Қазақтықтан сырмақ пен түскиіз ғана қалмасын - шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Этноспорт фестиваліне 30-дан астам елден спортшы келді - TRT

Маусымның 12-сіне дейін жалғасатын Этноспорт мәдениет фестивалі Ыстанбұлдағы Ататүрік әуежайының алаңында өтеді, деп хабарлайды «Түркия Радио Теледидар» ақпараттық агенттігі.

Аталған басылымның дерегінше, дәстүрлі спортты сүйетін қауым жыл сайын асыға күтетін Этноспорт мәдениет фестивалі биыл 9 маусымнан 12 маусым күніне дейін Ыстанбұлдағы Ататүрік әуежайының алаңында өтеді. Биылғы фестивальге 30-дан астам елден спортшы келеді. Шарада жылдағыдай дәстүрлі спорт түрлері және ойындар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ гастрономия, сахна қойылымдары секілді көптеген іс-шара жоспарланған.

Айта кетейік, этноспорт фестивалі барлық жастағы келушілерге арналған. Қонақтар мамандардың бағыт-бағдар беруі арқылы садақ атып, атқа міне алады. Сондай-ақ жалпы түрік мәдениеті де таныстырылады.

Қазақтықтан сырмақ пен түскиіз, мұсылмандықтан құран ғана қалмасын - Kaznews

Моңғолиялық Kaznews ақпараттық порталында осындай тақырыптағы мақала жарық көрді.

Тақырыптың өзі айтып тұрғандай аталған елдегі қазақтар аз тұратын өңірлердегі қандастарымыздың ассимилацияға ұшырай бастауы сөз етіледі.

Аталған жазба Қазақстанда да айтылып жүрген «Әр қазақ менің жалғызым» деген сөзімен басталады.

«Бұл сөздің астарын жырақта жүрген, елдің, жердің қадірін білетін, өзге елде өгей ұлт болып тіршілік етіп жатқан жандар өте жақсы түсінеді. Қазаққа қазақтың жаны ашымаса, ешкімнің де жаны ашымайды. «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын» деген Қадір Мырзалидің сөзі бүгіндері әлемге шашыраған қазақ үшін «Қазақ боп оңай туғанмен, қазақ боп қалу көп қиын» дегенге саяды. Барлығында ортақ тақырып – тілдің шұбарланып, халықтың ассимилацияға ұшырауы», деп жазады моңғолиялық БАҚ.

Бұл мақала «ассимилация», «доминант» терминдері туралы түсініктер жасай келе, моңғол елінде азшылық болып саналатын қазақ қандастарымыздың болашағы туралы алаң көңілін білдіреді.

Моңғолиялық БАҚ-та жазылған мақаланың келтірген дерегіне сүйенсек, осылардың қай-қайсы (ассимилация, доминант) болсын дүниенің төрт бұрышына шашыраған қазақтарға ықпалын тигізуде. Ал, Моңғолия еліндегі қазақтар жағдайына келсек, демократиялы, діліне, тіліне, ұлттық құндылықтарына ешқандай шектеу қойылмаған киіз туырлықты моңғол елінің қолтығының астында мамыражай күн кешуде екені айтылады.

Мақала авторының жазуынша, Моңғолия көлемінде бейресми деректер бойынша 120 мыңнан астам қазақ бар деп есептелінеді. Осының 90-нан астам пайызы Баян-Өлгий аймағында тіршілік етсе, 11 мыңы Қобда аймағында, қалғаны Ұланбатыр қаласы мен орталық аймақтарда тіршілік етеді. Баян-Өлгий аймағында халықтың басым бөлігі қазақ болғандықтан ұлттық болмыс, құндылық, тіл-дін жақсы сақталған екен.

Ал, көпшіліктің ортасында азшылықтың жайы біз айтпасақ та түсінікті. Олар табиғи жолмен, өмір сүру барысында ақырындап, тілінен ділінен айырылып бара жатыр. Атап айтар болсақ, негізінен қазақтар тұратын Баян-Өлгий аймағынан тысқары моңғолияның орталық өңірлеріндегі қазақтардың жан айқайы – олардың ұрпақтарының тіл білмейтіні аға буын өкілдерін алаңдатуда екені тілге тиек етіледі.

Сондай-ақ, әрбір зиалы азамат ел ертеңін, жастардың болашағын ойлауы қажет-ақ. Алайда орталық аймақтардағы азғана қазақтың жан айқайына жауап берер адам да, ұрпақтың келешегін ойлайтын басшы саусақпен санарлық екені де сөз болады.

