Қазақтың «ат тұлдау» дәстүрі әлі жалғасып келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Заманның, тұрмыс-тіршіліктің өзгеруіне байланысты ұлтымыздың көптеген салттары, дәстүрлері уақыт тасасында қалып, көмескіленіп, тіпті мұлдем ұмыт болып бара жатқаны белгілі. Соның бірін бүгін сөз етпек болып отырмыз.

Ол қазақ халқының дәстүрлі аза тұту рәсімі болып саналатын - «ат тұлдау» салты. Ат тұлдау - қаза болған адамға жоқтау айтып жүріп, аттың құйрық-жалын күзейді. Оны тұл ат, кейде қаралы ат деп атайды. Тұл ат жыл бойы мінілмей, бос жүреді. Бір жылдан соң марқұмның асына сойылады. Сол рәсім кезінде қайтыс болған кісіні жоқтап, атқа қоштасу айтылады. Мұндай салт қазақтардан өзге қырғыздар, көшпелі өзбектер, осетиндерде де кездеседі. Бұл ұлтымыз көшпенді тұрмыс кешіп жүрген уақытта қазақта кеңінен жалпыласқан дәстүрдің бірі еді.

Жалпы аталған салтымыз турасында көзіқарақты оқырман хабардар деп ойлаймын. Өткен замандардағыдай емес, жылқының орнын машина басқан бүгінгі күнде бұл «ат тұлдау» дәстүріміз аздап болса да әлі де жалғасын тауып келеді екен.

Олай дейтініміз, қайтыс болған кісінің асында тұлдаған атпен қоштасып, жоқтау айтылған видео жақында ғана ватсап желісінде тарады. Біз сол аста тұлдаған атпен қоштасқан Талдықорған қаласының тұрғыны Күннұр Оразбайқызымен хабарласқан болатынбыз. Оның айтуынша, бұл ас Алматы облысы, Ақсу ауданына қарасты Ақсу ауылында 24 қазан күні өткен. Аталған ас әкесі мен шешесінің қайтыс болғандығының бір жылдығына орай ұйымдастырылған. Айта кетейік, марқұм Оразбай Сұлтанұлы мен оның жары Шәрмен Құсыманқызы - Қытайдан келген қазақтар. Өткен жылы екеуі араларына аз күн ғана салып о дүниелік болған екен. Биыл соған ас берілген. Артында қалған ұрпақтары байырғы қазақ салты бойынша әке-шешесіне арнап арнайы екі атты тұлдап, белгі салыпты.

Айта кету керек, марқұмдардың балалары шетінен өнерге жақын болған. Атап айтар болсақ, Күннұр Оразбайқызы республикалық деңгейдегі айтыстарға қатысқан суырып салма ақын. Марқұм Оразбай Сұлтанұлы арғы бетте жүргенде ұстаздық қызмет атқарған. Өзі де өнерге, соның ішінде ақындыққа бейім болған көрінеді. Көп өлеңін баспаға ұсынбаса да, өмір бойы қойын дәптеріне өлең жазып жүреді екен. Сондай-ақ, Оразбай Сұлтанұлы ат баптайын бапкерлігі мен қоса шын жүйрікті жазбай танитын ат сыншысы да болыпты. Ол кісінің жазып кеткен өлеңдерін балалары биыл кітап етіп бастырыпты. Осы жолғы аста марқұмның «Ақбелбеу аттың жүрісі» атты кітабының тұсаукесері де өтіпті.

Біз ақын Күннұр Оразбайқызынан әке-шешесінің асында тұлдаған атпен қоштасу айтуы туралы толығырақ сұрап білген едік. Ол бұл қоштасуды айтамын деп алдын-ала дайындалмағанын, тек аттарды союға әкелген кезде қариялар оған балалардың үлкені екендігін ескертіп, енді әке-шешесінің асына арналған аттармен қоштасу салтын жасауы міндетті екенін айтыпты.

