Қазақтар осылай соғысады! - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында шығатын өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

  

Сақ мәдениетінің мұрасы - Шірік-Рабат қалашығы - «Сыр бойы» газеті

null

«Сыр бойы» газеті өңіріндегі сақ дәуірінен сақталған ежелгі қалалардың бірі Шірік-Рабат қалашығы туралы мақала жариялады. «Шірік-Рабат қалашығы оңтүстік-батысында Парсы елі, терістігінде Ресей мен оңтүстік-шығысында Қытайды жалғастырған Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқан. Шаһар сол заманда өмір кешкен  халықтардың Хорезм, Парсы елдерімен шекаралық бекінісі рөлін атқарған. Өйткені, бұл елдердің байланысы кезінде арнасы тасыған Жаңадария арқылы жүріп отырған».

Шірік-Рабат қалашығы қазіргі Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300, Қармақшы ауданы Көмекбаев ауылынан оңтүстікке қарай 99 шақырым жерде, Жаңадарияның көне арнасынан сол жағалауын­дағы көлемі 850х600 метр болатын, өзге төбелерден оқшау тұрған табиғи төбенің үстінде орналасқан. Ескерткіш мықты қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Төбенің төменгі етегінде қазылған ор бар. Оның бүгінгі тереңдігі 4,5, ені 40 метрге жуық болса, ал одан шыққан топырақтан сыртқы дуал тұрғызылған.

Автордың жазуынша, Шірік-Рабатта үлкен қамалдар тұрғызылып, қарауыл мұнаралары болған. Ерте кезеңде әскери мақсаттағы маңызға ие шаһардың бірі болғандығы байқалады.

Ал қала атауының пайда болуына қатысты автор тарих деректерін, сөздіктерді алға тарта отырып бірнеше мысалдарды келтіреді. Айтуынша, қала атауы орта ғасырлардан осылай атала бастауы ықтимал. Мәселен, бірқатар түсіндірме сөздіктерде түркі дәуірінде қолданылған «шеру» сөзі айтылады. «Шеру - жорық, әскер, салтанат; а) белгілі бір елдің қарулы әскері, жауынгер; б) жортуыл, аттаныс, қарулы қол, жасақ» деген мағына береді. Қазіргі таңдағы мағынасы - топ болып жүру, бейбіт шеруге шығу. Яғни шеру сөзінің шығу төркіні әскери мағынада болған. Сонымен қатар шеру сөзімен түбірлес «шерік» сөзін алып қарайтын болсақ, ол - «(көне сөз) сарбаз, жауынгер, әскер, көп қол» деген мағынаны білдіреді.

«Қала атауының этимологиясының келесі бір түсініктемесі, Шірік-Рабат қаласы атауының шығу тарихы сонау темір дәуірінен бастау алған. Сақ мемлекетімен қатар бір уақытта бірде табысып, бірде шабысып отырған өзі сияқты аса құдіретті Парсы мемлекеті өмір сүрді. Парсылар мен сақтардың арасында мәдени, саяси, сауда-саттық байланыстар зор болған. Осы парсы тілінде көнеден келе жатқан «шәрг» (шәрқ) сөзі бар, Шірік-Рабат атауы аталған ұғымнан шығуы ықтимал. «Шарг» сөзін қазақшаға аударғанда шығыс, оңтүстік-шығыс, солтүстік-шығыс деген мағына береді».

Сонымен қатар, мақалада қалашықта 2017 жылы жүргізілген археологиялық қазба және консервациялық жұмыстар нәтижесі туралы да жазылған.

«Атақты тарих ғылымдарының атасы саналған Геродот өзінің «Тарих» еңбегінде Сақ тайпалары туралы баяндап, оларды 3 топқа бөлген. «Тиграхауда» - шошақ бөрікті сақтар, «Хаомаварга» - сусын дайындаушылар және «Парадария» - дарияның арғы бетіндегілер. Дегенмен, сақтардың үлкен бірлестік болғандығы тарихтан белгілі. Осы сақ тайпаларының үлкен орталықтағы - Шірік-Рабат қаласы ортағасырларда да халық қоныстанған мекендердің бірі».

