«Қазақтелеком» акциялары не үшін сатылды – Самұрық-Қазына түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ активтерді басқару және жекешелендіру жөніндегі дирекция басшысы Алмасадам Сатқалиев «Қазақтелеком» компаниясының 10 пайыз акциясы неліктен «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ға сатылғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттік комиссияның отырысында «Қазақтелеком» компаниясы акциясының 10 пайызын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-қа сату туралы шешім қабылданды. Бұл шешім не үшін қабылданып отыр? Қазіргі экономикалық жағдайда біз телекоммуникация мен ІТ-қызметтер нарығы ынталандыруға ие болып, қызмет аясы кеңейген салалардың біріне айналғанын көріп отырмыз. Яғни, онлайн-қызметтер көлемінің артуымен, интернет-сервистердің іске қосылуымен бұл нарық инвесторлар үшін тартымды салаға айналып келеді. Осы жағдай ерекше ескерілді», - деді Алмасадам Сатқалиев тікелей эфирде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар компания өкілі «Қазақтелеком» біріншіден мемлекет үшін стратегиялық, екіншіден, жіті бағаланбай отырған актив екенін атап өтті.

«Осылайша, бұл стратегиялық активті мемлекеттік бақылауына қалдырып, екіншіден, халық үшін пайда көбірек түсетіндей жұмысты жүргізбекпіз. Үкіметке жолдаған ұсынысымызда сатып алушы - «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ болса деп өтіндік. Ізінше, бұл бастамамыз Үкіметтің де, Ұлттық банктің де қолдауына ие болды. Қазіргі уақытта Ұлттық банкпен келіссөздер жүргізілуде. Әлбетте, баға индикаторы ретінде акцияның нарықтық котировкасы ескерілетіні белгілі. Басқа да акционерлердің мүддесіне нұқсан келмейтінін мәлімдегіміз келеді. Бұл келісім акционерлер құрылымын да жақсартады әрі корпоративтік басқару жүйесін де жетілдіре береміз», - деді ол.

Бұған дейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» «Қазақтелеком» АҚ-ның 10 пайыз акциясын сатып алатынын айтқан еді.

Бүгінгі онлайн эфир барысында Алмасадам Сатқалиев «Самұрық-Қазына» активтерін биыл ІРО-ға шығаруда айтарлықтай қауіп барын мәлім етті. Яғни қазір ІРО-ға қойылған жағдайда компаниялар баға және көлемі жағынан Үкімет қойған параметрлік базаларға жетпей қалуы мүмкін. Оның айтуынша, 2021 жылы жекешелендірілетін ірі активтердің ішінде тек «Қазпошта» пен «Самұрық Энерго» бар. Ал 2022 жылы «Air Astana» мен «Qazaq Air», сонымен бірге «Самұрық-Қазынаның» тау-кен компаниясы, 2023 жылы «Қазақстан темір жолы» жекешелендірілмек.

Сонымен қатар Алмасадам Сатқалиев «Самұрық-Қазына» активтерін дәл биыл жекешелендірудің айтарлықтай қаупі барын айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар