Қазақты тазысынан айыру тегінен айырумен бірдей - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.  

*  *  *

Әнші кім? Журналист кім? - Жетісу газеті

null 

«Жетісу» газетінде жарияланған мақалада автор журналистика мәселесін көтеріп, бұл салаға орта жолда қосылғандардың қатары көбейіп бара жатқанына алаңдапты. Жазуынша, қолында дипломы бар, университеттің осы мамандығын тамамдаған журналистер ақпарат аламанына қосыла алмай, тіпті кейбірінің тауы шағылып, жұмыссыздар қатарын көбейтіп жатса, оның орнын жолдан қосылғандар алып жатқандай екен. «Білімсіз журналист соғыста қарусыз жүрген жауынгермен тең.  Әр саланың өз қыр-сыры бар. Қазірде қаламы жүрдек журналистерге деген құрмет, сенім жоғалып келеді. Басқа салада жүріп, журналистикаға бет бұрғандар түптеп келгенде қарапайым этиканы білмейтін сауатсыз екенін мойындауымыз қажет. Олар журналист атауының мәртебесіне кір келтіріп қана қоймай,  ертең ел мен билік арасына, түптеп келгенде, ел мен елдің арасына іріткі салмасына кім кепіл?!» деп жазады автор.

Оның мәліметінше, қазіргі таңда отандық телеарналардың 70 пайызын журналистикаға мүлде қатысы жоқ  әншілер басып алған. Ондағы мақсат - рейтинг жинау және бағдарламалардың көрсеткішін көтеру екен.

Мақалада сондай-ақ, журналистика мамандығын даярлайтын ұстаздар туралы да әңгіме қозғалып, кәсібилікке университет қабырғасынан машықтандыру жайы қозғалыпты.

 

Қазақты тазысынан айыру тегінен айырумен бірдей  - «Оңтүстік Қазақстан» газеті
null 

 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, бабамыз жеті қазынаның бірі ретінде құрметпен қараған тазыны кейбір аталарымыз итке жатқызбаған екен. Өзге итті үйдің маңына жолатпаса да, тазыны үйдің төріне шығарған. «Өйткені, кезінде тазылар бүтін бір әулетті асыраған. Талай ауыл әуелі Құдай, сосын тазылардың арқасында аштықтан аман қалған. Тазы тақыр кедей иесін отбасымен бірге аштан өлтірмеген. Тазыны жақсы көру, оған деген құрмет қазақтың бойында әлі де бар» деп жазады мақала авторы. Белгілі болғанындай, тазының тағдырына немқұрайды қарамайтын бірқатар азаматтар «Оңтүстік тазылары» деген қоғамдық бірлестік құрған екен. Мақала да негізінен осы бірлестік жайында. Айта кетерлігі, бірлестік құрудағы мақсат тазылар санын көбейту, тұқымын тазалау, тіркеу жағынан құжаттарын реттеу секілді жұмыстарды қамтығанымен, түпкі өзегі «қазақ өзімдікі деп санап келген тазыдан айрылып қалу қаупінің» алдын алу секілді. «Тазыға қазір орыстар мен түріктер «құда түсіп» жатыр. Орыстар тіпті өздерінікі екенін растайтын құжаттарды қаттап, дайындап қойыпты. Түріктер де құжат бойынша ресімдеу жағынан пысықтық танытып отыр. Қазақтар келісімін берсе, Сұлтан тазы деген атпен өздеріне меншіктеп алмақ ойлары бар. Тазыны қазақ өзінің атына патенттеп алу үшін Бельгиядағы халықаралық кинологиялық федерацияға тіркету қажет. Бұл ұйым қазақтың тазысын қазақтың атына тіркеп беру үшін Қазақстанда тазының саны мыңнан асуы қажет және шежіресі жағынан 7 атасы да толық болуы тиіс. Қазіргі таңда осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр» депті бірлестіктің белді мүшесі Қажымұрат Күлпешов.

Мақалада қазақ тазысының ерекшеліктері, оның басқа аңшылық иттерден айырмашылығы, онымен қатысты аңыздар да айтылады. Бірлестік мүшелерін сөйлете отырып, автор қазақтың аңшылық дәстүрінің кенже қалып бара жатқан тұстарына қынжылыс білдіреді. Тазының қасиетіне тоқтала келе: «Қазақтар тазыны құны жетпес қазына деп есептеген. Ертеректе бір тазымен қыздың қалыңмалын өтеген жағдайлар да болған екен. 47 жылқыға сатылған тазылар болған» деп те қайырады.

