Қазақтану жобасы Түркістанда тұрақты жүзеге асырылып келеді

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркістан облысының зиялы қауымы этнос өкілдері тығыз орналасқан Кентау қаласы және Келес ауданының жастарымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанның әрбір азаматы қазақ халқының ең жақсы қасиеттерін – қонақжайлылығын, көзқарасының кеңдігін үлгі тұтқаны жөн. Этностық қатыстылығына қарамастан, барлық адамдарды бауырына тартатын кең пейілін дәріптеп, сенім мен достықты бойына сіңіре білуі тиіс. Бұл – біздің жаңа дәуірдің сын-қатерлерін қарсы алатын жалпыұлттық кодымыз», – деді Қожа-Ахмет Яссауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейдулла Садықов жастармен өткен кездесуде.


Сондай-ақ, «Қазақтану» жобасы елімізде мекен ететін этностар арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, өзіндік принциптерін дәріптейтін және ең бастысы, елді біріктіретін ұлттық бірегей жоба екендігін айтып өтті.

«Бұл бастамаға, ең алдымен жастар өз үлестерін қосуы тиіс», - деді профессор.


Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Есалы Нұржанов та жастарға артылып отырған сенімнің жоғарылығына тоқталды.

«Президентіміз өз жолдауында ел халқын «Жаңа Қазақстанның» іргесін бірге қалауға шақырды. Бұл ретте жастарға артылар сенім мол. «Білекке сенген заманда ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда қапы қалып жүрмелік» деген Абылай бабамыздың жақсы сөзі бар. Білімді жастар ғана бәсекеге қабілетті болады, биік жетістіктерге жете алады. Сондықтан, жастар бірлікке, білімге, руханият пен дәстүрге сергек көзқараспен қарауы керек», – деді ардагер.


«Қазақтану» мәдени-ағарту жобасы 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында қабылданған болатын. Содан бері өңірде жоба аясында түрлі іс-шаралар өтіп келеді. Алдағы уақытта түркістандық жастар киелі жерлерді аралап, экскурсия ұйымдастыруды жоспарлап отыр.


Еске салсақ, алматылықтар 1 мамыр - бірлік күнін тойлауды бастап кетті.


Соңғы жаңалықтар