+7 (701) 759 90 19
USD 426.77 EUR 509.95
RUB 5.89 CNY 66.34
Jańalyqtar

Қазақтың бауырмалдығы мен мейіріміне жететін ештеңе жоқ – Зелимхан Зубариев

2021 жылғы 1 наурыз 19:56
Бөлісіңіз:
Қазақтың бауырмалдығы мен мейіріміне жететін ештеңе жоқ – Зелимхан Зубариев

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Алғыс айту күні – жалпыхалықтық сипатқа ие болған мереке. Өйткені, бұл күні бір заманда тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдері қазақ халқына жүрекжарды алғысын жеткізді.

«Жергілікті халық өзге жұртқа жасаған жақсылығын ешқашан бұлдаған жоқ. Қазақтар қиналған жанға қол ұшын созып, көмектесуді парызы санайды. Осындай кеңпейілді халқы бар тәуелсіз Қазақстанымызда қоғамдық келісім мен татулықтың арқасында ел бірігі нығайып, толағай табыс пен жасампаз игілікке қол жеткізіп келеміз» дейді Атыраудағы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев.

Оның айтуынша, Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті лаулап тұрған шақта, дәлірек айтқанда, 1944 жылғы 23 ақпан-9 наурыз аралығында чешендер мен ингуштарды атақонысынан айырып, күштеп жер аудару науқаны жүрді.

Атақонысын қимаса да, талай отбасы еңірегенде етегі жасқа толып, солақай саясаттың құрбаны болды.

«Сол кезде тау бөктерінде аздаған уақ жандығын бағып отырған менің әке-шешемді де ақпанның аязды күнінде жүк вагонына тиеп ала жөнелді. Қайда, неге бара жатыр? Оны өздері де түсіне алмады. Шойын жол бойымен зырлаған пойыздың вагоны қақап тұр. Талғажау етер тамақ та жоқ. «Өлмейтін жанға өлі балық жолығады» демекші, стансаларға тоқтағанда, жергілікті тұрғындардың ұсынған тағамын алып, өзек жалғауға талғажау етіпті. Сөйтіп, он сегіз күннен кейін Алматыға жетіпті. Қуғын-сүргінге ұшыраған отбасыларды әрі қарай машинамен Алатау баурайындағы «Алтынемел» деген ауылға апарған. Үйелмелі-сүйелмелі жеті баласымен келген әкем Асабали мен шешем Нананы қамқорлаған жергілікті қайырымды жандарға айтар алғысымыз шексіз» -дейді Зелимхан Зубариев.

1944 жылдың көктемінде қазақ халқының қамқорлығын көрген әкесінің отбасы шағын баспанаға ие болған. Әкесі әуелі колхоздың өгіз арбасымен, кейін ат арбамен су тасыған. Ал шешесі шаруашылық қоймасында жұмыс істеп, бидай тазартуға көмектескен. «Алтынемел» ауылындағы №3 бөлімшеде жиырма жыл тұрған әке-шешесі 1964 жылы туған еліне оралған.

«Өзімнің кіндік қаным қазақ жерінде тамған соң, осында қалуды жөн көрдім. Қазақтың балаларымен бірге ойнап, бірге өстік. Мектепте бірге білім алдық. Қазақ ауылында есейіп, 1969 жылдан немере ағайым Адаммен бірге Атырау облысындағы Индер ауданының «Путь Ильича» кеңшарында жұмыс істедім. Осында тұрмыстық, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй салдық. Техника жөндедік. Менің алдымнан ұдайы жақсы адамдар кезікті. Шаруашылықтағы Сатан Молдашев, Қуан Құлғалиев, Шәши Еділбаев, Зинел Өрбісінов, Мырзағали Егінбаев сынды ағаларымның қамқорлығын талай рет сезіндім» -деген пікірін білдірді ол.

Алматы автомобиль жолдары институтын бітіргеннен кейін жаңадан бой түзей бастаған Исатай ауданының орталығы – Аққыстау селосына көшіп келген. Мұнда алғашқыда №89 жол құрылысы учаскесінде цех мастері болған. Кейін асфальтбетон зауытына, жол құрылысы учаскесіне басшылық еткен.

«Қазір Атырауда да, Исатай ауданында да біздің отбасымызды білмейтіндер кемде-кем. Көршілерімді, әріптес болған жандарды – бәрі-бәрін туған ағайынымдай көремін. Жұбайым Әмина екеуміз балаларымыз мен немерелеріміздің ана тілімізбен бірге, қазақшаны да меңгергенін қаладық. Өйткені, қазақ тілі – менің әке-шешемді өзге ұлт деп жатсынбай, жақынындай бауырына тартқан дархан көңілді қазақтың ана тілі, тәуелсіз Қазақстанымыздың мемлекеттік тілі. Шүкір, балаларым да, немерелерім де қазақша мақалдарды қолданып, ойын еркін білдіреді. Қазақтың салт-дәстүріне жете қанық болып өсті. Шаңырағымызға бас сұққан әр адамға әйелім қазақтың ұлттық тағамдары – қымыз бен шұбатты, бауырсақ пен қаймақты, жал-жая мен қазыны, ірімшік пен құрт-майды ұсынып, дастарханнан дәм таттырады. Міне, біз қазақ халқына деген алғысымызды осылай білдіріп келеміз» -дейді Зелимхан Зубариев.

Оның Аққыстау селосына көшіп келгеніне қырық жылдан асқан. Содан бері жанына адал дос, сыйлас адамдарды жинауға тырысады.

Әсіресе, қазақтың азаматтарын іштартып тұрады. Немерелерінің домбыра үйірмесіне барып, күй тартқанын қалайды.

«Әкем өмірден өткенше «Сонау қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы ауыр жағдайды өткеріп отырғанына қарамастан, күштеп жер аударылған бізге барынша қамқорлық көрсетті. Қазақтың бауырмалдығы мен мейіріміне жететін ештеңе жоқ» деп алғысын жаудырып отыратын еді. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дегендей, сол кездегі қазақтың қайырымдылығы ешқашан ұмытылмайды. Әрқашан дархан көңілді, мәрт мінезді қазақ халқына алғысымды білдіруді парызым деп санаймын» дейді Атыраудағы «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда Алғыс айту күні қарсаңында 33 медицина қызметкері марапатталған болатын.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Бек Мұстафа

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT