Қазақтың алғашқы телережиссерлерінің біріне арналған кітап шықты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақ телевизиясының алғашқы режиссерлерінің бірі Шолпан Қайыртайқызы Баймолдина туралы «Шолпан - таңғы жұлдыз» атты кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кітаптың авторы - Шолпан Баймолдинаның жұбайы, белгілі публицист Ғаділбек Шалахметов. Тұсау кесер рәсімінде сөз алған ғалым Мұрат Әуезов аталған кітап Ғаділбек Шалахметовтің туындыларының ішіндегі үздігі екенін атап айтты.

«Ғаділбек пен Шолпанды бөле жарып қарастыра алмайсыз. Кітаптың өзі бұл екеуін тұтастырып отыр. Кітапты қолжазба кезінде мұқият қарап шыққанмын. Жалпы, Ғаділбек мықты ақын, аудармашы, тілші, оның біраз жақсы кітаптары шықты. Дегенмен, бұл кітап - Ғаділбектің ең жақсы кітаптарының бірі. Оны кеше тағы басынан аяғына дейін оқып шықтым, ішінде бір жарқын сәуле бар», - деді Мұрат Әуезов.
null 

Режииссер-ұстаз, көптеген деректі фильмдердің авторы Шолпан Баймолдина 2010 жылы 66 жасында өмірден өтті. Шолпан Қайыртайқызының есімі ұлттық ақпарат кеңістігінде кеңінен танымал. Ол Ленинградтағы театр және кино институтын тәмәмдап, алғашқы қызмет жолын 1963 жылы Ақмола облыстық телерадиокомпаниясында бастады. Сол уақыттан бастап өз өмірін телевидениемен байланыстырды. 1965 жылы республикалық «Қазақстан» телеарнасына ауысып, онда «Құрдастар» жастар редакциясында, әдеби-драма, музыка редакцияларында режиссерлық қызмет атқарды. Ол  көп адамның қатысуымен үлкен хабарларды эфирге тура шығарды. Жапония, Үндістан  елдерімен ұйымдастырылған телекөпірлерге, әртүрлі фестивальдерге қатысып, өз қолтаңбасын қалдырды. 1990 жылдары елімізге танымал болған «Наурыз», «Сұхбат»,  «Шұғыла», «Айтыс» хабарларын дайындады.
null 

Кәсіби шеберлігі  жоғары  Шолпан Баймолдина арнаның бас режиссеры болып, отандық телевизияның  дамуына үлкен үлес қосты. Оның жасаған фильмдері мен хабарлары «Қазақстан», «Хабар», мәскеулік «1 арна» ТРК алтын қорларында сақтаулы. Кейінгі жылдары ол ҚР Президентінің Телерадиокешенінде еңбек етіп, Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінде жастарға дәріс оқыды.

Шолпан Қайыртайқызы туралы ғалым, филология ғылымдарының докторы Мырзатай Жолдасбеков естелік сөзінде: «Елуінші жылдардың соңында техниканың озық үлгісі Қазақстанға келгенде осы мамандықты алғаш меңгергендердің бірі Шолпан Қайыртайқызы Баймолдина еді деп айтуға толық құқымыз бар. Ол қазақ телевизиясының негізін қалғандардың бірі. Оның бастауында тұрған жан. Шолпан сондай жарқыраған адам еді», - деп жазған болатын.

Тұсаукесер рәсімінде кітаппен бірге «Шолпанның жарығы сөнбейді» деп аталатын Қазақстанның танымал тұлғаларының естелігі жазылған кітапша қосымша таратылды. 

null null 

Соңғы жаңалықтар