Бұл мақаланың келтірген дерегінше, орталық қалалар мен қала төңірегіндегі қазақ үйлерін аралағанда алдымен қазақ тілінен бейхабар аулада ойнап жүрген балалар көзге шалынады. Қазақша сөйлесең моңғолша жауап береді. Олардың әке-шешелері де сол. Қысқасы қазақ тілі – 50 жастан жоғарғы адамдардың тілі болып есептелінеді екен. Ата-әже аға буын өкілдері ғана қазақша сөйлейді. Ал, орта буын мен жастарда қазақ тіліне деген қызығушылық жоқ, тіпті отбасында да қолданбайтындары бар екен.

Оның себебі - олар туадан моңғолша оқиды. Балабақшадан бастап мектеп, жоғарғы оқу орнын отандық тілде(моңғол тілінде) бітіреді. Сондықтан оларға сын да тағуға келмейді. Енді қайтпек керек?! Сұрақ көп болғанмен жауап жоқ. Тіпті 21 аймақтың дәл қай жерінде қанша қазақ өмір сүріп жатқаны да беймәлім. Нақты санақ, зерттеулер жасалмағаны да сөз болады.

Бұл жазбаның келтірген дерегінше, қазіргі таңда үлкен ауылға(моңғолдарға – авт.) қыз беріп, келін түсіріп отырған қазақтар да бар. Тіл мен ділді білмей тұрған адамға дін туралы айтудың да қажеті шамалы екені белгілі. Ағайын туысы жоқ жалғыз жарым, немесе басқа ұлтпен шаңырақ көтерген кейбір қазақтар жаназасыз ақтық сапарға шығарылуда деген сөздер бар екен.

«Ішкері аймақтардағы халықтың проблемасына қазіргі таңдағы атқамінер азаматтар бей-жай қарамауы тиіс. Бұл жерде айтылғанмен мәселе де шешілмейді. Арнайы жобалар, бағдарламалар жасап, үкіметтік және бейресми ұйымдар, Ұланбатыр қаласындағы Қазақстан елшілігі, жерлестер алқасы, МҰҚ мүшелері, т.б қоғам белсенділері қолға алып тез арада іске кірісу қажет. Өйткені бұл мәселе соңғы 20 жыл бойы айтылып келе жатыр. Қазақ тілді кітап құралдар, газет-журналдар таратып кетеді. Қазақ тілін білмесе мұны қалай оқиды? Бізге қазақ тіл үйрететін маман қажет деген мәселелерді халық өкілдері айтып отыр. Бір білеріміз осы мәселе шешімін таппаса, немесе әлдекімдер алаңдамаса Қазақтықтан сырмақ пен түскиіз, Исламдықтан құран ғана қалуы ықтимыл. Ендеше ойланайық, оянайық қазағым!», деп түйінделеді Kaznews-ке жарияланған мақала.

Ташкент қазақтарының рулары және мәдени өмірі туралы кітап жарық көрді - «ӨзА»

Бұл туралы осы аптада Өзбекстанның «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігінде хабарланды.

Ташкентте ақын, ағартушы, этнограф Мекембай Омарұлының көп жылдар бойы жинақтаған шежірелі Ташкент қазақтары туралы және ақын шығармаларын еске алуға арналған кітап жарық көрді, деп жазды өзбекстандық БАҚ.

«ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігінің хабарлауынша, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған мерейлі басқосуда Мекембай Омарұлының «Ташкент қазақтарының рулары және мәдени өмірі» атты кітабы мен ақынды еске алуға арналған «Ұлағатты ұстаз» деген атаумен жарыққа шыққан туындының таныстырылымы өтті.

Айта кетейік, «Ташкент қазақтарының рулары және мәдени өмірі» атты кітапта Ташкент төңірегінде (қала, облыс) дүниеге келіп, әр өңірде, әр салада еңбек етіп, мемлекет пен қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосқан қазақтың танымал азаматтары туралы баяндайды.

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, «Ұлағатты ұстаз» атты туынды да ақын Мекембай Омарұлының шығармашлығы және замандас, қаламадас жолдастарының ақын жайлы естеліктері топтастырылған. Естеліктер мен толғаулар жинағын топтастырған марқұм ақынның замандасы Рабия Өсерова және шәкірті Шорабатыр Төребеков.

Айта кету керек, шығармашылық еңбек жолында Өзбекстаннан шығатын қазақ тілді «Достық туы»(қазіргі «Нұрлы жол») газетінде журналистік қызметте жүріп әдебиет бөлімін басқарды. Өз шығармашылығын шыңдай білген ақынның трочествосы тек бір тілде жалғасқан жоқ. Ол қазақ және өзбек әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған ақын ретінде екі ел жазушылар одағының мүшесі атанған. Көп жылдық талмай атқарған ізденістер еңбегінің арқасында Туран ғылымдар академиясының құрметті академигі болды.

Өзбекстан және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі - ақын қандасымыз Мекембай Омарұлы 2021 жылдың 6 тамызда 73 жасқа қараған шағында өмірден өткен.

