Қазақтың алғашқы журналист қыздары

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақтың алғашқы журналист қыздары кімдер? Осындай сұрақ ортаға шыққанда бірауыздан Нәзипа Құлжанованың атын атаймыз. Әрине, Нәзипа апамыз өзі бас болып, қазақтың тілші қыздарына журналистикаға апаратын жол салып берді. Ал одан кейін ше? Нәзипа апамыздың ізін басып журналистиканың пұшпағын илеген қазақтың қыз-келіншектерінен кімдерді білеміз, деп жазады «Айқын» газеті.

Нәзипа - тұңғыш журналист

Нәзипа Құлжанова (1887-1934) Қостанайдағы қыздар гимназиясын тәмамдады. Сөйтіп, Семейдегi мұғалiмдер семинариясында сабақ берді. Осы кезден бастап қазақ әйел­дерi арасынан дараланып, ұлт­тың жоғын жоқтады. Қазақ мектептеріне арнап оқулық жазды. Тек педагог, ғалым ғана емес, қаламы қарымды журналист ретінде де қоғамға үн қосты. «Қазақ», «Айқап», «Бірлік туы», «Жаңа мектеп» секілді басылымдарда Нәзипа қазақ тағдырына, оқу-ағартуға қатысты мақалаларын жариялады. 1923 жылы - «Мектептен бұрынғы тәрбие», 1927 жылы «Ана мен бала тәрбиесі» секілді әдістемелік кітаптарын дүниеге әкелді. Екіншісіне Ахмет Байтұрсынов алғысөз жазды.
Нәзипа Абайды қазаққа таныт­қан зиялылардың бірі болатын. Жүсіпбек Аймауытов «Айқап» журналына бұл туралы: «Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды Нәзипа ханым болып шежіреде жазылуы тиіс» деп жазды.
Иә, Нәзипа қазақ журналис­тикасына елеулі үлес қосты. 1922 жылы - «Еңбекші қазақ» газетінде, 1923 - 1925 жылдары - «Қызыл Қазақстанда» (қазіргі «Ақиқат» журналы), 1925 - 1929 жылдары «Әйел теңдігі» (қазіргі «Қазақстан әйелдері») журналдарында жауапты қызмет істеді. Айта кетейік, Нәзипа Құлжанова - қазақ зиялысы Нұрға­ли Құлжановтың жұбайы болатын.

«Қазақтың» үш қызы

1914 жылы «Қазақ» газеті Орынбордан шығып тұрған кезінде редакцияда үш қыз істеген. Тіпті үшеуінің бірге түскен суреттері де сақталған. Міне, осы үш қыз Ғайнижамал Дулатова, Аққағаз Досжанова және Гүлайым Балғын­баева болатын. Олар туралы Тұрсын Жұртбай: «Аққағаз Досжанова - қазақтың ішінен шыққан атақты қыздардың бірі. Аққағаз Батыс Алашорда әскерінің барлаушысы болған. Ол тұңғыш рет қазақ қыздары арасында толық дәрігерлік курсты бітіріп, «дәрігер, ғалым-зерттеуші» деген атақ алған. Түркістан орталық комитеті Қазақ автономиясы «Аққағаздың жұмыс істегеніне бір жыл толды» деп той қылып, атап өткен. Аққағаз 1920 жылдардың соңында өкпе ауруына шалдығып, дүниеден өткен.
Гүлайым Балғынбаева Герма­нияда оқыған. Ұмытпасам, Мұхтар Мұрзиннің зайыбы болған. Ол кезде оқыған қазақ қыздарының «Алаштың» жұмыстарынан тысқары қалуы мүмкін емес. Әкесі патша үкі­метінде үлкен қызмет істеген. Аққағаз да, Гүлайым да, Ғайнижамал да «Алаштың» бүкіл жазуларын қағазға түсіріп отырған» деген еді жазды.
Аққағаз Досжанова (1893-1931) негізінен, медицина тақырыбындағы мақалалар жазды. Одан бөлек, «Әйел теңдігі», «Абай», «Жас азамат» басылымдарына бұратана халықтардың басындағы теңсіздік пен әділетсіздікке қатысты өткір мақалаларын шығарды. 1921 жылдың 11 қыркүйегінде «Степная правда» газетіне Аққағаздың «Түркістанда» деген мақаласы шықты. Осы мақаласында ел ішінде белең алған жұқпалы аурулардың қаупі туралы жазған. Нәзипа қазақтан шыққан тұңғыш қазақ журналисі болса, Аққағаз тұңғыш дәрігер қыз болды. Сондықтан оның мақалалары, негізінен, осы салаға тікелей байланысты еді. Аққағаздың жұбайы Әлімгерей Ершин естелігінде: «Аққағаздың алдында артық сөз айтуға Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов секілді ақын-жазушылардың батылы бармады» деп жазады. Қазақ қызының қайсар болмысын осыдан-ақ байқауға болады. Ал «Қазақ» газетіндегі үш қыздың біреуі Міржақып Дулатов­тың жары Ғайнижамал еді.

«Айқаптың» арулары

«Айқап» журналының ерек­шелігі сол - қазақтың тұңғыш журналист қыздарының буынын қалыптастырды. Алаштанушы-ғалым Қайрат Сақ: «Журнал басшылығы ұлт баспасөзі тарихында тұңғыш рет қазақ қыздарын тілшілік қызметке тартады. Басылымда тырнақалды туындылары жарық көрген Сақыпжамал Тілеубайқызы, Мәриям Сейдалина, Күләйім Өтегенқызы - қазақ қыздары ара­сынан шыққан алғашқы жур­налистер. Олардың есімдерін ұлық­тап, ел журналистикасына жаңа­лық енгізген ерен еңбектерін бағалау - уақыт еншісіндегі мәсе­ле. Бір ауыз сөзге сыйдырып айтсақ, бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген қазақ қыздарының алғашқы бастауы «Айқаптан» арна тартады» деп жазды.
Мәриям Сейдалина (1891-1916) - белгілі заңгер Жансұлтан Сейдалиннің қызы. Жастайынан өлең шығара бастады. «Айқап» журналына ұлт жоғын жоқтаған мақалаларымен қатар, «Зарлау», «Көздер», «Тұр, қазақ!» секілді отты жырларын жариялады. Қазақ зиялысы Сейілбек Жанайдаровқа тұрмысқа шықты. Сөйтіп, екеуі 1916 жылы Бірінші дүниежүзілік соғысқа аттанды. Ол жақта майдандағы қазақтарға қамқор болды. Алайда Мәриям сол майдан даласында дүние салды. Невель қаласында жерленді.
Сақыпжамал Тілеубайқызы «Айқап» журналына озбырлықты, зорлық-зомбылықты айыптаған дүниелерін жариялады. Одан бөлек еркіндік, әйел бостандығы, өнер-білім секілді мәселелерді қозғады. «Айқапта» Сақыпжамалдың «Қазақ қыздарының аталарына», «Мұңдас­тарыма бір-екі сөз», «Ұзақ күткен үмітім һәм бас адамдарға бір-екі сөз» секілді мақалалары жарияланды. Осындағы 1911 жылы жарық көрген «Қазақ қыздарының аталарына» деген мақаласында Сақыпжамал: «Шариғат бұйрығын­ша, ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп тәрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп тәрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыз баланы кемге тұтыну жаһиттік белгісі емес пе?» деп жазды. Осылайша, журналист қазақ қыздарының қалың малға сатылып, сүймеген адамына еріксіз ұзатылатындығын, сөйтіп қалған өмірі қорлықта өтетіндігін сынға алды. Одан бөлек журналда «Қазақ қыздарына», «Қыз батасы» секілді өлеңдері жарияланды.
Күләйім Өтегенқызы да «Ай­қап­тың» атын шығар­ды. Күләйім көркем-публицистика­лық мақа­ла­ларымен көрінді. Ол да өлең жазды. Күләйімнің «Қазақ қыз­дарына» деген өлеңі «Айқапқа» жарияланғаннан кейін сол кездің қыз-келіншектері бостандықтарын бағалауға, білім алуға ұмтыла бастапты. Күләйімнің бұл өлеңі журналдың 1912 жылғы №8, №9 сандарында жарияланыпты.