«Тұлдаған жылқыға келсек, бұрынғы заманда ат мінбейтін қазақ баласы жоқ қой. Бәрі мініп жүреді. Өлген соң соның атын тұлдайды екен. Тұлдауды өзің де білерсің, аттың жал-құйрығын күзеп, жыл уағы толғанға дейін мінбей қоя береді. Оның себебі аталған жылқыны семірту үшін. Жал-құйрығы күйзелген жылқыға ұры-қары да тиіспейді. Өйткені тұлданған, қайтыс болған кісінің жылқысы екендігін сыртқы белгілері арқылы біледі. Бір сөзбен айтқанда тұлдаудың бір белгісі осы екен. Ал оны ас берілетін кезде соймақшы болғанда жылқыға иесінің ер-тоқымын ерттейді. Сол ер-тоқымның үстіне ат иесінің шапанын жауып, бас киімін ердің алдыңғы қасына теріс қаратып кигізіп қояды. Бұлай етудің себебі – өзі кетті, енді міне аты да кетті, бәрі теріс қарады дегенді білдіреді ғой. Осындай сәтте қаза болған адамның ең жақын адамдардың бірі келіп тұлдаған атпен қоштасу айтады. Өткендегі аста мен еш дайындықсыз тұрғанда үлкендер келіп, сен балалардың үлкенісің, енді дәстүр бойынша тұлдаған аттармен қоштасу айтуың керек деді. Мен қоштасу айттым. Соны ас-жиынға қатысушылардың бірі телефонға түсіріп алып, әлеуметтік желіге салып, көпшілікке тарап кетіпті. Бұны көргендер аталған дәстүрдің әлі жалғасып келе жатқанына таңданысын жасыра алмағанын видеоның астында жазылған комментарийлерден білдім», дейді қоштасу айтқан Күннұр Оразбайқызы.

«Бұндай дәстүрді бұрын көрген бе едіңіз және ат тұлдау сіз туып өскен жерде қазірге дейін жалғасып келе ме» деген сұрағанымызға Күннұр Оразбайқызы өз жауабын берді.

«Қытай жақтағы қазақтарда бұрынырақта болғанын естігем, бірақ өз көзіммен көрдім деп айта алмаймын. Біздің ат тұлдап, оны сояр кезде әкеміздің жақсы көріп мінген атына қимастықпен қоштасуымыз ата-анаға опалы ұрпақтық махаббатымыздың бір көрінісі деуге болады. Сондай-ақ, мағынасы терең ата-салтымызды қайта жаңғырту еді», дейді Күннұр Оразбайқызы.

Қазақ халқының бұл дәстүрлі аза тұту рәсімін өткен ғасырда кеңес, орыс этнографы Б.А.Калоевтің, Құрбанғали Халидтің, В.В.Радловтың еңбектерінде тереңірек зерттелген. Әсіресе ұлы суреткер жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясында кеңінен баяндалғаны белгілі. Соған қарап бұл дәстүрің қатардағы кішігірім салттың бірі емес екенін аңғарамыз.

Сөз соңында марқұм Оразбай Сұлтанұлы мен Шәрмен Құсыманқызына арнап тұлдаған аттарымен қоштасқанда ақын қыздары Күннұрдың айтқан қоштасуының жазбаша толық нұсқасы мен видеосын ұсына кеткенді жөн санап отырмыз.

«Бисмилла сөзді бастайын,

Салтымнан қалай аттайын.

Әке мен шеше қос қормал,

Есімнен қалай тастайын.

Қос қормалымды құлаған,

Жыл бойы жоқтап жылаған.

Тұлданды бүгін тұлпарым,

Жыламай қалай тұра алам.

Мал болса да жаны бар,

Жалыңнан сүйдім жануар.

Санаға біткен сағыныш,

Шіркін-ау, қашан арылар.

Әкеден қалған мал едің,

Ер-тұрманыңмен сән едің.

Қаралы күннің соңғы рет,

Көрсетіп тұрсың дәлелін», деп қоштасады Күннұр Оразбайқызы.



Соңғы жаңалықтар