исаев көз жұмды. Қаралы хабарды Қазақстан Жазушылар одағының хатшылығының меңгерушісі Қайырниса Жұмашева растады.

Жазушыны ақтық сапарға шығарып салу шарасы дүйсенбі күні таңертеңгі 10:00-да Жазушылар одағында өтеді.

Ибрагим Исаев 1949 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының Жетікөл ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. Сырдария аудандық газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық шығармашылығы үйінде нұсқаушы-әдістемеші, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында тілші-әдіскер, «Ара» журналында фельетоншы, «Жалын» альманахында редактор, «Сахна-Сцена» журналында бас редактор, «Сақшы - На страже» газетінде, «Арай» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген.

Өлеңдері бірқатар шетел тілдеріне аударылған. «Алтын сырға», «Таң алдындағы ән», «Тербеледі қайыңдар», «Жанымның жарығы» өлеңдер жинағының, көптеген ән мәтіндерінің авторы. «Ән-аға» атты ән альбомы шыққан.

Коми ақыны И.Куратов, орыс ақыны Н.Рубцов өлеңдерін қазақша сөйлеткен.

Соңғы жаңалықтар