Кеңес заманының тілшілері

Кеңес заманы журналистерінің бірі - Сара Есова (1903-1984). Сара да Нәзипа секілді жолын мұғалімдіктен бастады. 1919 жылы Орынбордағы әйелдер педагогикалық училищесін бітіріп, Қызылорда, Ташкентте бала оқытты. Революциядан кейін партия ісіне араласты. 1920 жылдан бастап, Ғани Мұратбаевпен бірге Түркістан комсомолы Орталық комитетінде қызмет істеді. 1922 жылы Жетісуға қоныс аударып, партия комитетінің органы «Тілші» газетін шығарды. Ал 1925 жылы «Әйел теңдігі» журналының (қазіргі «Қазақстан әйелдері») редакторы болып тағайындалды. Одан кейін Сараның өмірі сая­сатпен біте қайнасты. 1938 жылы Сара зайыбы Ораз Исаевпен бірге қамауға алынды. Тоғыз айдай тергеу абақтысында отырды. Соңында Сараны Надежда Крупская құтқарды. Ол Сталиннің қабылдауында болып, «күйеуі үшін әйелі жауап бермейді» деп Сараны абақтыдан алып шықты. Ал жары Ораз 1939 жылы ату жазасына кесілді. Сара 1939 - 1973 жылдары Орталық музейде қызмет істеді, жиырма жылдай музей басшысы болды. Сол жерден зейнетке шығып, 1984 жылы дүние салды.
1920 - 30 жылдардағы газет-журналдарда Нағима Арықованың (1902 - 1956) аты жиі кездеседі. Ол жүзге тарта мақала жазған. Сол мақалаларынан жинақталған «Өкіл әйелдер не істеу керек?» секілді кітаптары жарық көрген.
Нағима 1926 жылы Мәскеуде өткен Жұмысшылар кеңесіне Шы­ғыс әйелдерінің атынан барып баяндама жасаған. Сол баянда­масымен Клара Цеткиннің назарына іліккен. 1927 - 1932 жылдары Нағима Қазақ өлкелік партия комитетінің мүшесі болды. 1933 - 1937 жылдары «Әйел теңдігі» журналына басшылық етті. Отызыншы жылдары Кремльге хат жазып, Қазақ даласында болып жатқан жантүршігерлік азаптаулар жайлы баяндады. Сөйтіп, әділдік іздеген Нағима одан арғы қызметін сот ісі бойынша жалғастырды.
Алма Оразбаева (1898-1948) да Шығыс әйелдерінен шыққан талантты журналист болатын. Ол да Сара сияқты, Кеңес өкіметі орнаған күннен бастап, әйел теңдігі, жесір дауына қатысты мақалаларымен көрініп, қазақ әйелдерінің санасын оятуға тырысты. Алманың да жур­на­листикадан кейінгі өмірі саясатқа арналды. А.Затаевич Алма жайлы: «Оразбаева менің жұмысыма барын­ша ықылас білдірген және маған өте құнды деректер берген бөкейлік бірін­ші қазақ қызы болды» деп жазды.
Шолпан Иманбаеваның (1904-1926) алғашқы дүниелері «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде жарияланды. Сондай-ақ өлеңдері «Қызыл Қазақстан», «Жас қазақ», «Әйел теңдігі», «Лениншіл жас» басылымдарында жарық көрді. Шолпан Иманбаева, Нәзипа Құлжанова, Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Сара Есовамен жақсы байланыста болды. Алайда ауырып ерте қайтыс болды. Сәкен Сейфуллин «Еңбекші қазақ» газетінің 1926 жылғы санында: «Шолпан қазақтың алғашқы ақын қыздарының бірі еді. Ол кедейлердің арасынан шықты. Алайда далада жайқалған раушан гүліне айналды» деп жазған. Ақын қыздың өлеңдерін 1927 жылы Нәзипа мен Сара кітап қылып шығарған.
Қазақтың тағы бір талантты журналист қызы Ләзиза Серғазина (1908 - 1982) еді. Әкесі Мешітбай зиялы адам болатын. Қызын жастайынан оқу-білімге баулыды. Он төрт жасында Павлодардағы ауыл мектептеріне мұғалімдер даярлайтын қысқамерзімді курсты тәмамдап, ауылда мұғалім болды.
1930 жылдан бастап партия қатарына өтіп, Алматыдағы ком­мунистік жоғары оқу орнына түсті. 1933 - 1937 жылдары «Сталин жолы» газетінде әде­би қызметкер, жауапты хат­шы, 1938 - 1949 жылдары «Социалис­тік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім мең­герушісі болды. Осы басылым­дарда қызмет ете жүріп, өзінің еңбекқорлығымен көзге түсті.
1950 жылы «Қазақстан әйел­дері» журналының жауапты хатшысы болып бекітілді. Ләзиза қазақ әйелдердің журналына жаңа леп әкелді. Өзі отбасы бақыты, бала тәрбиесі, әйел теңдігі тақырыбындағы мақалаларын жазды. Ләзиза Серғазина қазақтың белгілі ақыны Әбу Сәрсенбаевтың жары болатын.


Серікбол ХАСАН

Соңғы жаңалықтар