Қазақтілді абитуриенттер мемлекеттік гранттың қанша пайызына үміттене алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биылғы талапкерлерге ұсыналатын оқу гранттарының 75 пайызы қазақтілді бөлімдерге бағытталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Жалпы Қазақстан бойынша ҰБТ-ға өтініш бергендердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайызға жуығы орыс тілінде сынақ тапсыратыны туралы мәлімет берген болатын. Оқу гранттарының көлемі де өтініштерге қарай отырып, тура солай бөлінді. Қазақ бөлімдеріне 75 пайыз, орыс тіліне 25 пайыз грант бөлдік», - деді министрлік өкілі.

Әділет Тойбаев қыздар мен ұлдардың пән таңдауында ерекшеліктер бар екенін де айтты.

«Ұл балалар көбінесе математика, химия және физика сияқты жаратылыстану пәндерін таңдаса, қыздар биологияны таңдаған», - деді ол.

Еске салсақ, министрлік өкілі брифинг барысында ҰБТ-ның алғашқы күніндегі заңбұзушылықтар туралы айтқан болатын.

Департамент директорының айтуынша, тест тапсырып жатқан түлектердің алғашқы легі көбінде техникалық мамандықтарды таңдаған.

Сынақ тапсырылған барлық пункттен Интернетте тікелей көрсетілім жүргізілді.

Соңғы жаңалықтар