  

 Қазақтар осылай соғысады! - «Оn'tu'stіk Qazaqstan» газеті

null

9 мамыр мерекесі туралы қазір қоғамның пікірі екіге айырылады. Біреулер үшін бұл адамзаттық деңгейдегі қасірет, енді біреулер үшін фашизмді жеңген Жеңіс күні. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын жаңа тұрғыдан қарастыру туралы көзқарастар да жоқ емес. «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі мақала авторы да осы мәселелерді қозғай келе, екінші дүниежүзілік соғысқа 1 миллион 800 мыңдай қазақстандық қатысқанын, олардың жартысына жуығы майдан даласынан оралмағанын келтіреді. Сосын жаужүрек қазақтардың қаһармандығына тікелей куә болған әйгілі қаламгер Илья Эренбургтің 1942 жылы «Правда» газетінде жарық көрген «Қазақтар» деп аталатын мақаласынан үзінді келтіреді. Жазушы жеті мың қолдық жау жасағына қарсы жалғыз шапқан Ер Тарғын ұрпақтарының намысы Мәскеу түбінде тағы бір мәрте жарқылдағанын айтып, шегінуді білмейтін қазақ жауынгерлерінің неше қилы таңдай қақтырарлық ерліктерін мысалға келтірген екен.

  «Міне, жігіттер осылай соғысады! Қазақтар сайын далада сәйгүлікпен жүйткуге дағдыланған. Ал, егер керек болса, олар жер бауырлап еңбектеп те кетеді, зымырап жүгіреді де, тау-тасқа өрмелейді. Батпақтан да малтығып өте береді, оларды ештеңе тоқтата алмайды» депті әлгі дүниесінде. Сойқан соғыс жалыны біртіндеп басылып, алыстай түскенімен, жан сыздататын осынау тақырыпқа жиі-жиі қайта оралуымыздың себебі де әлгіндей ара-тұра айтылып қалатын негізсіз пікірлерге деген қарсылық. Аталарымыздың соғыстағы жанкешті ерлігін анау Эренбург соқырға таяқ ұстатқандай анық баяндап кетсе де соған күмән келтіретіндердің табылатыны қынжылтады. Әлгіндей жел сөздерге сене берсек, күндердің күнінде Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлының өздері де қиялдан туған кейіпкер болып шықпасына кім кепіл?» деп жазады автор.

 

Майданға 100 мың сом аударған Мыңбай Қарзақов - «Шымкент келбеті» газеті

null

«Шымкент келбеті» газетінің жазуынша, екінші дүниежүзілік соғыста ерен еңбегімен көзге түскеннің бірі - қарапайым шопан Мыңбай Қарзақов. Ол тылда жүріп танк колоннасын жасатуға 100 мың сом аударған екен. Мыңбай Қарзақовтың осынау ерлігін бүгінгі ұрпақ біле ме? Мақала осы мәселені қозғайды.

Жазуынша, қарапайым шопанның ерен еңбегі 1943 жылы болған екен. Ол Отанын жаудан қорғап жатқан жауынгерлерге танк колоннасын жасатуға көмек қолын созады. Жәй ғана көмек емес, 100 мың сом аударған. Бұл туралы 1943 жылдың 10 қаңтары күні «Оңтүстік Қазақстан» газетінің №8  нөмірінде «Қарзақов қарттың қамқорлығы» деген мақала жарияланыпты. Онда Мыңбай Қарзақов «Қайнарбұлақ» колхозының стахановшы-малшысы екені,  жатса-тұрса ойлайтыны - жауды жеңу болғандықтан ешнәрсесін аямайтыны айтылыпты.

«Менің жақын інілерім-туысқандарымның алтауы майданда неміс қарақшыларымен шайқасып жүр» деді ол жақында колхозшылардың жалпы жиналысында. Олар Отан үшін қасық қанын, қадірлі жанын қиып жүргенде, бізге аянатын не бар! Мен еңбекпен тапқан бар қаржымды «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасау қорына қосамын, банкке 100 мың сом салып, Сталинге хат жазамын. Колхозшы-жолдастар, сендерді менен қалыспауға шақырамын!»  8 қаңтарда Мыңбай қарт қалаға келіп, банкке 100 мың сом салды. Сталин жолдасқа телеграмма соқты. Ол өзінің хатында «Менің ақшама жасалған танкіге қазақ халқының ержүрек ұлдары мінсін де фашист арамзаларды таптап жаныштасын» деп жазады.

Мақалада кезінде мыңғырған мал айдап, Мыңбай атанған байдың басындағы қызықты оқиғалар да айтылады. Мәселен, ол атақты Қажымұқанмен де кездескен екен. Айта кетерлігі, қазақтың атын күллі әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлы да соғыс кезінде өз қаржысына ұшақ жасатып, Жеңіске көп үлес қосқан болатын.

