«Қазақтелеком» өкілі радиациялық фобия туралы: 5G технология 4G-ден екі есе аз сәуле шашады

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақтелеком» акицонерлік қоғамының Инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов 5G технологиясының радиациялық қаупі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Радиациялық фобия мәселесіне байыппен қарауымыз керек. Адамдарды бұл мәселе қорқытады. Бұл жерде үгіттеу емес, ағарту жұмыстарымен айналысу керек шығар. Сарапшы ретінде мынаны айтқым келеді. 5G-интернетке қолданылатын радиотолқындар немесе жиілік жолақтары 2G-интернетке қолданылатын жиілік жолақтарынан әлдеқайда әлсіз. Сарапшы ретінде айтайын, ұялы телефондарыңызда қолданып жүрген 2G технологиялы радиотолқындар 4G технологиядан 10 есе көп сәуле таратады. Яғни, телефондағы 4G технологияға шамамен 200 млВт керек болса, 2G-ге 2000 млВт керек. Ал 5G-де қуаты 100 млВт-қа дейін төмендейді. Сонда іс жүзінде адамдарға керісінше 2G-ден бас тартып, 5G технологияға көшу керек. Өйткені 5G технологияны пайдалансаңыз, қолыңыздағы телефон ақпарат беру тұрғысынан анағұрлым аз энергия шашады», - деді ол.

Ұлттық компания өкілі қазақстандықтар 5G-дің артықшылықтарын түсінсе, өздері-ақ оны енгізуді талап етер еді деп есептейді.

«5G-дің ерекшелігі энергия үнемдей алатынында. Кеңірек жиілік жолақтары пайдаланылатындықтан аз уақыт пен аз қуат жұмсай отырып, неғұрлым көбірек ақпарат жүктейді, таратады. 5G пайда болған соң сапалы кино көру үшін, көбірек ақпарат жіберу үшін энергия да уақыт та аз шығындалады. Ерекшелігі осында. Тұтынушыларға осы мәліметті дұрыс жеткізсе, өздері-ақ 5G технологияны тезірек енгізуді талап етер еді», - дейді Нұрлан Мейірманов.


Соңғы жаңалықтар