«Біз әлем қанша жерден технологиялық дамуды бастан кешірсе де өзіміздің ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытпауға тиіспіз. Жадымызда сақтап қана қоймай, оны күнделікті өмірде де қолданып, ұрпақты соған қарай бейімдеп отыруымыз керек. Қазақтың тазысы, саятшылық өнері бұл да ұлттық кодымыздың бір түрі. Қазақты тазысынан айыру тегінен айырумен бірдей. Осыны ұмытпайық» деп түйіндейді автор.

Бейімбеттің ескерткіші елеусіз қалғаны ма?- «Қостанай таңы» газеті
null 

 

«Қостанай таңы» газеті арқылы оқырман алаш ардақтысының қараусыз қалған ескерткішіне қатысты қынжылысын білдірген екен. Жазуынша, Бейімбет Майлиннің Қостанайдағы ескерткіші кісі шошырлық жағдайда тұр. Мұны фотолардан да анық байқауға болады.  

null 

«Еңселі ескерткіштің кірпішітері ажырағасын біреулердің «осы да жетер» дегендей, әр жерден әлем-жәлем қып балшықпен жамап қойғаны жанға батты. Қатты дауыл болса, кірпіштері берімен құлағалы тұр. Бір айтарым, бұл ескерткіш Қостанайдың қақпасында, темір жол вокзалының алдында орналасқан. Келген қонақтарды әуелі Би-ағаң «қарсы алады» деп жазады мақала авторы.

null 

Автор ескерткіштің бетіне, қолына жасыл түсті бояу аққанын, басындағы көгершіннің саңғырығы да атамызды қор қылып тұрғанын ашына айтады. Жазуынша, ескерткіш маңы да тозып кеткен, қоқыстар шашылып көше кезген қаңғыбастардың "демалатын", ішетін орнына айналған. Ең сорақысы ескерткіштің астында,ы жазуында да қете кеткен екен.

 

Неге әлі Екібастұз емес? - «Сарыарқа самалы» газеті

Мәселені газеттің оқырманы көтерген екен. Тәуелсіздіктің 26 жылындағы жетістіктерге тоқталған мақала авторы қазақтың ұлттық құндылықтарының, соның ішінде жер, су арттарының қайтарылып жатқанын тілге тиек етеді. Әйтсе де автор «Екібастұз» атауына басқа емес жергілікті жұрттың өзі де әлі үйрене алмай жүргенін айтады. «Кеңестік кезеңде «Экибастуз» деп қасақана бұрмаланған (Е әріпі орыстарда да бар ғой) атауы өзгертілді. Ендігі күні барлық іс қағаздарында, бұқаралық ақпарат құралдарында да бірдей «Екібастұз» болып жазылуы керек еді. Алайда бұл талап орындалмай жүр. Өзге ұлттар тұрмақ, тіпті өзіміздің қазақтар да «Э» әрпін тастағысы келмейді. Әлі күнге «Экибастуз» деп жазуын қояр емес. Осыны кім тәртіпке келтіреді? Кім жауапты бұған?» деп жазады автор. Сөз соңында оқырман мәселеге қатысты тиісті органдар «Сарыарқа самалы» газеті арқылы жауап күтетінін де жеткізіпті.    

Ақмешіт астана болған күн - «Сыр бойы» газеті
null 

 

Қазақ астаналар тарихын көпшілігіміз біле бермейміз. Әйтпесе, 9 ақпан - Ақмешіттің астана болған күнін естігеніңіз бар ма? «Осыдан  93 жыл бұрын, яғни 1925 жылы Орта Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеуден соң, Түркістан АКСР-нің құрамында болып келген Сырдария және Жетісу облыстары, сондай-ақ Қарақалпақ автономиялық облысы  Қазақ автономиялық республикасы құрамына енді. Сөйтіп ел астанасын шалғайда орналасқан Орынбор қаласынан қазақтың қалың ортасына көшіру мәселесі қайта көтерілді. 1924 жылдың қыркүйегінде өткен Қазатком сессиясы ел астанасын Ташкентке ауыстыру, оған рұқсат етілмеген жағдайда Шымкентке көшіру жайында қаулы алған еді.  Алайда, Мәскеудің араласуымен республика астанасы Ақмешітке ауыстырылады деп шешілді. Осылайша 1925 жылдың 9 ақпанында Қазақ АКСР ОАК төралқасы О.Исаевтың баяндамасы бойынша мемлекет астанасын Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы шешім шығарды» деп жазады «Сыр бойы» газеті.

