«Қазақтелеком» мен «AzerTelecom» Транскаспий жобасы бойынша стратегиялық құжатқа қол қойды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өткен жыл сайынғы «Digital Bridge» халықаралық технологиялық форумы аясында Қазақстан мен Әзербайжанның жетекші телекоммуникациялық компаниялары «Қазақтелеком» мен «AzerTelecom» Каспий теңізінің қайраңында талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жобасы бойынша стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Тараптар бұл құжат екі елдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, желілердің қолжетімділігі мен өткізу қабілетін арттыруда жаңа нарықтық мүмкіндіктерді өсіруге серпін беретініне сенімді.

Құжат «Қазақстан-Әзербайжан» бағыты бойынша Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі (ТОБЖ) жобасының шеңберінде екі оператордың стратегиялық әріптестігін көздейді. Бұл бағыт - Еуропа мен Азия арасында Цифрлық жаңа телекоммуникациялық дәліз құруды көздейтін «Цифрлық Жібек жолы» (Digital Silk Way) ауқымды жобасының бір бөлігі.

Қос телеком-оператордың өкілдері электр байланысының халықаралық қызметтерін көрсету бойынша екіжақты бизнесті, сондай-ақ екі елдің digital-трансформациясы мен цифрлық инфрақұрылымын одан әрі дамыту бойынша ынтымақтастықты ынталандыруға қызығушылық білдірді.

«Бүгінде біз үшін ортақ міндеттер мен мәселелерді шешудің ең оңтайлы формуласы – тікелей қарым-қатынас орнату. « AzerTelecom» компаниясымен алдағы уақытта озық тәжірибелермен бөлісіп, ақпарат алмасып және бірлескен жобаларға жәрдемдесуді бүгінгі құжат негізінде бекітіп отырмыз. Мұның барлығы өз кезегінде екі ел желілерінің қолжетімділігі мен өткізу қабілетін арттыруда жаңа нарықтық мүмкіндіктерді дамытуға ықпал етеді» ,- деді «Қазақтелеком» АҚ Басқарма Төрағасы Қуанышбек Есекеев.

«Цифрлық инфрақұрылым жобасы аясындағы Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісі жобасы бағытындағы біздің компанияларымыздың арасындағы келісім транзиттік қабілетімізді кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ осы ынтымақтастықтың көмегімен біз екі ел тұтынушыларына телекоммуникациялық қызметтер сапасын арттыруға мүмкіндік аламыз», - деп атап өтті «AzerTelecom» компаниясының операциялық мәселелер жөніндегі бас директоры Сергей Назаренко.


Соңғы жаңалықтар