Қазақтың әрбір ұлттық мерекесін қалт жібермейміз - «Шалом» еврей этномәдени бірлестігі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі «Шалом» еврей этномәдени бірлестігінде 600-ден астам мүше бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы үйінде орналасқан бірлестік салт-дәстүрлерін сақтайды, қазақтың ұлттық мерекелерін де қалт жібермейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шалом» еврей этномәдени бірлестігінің төрайымы Полина Савицкая өте белсенді, қоғамдық жұмыстарға араласып жүреді. 1998 жылы өңірде еврейлердің бірлестігі құрылып, содан бері ұжым өңірдің әлеуметтік-мәдени шараларына қатысып, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтау жолында балаларды тәрбиелеп келеді. Қазіргі күні Ақтөбеде тұратын әрбір еврей азаматы тарихы мен ата салтын біледі, өз арасында дәріптейді.

«Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді ірі жобасы өзге елде жоқ, қазақ жеріне ғана тән татулықтық пен бейбітшіліктік символы болып отыр. Қазақ жерінде тұратын әрбір ұлт құрметке ие және осы үшін қазақ елін шексіз сыйлайды. Ал Нұр - Сұлтан қаласында өтетін кезекті сессия біз үшін маңызға ие. Себебі сессияда ауқымды тақырыптар қамтылып, жаңа міндеттер жүктеледі», - деді «Шалом» еврей этномәдени бірлестігінің төрайымы Полина Савицкая. Ол сессияға қатысуды құрмет санайды. Бұл жолы екінші рет жолға шығады.

Ақтөбедегі «Шалом» этномәдени бірлестігі қазір 600-ден астам адамның басын біріктіріп отыр. Мұнда еврейлердің ұлттық мерекесі тойланып, қазақтың мейрамдары да атап өтіледі. Мәселен, ұжым Наурыз мерекесінде дастархан жайып, қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлейді. Сонымен қатар Қазақстан халықтарының бірлігі күні де асыға күтетін мереке. Бұл күні этномәдени бірлестіктер ұлттық салт-дәстүрлерін көрсетіп, өнерлерін ортаға салады.

«Мен Қазақстаннан атажұртқа көшу туралы ойлаған емеспін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қамқорлығына алып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды, өзге ұлт өкілдеріне жаңа мүмкіндік сыйлады. Өзіміз қазақ ортада өсіп-өндік және оны мақтан тұтамыз», - деді П.Савицкая.

Соңғы жаңалықтар