Айта кетерлігі, сол жылы 15-19 сәуірде Ақмешітте өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық V съезінде халқымыздың орысша «киргиз» деп аталуын «қазақ», «Киргиз АКСР» атауын «Қазақ АКСР» деп өзгерту, ал республика астанасы Ақмешіт қаласының атауын Қызылорда деп атау туралы қаулы қабылданған екен. 1925 жылдың көктемі мен жазында мемлекеттік басқару органдары Сыр бойына көшіріліп, Орынбор шаһары мен губерниясы Ресей Федерациясы құрамына беріліпті. Қызылорда 1929 жылдың мамыр айына дейін Қазақ АКСР астанасы болған екен.

Қазақ жігіттері пластикалық ота жасатуға неге құмар болып бара жатыр? - «Атырау» газеті

null 


Мақала авторы «пластикалық отаның көмегіне кімдер жүгініп жүр? Қазақ жігіттеріне бұл қызметтің қаншалықты қажеті бар?» деген мәселеге біршама зерттеу жүргізген екен. Белгілі болғанындай, соңғы кездері қыз-келіншектермен қатар, қазақ жігіттері де сұлулық салонын көп жағалайтын болғаны. Айта кетерлігі, олардың бірқатары беттегі әжіммен алысса, енді бірі тыртығын кетіріп әлек болады, тіпті соңғы кездері беттің, еріннің көлемін үлкейтуге арналған «ботекс» деп аталатын қызметке ерлер сұраныс жасай бастаған. Тілші сұхбаттасқан кәсіби маман «мұны жақсы тенденцияға балап, жігіттерге ұялудың еш қажеті жоқ» деген ойын жеткізген. Айта кетерлігі, Атырауда ерлерге арналған осындай косметологтар қызметі ота жасауды қоса алғанда 60 мыңнан басталып толық курс 300 мыңға дейін жетеді екен. Тілші зерттеу барысында пластикалық операцияға құмар ер азаматтардың екі санатын анықтайды. Оның ішінде «тоңып секіретіндер» де «тойып секіретіндер» дер бар екен.

Туыстарын Ингушетиядан тауып берді - «Дидар» газеті
null 

 

Өскемендегі «Шығыс Қазақстан облыстық арнайы жасөспірімдер үйі» тәрбиешілерінің қызметі туралы мақала «Дидар» газетінде басылған екен. Айта кетерлігі, тәрбиешілер өздері тәрбиелеп отырған ұл-қыздардың тағдырына да бей-жай қарамайтындықтарын танытқан. Олар жасөспірімдерді аналық мейірімге бөлеп қана қоймай, олардың етжақындарына іздеу салып, реті келсе таныстырып, табыстыруға атсалысады екен. Соңғы бес жылда 35 тәрбиеленуші туған-туысқандарымен қауышқаны да соның дәлелі болса керек. Соның бірі Ингушетиядағы туыстарымен табысқан Адам атты жеткіншек. Тілші Адамның тағдыр жолын зерттеп, біраз жайтты оқырманның ой елегіне ұсыныпты. Ұжым Адамның әкесін іздеу барысында Ингушетия президентіне хат жолдаған екен.

«Ингушетия тумасы Вахит Мүтәлиев 70 жылдары әскери борышын өтеуге қасиетті қазақ даласына жіберіледі. Күндердің бір күнінде жауынгер әлдебір бойжеткенмен танысады. Жастар аз уақытта көңіл жарастырса да, тағдырлары тоғыспапты. Вахит борышын өтеп, еліне оралар шақта ғашық қыз қол ұстасып кете алмаған екен. Арманда жігіт Отанына аттанады, іңкәр сезім сахнасының пердесін оң қолымен жауып бойжеткен қалады. Арада сағыныш арқалап әлденеше ай өткенде, бойжеткен Люция есімді қызды дүниеге әкеледі. Дәл осы Люция - Адамның анасы еді».

Осылайша, Вахит қызының қалай бойжеткенінен бейхабар қалады, ал Адам есімді немересінің өмірде бар екенін мүлдем білмеген... Айтпақшы, Адам қазір Сунжа қаласының тұрғыны екен. Ингуш халқына келісімен ислам дінін қабылдапты.

«Өскеменге келу ойыңда бар ма?» деген сауалға ол былай жауап беріпті: Міндетті түрде барамын. Аналарым мен әкелеріме барамын. Бауырларыммен қауышамын. Ондағы әрбір адамға жақсылық жасағым келеді»... 




Соңғы жаңалықтар