«Қазақтелеком» сериал нарығына кірмекші

None
Фото: фонд «Самрук-Казына»
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев ұлттық компанияның 2022 жылғы жұмысы талқыланған қоғамдық кеңес отырысында «Salem social media»-ның ұлттық компания құрамына кіретіні туралы мәліметтерге жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік желіде медиа-контент өндіруші «Salem social media» компаниясы «Қазақтелеком» иелігіне өтеді деген мәлімет тарап жатыр. Бұл шын ба? «Қазақтелеком» ұдайы өзіне тән емес қызмет түрлерін қысқартып келе жатқанын ескерсек, мұндай бастама қаншалықты тиімді?», - деп сұрады қоғамдық кеңес өкілі.

Ұлттық компания басшысының айтуынша, мұндай жобалар әлемдік тәжірибеде тиімділігін көрсетіп отыр.

«Қазіргі операторлар заманауи тәсілмен жұмыс істейді. Бір ғана кейсті алайық. НВО кабельдік операторы мен «Тақталас» жобасының жарқын мысалы бар. «Тақталасты» түсіріп, ірі контент өндірушіге айналды. Аудиторияның адалдығы үшін ірі операторлар өз контентін өндіруге көшіп жатыр. Мысалы, ресейлік «МТС» KION-ға иелік етеді. KION дегеніміз – контент саудасында делдал ғана болып қана қоймай өзі де контент өндіретін медиа-портал. Ал Start «Мегафонның» иелігінде. Start «Мегафонның» коллаборациялық сервистерінің бірі болып есептеледі», - деді ол.

Осы тәжірибені ескерген «Қазақтелеком» жаңа сериал түсіруді бастап кеткен көрінеді.

«Ал біздің «Salem social media»-мен арамызда пилоттық сценарий бар. Қазір біз «Черный двор» деген сериал түсіріп жатырмыз. Үлкен жарнама жүріп жатыр. Осы коллаборациялық саясаттың арқасында, өз контентімізді өндіргеннің арқасында аудиториямыз өсіп келе жатқанын көріп отырмыз. Мұндай өзара іс-қимыл бізге аудиториямыздың адалдығын қалыптастыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Ал контент өндіруші тарапқа бұл өз контентін кеңірек таратуға жол ашады. Сондықтан өзге операторлардың тәжірибесіне біз де келіп отырмыз. «Salem social media»-ны таңдағанымыз, бұл елдегі ірі студиялардың бірі. Біз қазір келіссөз сатысында тұрмыз. Заң тұрғысынан қалай өзара іс-қимыл жасайтынымызды анықтап алуымыз керек. Алғашқы жобамыз өте сәтті шықты. Алғашқы 4 серияның өзі 20 мың абонент әкеліп, 50 мың белсенді қолданушыны көрермен ете алды. Біз осындай шағын қадамдардың көмегімен медиасаясатымызды жолға қоямыз. Өйткені қолымызда ауқымды контент тарататын арна бар. Сондай-ақ, біз 2 мыңда голливуд киносын қазақ тілінде ұсынып отырмыз», - деді Қуанышбек Есекеев.


Соңғы жаңалықтар