«Көрнекті қаламгердің «Махаббат» (Ташкент, 1999), «Атамекен» (Алматы, 2008), «Таудай бол» (Ташкент, 2009), «Төрткүл дүние» (Алматы, 2011), «Күн күлкісі» (Ташкент, 2013), «Ай астындағы айналайындар» (Алматы, 2017), «Ақыл қайрағы» (Ташкент, 2018) жыр жинақтары мен «Ең тәтті алмалар» (Алматы) деп аталған әңгімелер мен хикаяттар топтамасы және «Шанышқылы шежіресі» тарихи-танымдық кітабы (Ташкент, 2000) «Өбекстандық қазақ ақындары жырларының антологиясы» (кітабының құрастырушысы, Ташкент-2017) оқырманмен қауышты», деп жазады «ӨзА».

Жас жұбайлардың қазақша үлгідегі «көшпелі тұрмысы» – «Халық газеті»

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында шыңжаңдық қазақ жігіт Ғалым Серікұлы мен оның Чунциндік ханзу(қытай) келіншегі Ян Анан жұмыстан шығып, қазақша үлгідегі рекреациялық көлікпен (RV) заманауи «көшпелі тұрмыстарын» баяндайтын сапарларын бастады, деп жазады Қытайдың «Халық газеті».

Екі ұлттан құралған жас жұбайлар қысқа бейнебаяндар түсірумен тікелей эфирде хабар жүргізді. Сол арқылы саяхат барысындағы ерекше көріністер мен бастарынан өткерген қызықты оқиғаларды көпшілікпен бөліседі.

Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығына 30 жыл - «ӨзА»

Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының құрылғанына 30 жыл толды. Осы мерейлі датаға орай Ташкент қаласындағы М. Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінде орталықтың 30 жылдығына арналған «Өзбекстан қазақтары: экономика, ғылым және мәдениет» атты ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды «ӨзА» мемлекеттік ақпараттық агенттігі.

Конференцияға Қазақстан Республикасының «Отандастар қоры» ҚеАҚ басшысы Абзал Сапарбеков бастаған делегация өкілдері мен Қазақстандағы Өзбек мәдени орталығының төрағасы Икрам Хашимжанов, Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталықтың облыстардағы филиал басшылары және екі елдің бауырластығының ұлғайуына, дамуына, өркендеуіне, достығының нығайуына үлес қосып кележатқан азаматтар қатысқан.

«ӨзА»-ның дерегінше, Өзбекстандағы ең ірі орталықтардың бірі – Қазақ ұлттық мәдени орталығы 1992 жылы құрылған. Аталған орталық тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап «Өзбекстан – ортақ үйіміз» ұранындағы мемлекеттік саясаттың негізі болып табылатын толеранттылықты жүзеге асыруға лайықты үлес қосып, барлық жақтан еркін және барлық ұлттық құндылықтарды толық бейнелеп келеді.

Орталық пен оның облыстық және аудандық филиалдары жергілікті жерлерде кең көлемде жұмыс істейді. Бауырлас өзбек және қазақ халықтарының мәңгілік достығы мен тығыз ынтымақтастығын одан әрі дамыту, халықтарымыздың әдеби-мәдени, рухани-ағартушылық байланыстарын арттыру мақсатында көптеген мәдени-танымдық шаралар өткізілуде.

Конференцияда «Шет елдермен достық қарым-қатынастағы қандастар рөлі», «Өзбекстан қазақтарының этнографиясы» және басқа да тақырыптарда баяндама жасалған.

«Иран Қазақстанға инвестиция салуы мүмкін» – Parstoday

Иран-Қазақстан ортақ палатасының төрағасы Иранның Қазақстанға инвестиция салуы мүмкін екенін айтты.

Иран-Қазақстан ортақ палатасының басшысы Амир Абеди ирандық жеке сектордың Қазақстанның техникалық қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібі салаларына бірлескен ынтымақтастығы мен инвестициясының болуы мүмкін екендігіне тоқталды.

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлады.

Ирандық БАҚ-тың мәліметінше, Амир Абеди Иранның Қазақстанмен әрқашан жақсы экономикалық және саяси қарым-қатынаста болғанын, бірақ осы қолайлы платформа мен белсенді бірлескен экономикалық комиссиялардың болуына қарамастан, екі тарап келісімдерді орындауда жақсы нәтиже бермегенін мәлімдеді.

Екі жақ сауда көлемі 1 миллиард доллардан асатын сауда кезеңін тәжірибе еткен. Алайда санкциялар мен валюталық саясаттың салдарынан сауда көлемінің төмендеуіне тап болған.

«Өткен жылы Иран мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы оған дейінгі жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 119 пайызға артып, 400 миллион доллардан асқан. Жарияланған көлемнің 49 пайызы Иранның Қазақстанға экспортының өсуіне байланысты, бұл Иранның осы саладағы оң сауда балансын көрсетеді», деп жазады Parstoday ақпарат агенттігі.


Соңғы жаңалықтар