 

Жігіттерден нәзік жандар басым  - «Дидар» газеті

null

«Дидар» газетінің жазуынша, Шығыс Қазақстан облысында ел қорғаны ерлерге қарағанда нәзік жандар саны басым болып отыр. Әйелдердің үлесі өңір халқының жалпы санының 52%-ын құрайды екен.

Дегенмен, статистика соңғы жылдары көрсеткіштің теңесіп келе жатқанын аңғартатындай. Мәселен, 2017 жылдың деректері бойынша облыста былтыр дүниеге келген 100 қызға 106 ұлдан келіпті. Сонымен бірге 30 жас шамасына дейінгі ерлердің саны да көбірек екен.

«30-34 жас шамасындағы ерлер мен әйелдерде жыныстық тепе-теңдік қалыптасқан, ал 35 жастан асқан жас шамалары топтарында әйелдер басым бола бастайды: 35-39 жастағы 1000 ерге 1019 әйелден келеді. 40-44 жас тобына - 1073 әйелден, 45-49 жастағыларға - 1113 әйелден келсе, 70 жастағы ерлер әйелдерден 39%-ға аз».

  

 Әр жұма сайын нан тегін таратылады - «Атырау» газеті

null

Газеттің жазуынша, Мақаш ауылдық округінің бір топ жеке кәсіпкерлері әлеуметтік көмекке зәру, қамқорлықты қажет ететін отбасыларға қасиетті әр жұма сайын тегін нан тарату ісін қолға алыпты.  «Кімнің де болса жүрегіне жылылық ұялатар қайырымды шараны ұйымдастырушы Семен Жалғас деген ізгі пейілді азамат. Иә, имандылық ұстанымын арқау етіп,  қоршаған қоғамның жанашыр көзқарасын күтетін адамдарға көмек қолын созуға ниет бұрған қолы ашық, жомарт жанның шаруасы - көпке үлгі. Жарасымды бастамаға істері ілгері басқан Есболат Құбашев, Өмірбек Ахметов, Мөлдір Қажыбаева, Нұрсұлу Арыстанғалиева сынды кең пейілді кәсіпкерлер ықыласпен қолдау білдірді. Бұл әрине олардың байлықтарының тасығанынан емес, айлығы шайлығына жетпей отырған ауыл тұрғындарына көмек көрсеткендерінің белгісі деп түсінген абзал. «Жантөре» дүкенінен бастау алған ізгі шараны енді әр жұма сайын қалған сауда нүктелері өз кезегінде  асыға күтуде. Қайырымдылық шарасында ақысыз нан алуға келгендердің қатары көбейді. Дүкенге бас сұққан тұрғындар ыстық нанды құшақтарына қысып, үйлеріне әкетіп жатты. Олар неше бөлкесін аламыз десе де өз еріктерінде, өйткені оған шектеу қойылмаған».

null 

Ерсары батыр Бегетайұлының құлпытасында не жазылған? - «Орал өңірі» газеті

null

«Орал өңірі» газетіндегі «Құлпытастар құпиясы» атты айдарында Ерсары батыр Бегетайұлының құлпытасындағы жазулар баяндалған екен. Онда былай деп жазылыпты: 1.Байбақты Ерсары; 2.Биктай ұғлы Шолан тайфасы; 3.офат болды 1812; 4.йылда 55 йашында. Бұны 5.Қылдырды баласы Мұқас мырза

Мағынасы: 1.Байбақты Ерсары; 2.Бегетай ұлы Шолан тайпасы; 3.опат болды 1812;  4.жылы 55 жасында. Бұны 5.қойған баласы Мұқас мырза»

Газеттің жазуынша, бұл Сырым ауданы Тоғанас ауылдық округіне қарасты әулие Жұмағазы қазірет қорымындағы №7 құлпытас. Қорым қоршауының сыртында, қақпадан оңтүстік-батысқа қарай 50 метрдей жерде сақталған жалғыз құлпытас. Құлпытас түбінен сынған, биіктігі 60 сантиметрдей, басы доғал келген, бес қатарлы бедерлі жазу жазылған.айта кетерлігі, Ерсары атақты найзагер, мерген, батыр болған.

 

 

 

 

 

Соңғы жаңалықтар