«Қазақтелеком» Kcell-ді сатып алу мәселесіне қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақтелеком» АҚ «Kcell» АҚ-пен жасасқан мәмілесіне қатысты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің шешіміне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске сала кетейік, монополияға қарсы орган «Қазақтелеком» АҚ-ның «Kcell» АҚ акцияларының 75 пайызын сатып алу туралы өтінішхатын қарап, мәмілені жүзеге асыруға рұқсат берген болатын.

Осы шешімге пікір білдіре отырып, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев «Қазақтелеком» реттеушінің және басқа да серіктестердің талаптарын өте құрметтейтінін жеткізді.

«Біз бизнес жайлы болуы қажет деп санаймыз әрі өз технологияларымызға сенімдіміз. Бәсекелесіміздің де жақсы шарттарға қол жеткізуі біз үшін маңызды. Сондықтан осы өтініштердің, реттеушімен бірге істелген істің барлығы осы мәмілені іске асырудың маңызды бөлігі. Сондықтан біз барынша ашық болдық әрі бізге қойылатын қолайсыз сұрақтардың ешбірін айналып өткен жоқпыз», - деді Қазақтелеком басшысы.

Жұрт тарифтердің жоғарылауын болжап, абыржи бастағаны белгілі. Қуанышбек Есекеев бұл абыржу негізсіз екенін жеткізді.

«Біз технологияларды біріктіру арқылы тарифтерді көтереміз деп ойламаймын. Ондайда біздің технологияларды дамытуға жұмсайтын шығынымыз аз болады», - деді Қ. Есекеев.

Айта кетейік, мемлекеттік реттеуші органның мәмілені мақұлдауы оның жасалғанын білдірмейді. Ұсынылған шарттарды бүкіл процесс бойына Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен ҚР Ақпарат министрлігі қадағалап отырады.

Соңғы жаңалықтар