Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш туралы не білеміз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен мен бүгін жайлы сыр шерткенде тарихшы һәм жазушы болсын, қоғам құрылымына негіз болатын кез келген саланың тұңғыш тұлғалары туралы ой қозғауды жөн көреді. Тарих төрінде тұңғыштардың есімі өзгелерден шоқтығы биік болып тұратыны да сондықтан. Солардың бірі - қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаев.

Жақыпбек Малдыбаевтың өмірі мен еңбегін зерттеп жүрген Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Айтмұхамбет Қасымов осы уақытқа дейін тұңғыш әскери ұшқыш жайлы біраз деректерді тапқан екен. Жазушы Жақыпбек Малдыбаевтың көзі тірі туыстарымен он қайтара толымды сұхбат құрып, тіпті тарихи деректерді іздеп Мәскеуге екі барған. Ұшқышқа арнап «Алтайдан ұшқан ақиық» атты кітап та жазып шығыпты. Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі назарларыңызға қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыштың өмірі туралы Айтмұхамбет Қасымовпен жүргізілген сұхбатты ұсынады.
null

Айтмұхамбет Қасымов

Алтайдан ұшқан ақиық

- Айтмұхамбет Қасымұлы, Жақыпбек Малдыбаевтың өмірі мен еңбегін зерттеп жүргеніңізге біраз жылдың жүзі болды. Десе де, бүгінгі ұрпақ қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыштың кім болғанын жіті біле бермейтін секілді. Жақыпбек Малдыбаевтың өмірбаяны туралы қысқаша айтып өтсеңіз...

- Жақыпбек Малдыбаев 1907 жылғы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданының (Қазіргі Күршім ауданы) Шеңгелді ауылында шаруа отбасында туған. Биыл оның туғанына 110 жыл толып отыр. Әкесі Малдыбай қарапайым шаруа адамы болыпты. Шешесі он үш құрсақ көтергенімен, қатігез кезеңнен бес ұлы ғана аман қалған.

Малдыбайдың екінші ұлы - Жақыпбек жас кезінде жылқы бағып, шахтада еңбек етеді. Айыркезең жақта тері илейтін орыстарға жалданады. Оқуға зеректігінің арқасында ауылда «бала молда» атанған Жақыпбек пысық әрі ширақ болыпты. Қара күштің иесі, кеспелтек ағасы Омарға қарағанда ұзын бойлы, сымбатты жігіт болып өседі. Ел ішінде кеңес өкіметін орнатуға араласады. 1928 жылы Жақыпбек Зайсан ауылдық Кеңесінде қызмет етіп, аудандық жалшылар комитетінің төрағасы болып сайланған. Өжет, қажырлы, жанып тұрған от болған деседі. Әкесінің жасы келіп, үкімет зейнетақы тағайындағанда «Өзіміз асыраймыз. Үкімет саған беретін ақшасын басқа бірдеңеге жаратсын» деп Малдыбай шалға зейнетақы алғызбай қойыпты.

1929 жылы 22 жастағы Жақыпбек өз еркімен қызыл әскер қатарына алынады. Сол жылы 13 ақпанда ол Түрікменстанның Мерв қаласындағы «Түркістан ерекше кавалериялық бригадасына» қызметке келген. Ол жылдары басмашылармен күрес толас таппаған, дүрбелеңі мол кезең еді. Ауғанстан жақтан Ибрагим бектің, Батыс Қытайдан Ады Ходжаевтың жырынды жігіттері, Түрікменстанның Мерв ауданының өзінде Атабай, Құдайберді, Мирбек, Шамсудин сияқты әулеттілердің маңына топтасқан басмашылар бар еді. Өзін «Түрікмен көтерілісшілерінің көсемімін» деп атаған Оразгелдінің қарақшыларының ізіне Жақыпбектер құм ішінде 7 күн түсіп, ақыры Хангали құдығының жанындағы қанды соғыста қолға түсіреді. «Түрікмен ССР аумағында басмашыларды жоюға қатысқаны үшін 82-кавалерия полкінің қызыл әскері Малдыбаев бағалы сыйлық - сағатпен наградталды» делінген Түрікмения Орталық мемлекеттік архивінен алынған құжатта.

Полк мектебін бітіріп, бөлімше басқарған Жақыпбек взвод командирінің көмекшісі болды. 8-ерекше кавалериялық бригадасы партия комиссиясының мүшесі болып, полкта айтарлықтай бедел жинады.

1932 жылғы наурыз айының 28-де РККА-ның кіші командирі Жақыпбек В.Ленин атындағы біріккен Орта Азия әскери мектебінің (кейін - Ташкент әскери училищесі) кавалерия бөлімшесінің бірден үшінші курсына қабылданып, взвод командирі дәрежесінде бітіріп шықты.

1932 жылы бұл мектепті ойдағыдай бітіріп, РККА командирі атағын алған жерлесіміз КСРО революциялық Әскери Кеңесінің 1933 жылғы 1 қаңтардағы № 22 бұйрығымен ұшқыштар және ұшқыш-бақылаушылар даярлайтын 9-әскери мектепке қабылданды. Бұлардың мектебінен жіберілген он екі адамның (Жақыпбектен басқа қазақ жоқ) біразы сабақты үлгермегендіктен оқи алмай, қайтадан әскери құрамаларға қызметке қайтарылады.
null 

- Жақыпбек Малдыбаевтың қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы екендігін қандай негізге сүйеніп айта аласыз?

- Әскери ұшқыштардың 9-мектебі Кеңес үкіметінің шешімімен 1930 жылғы қарашада Харьков қаласының оңтүстік шығысындағы Рогань теміржол   станциясы маңында құрылған (1938 жылы осы мектеп негізінде Харьков әскери-авиациялық штурмандар училищесі және Чугуев әскери-авиациялық ұшқыштар училищесі құрылған). Жақыпбектер - осы оқу орнының екінші жылғы түлектері. Мен Мәскеудегі Кеңес Армиясы Орталық мұрағатынан мектеп бітірушілердің екі жылғы тізімдерін мұқият қарап, Малдыбаевтан басқа қазақ фамилиясын кездестірмедім.

Харьков авиация училищесі музейінің директоры М. Е. Калижниковтың ақылымен олардан бұрын 1928 жылы 31 тамызда құрылған 7-авиация мектебі (Орынбор авиация училищесі) және Борисоглебск ұшқыштар мектебінің бірнеше жылғы оқушыларының тізімдерін қарап шықтым. 1929-1934 жылдары Орынбор мектебінде орыстардан басқа осетин, мордва, чуваш, поляк, неміс, татар, грузин, башқұрт, латыш, корейлер оқыпты, қазақ жоқ. Ұлты жазылмаған Қадыров Рахман Сұлтанович деген адам оқыған екен, бірақ үлгере алмауы себепті 1930 жылғы 20 тамызда мектептен шығып қалған.

Ворошилов атындағы 3-әскери ұшқыштар мектебінің (Приволжье округі) 1929-1931 жылдарғы оқушыларының тізімінен де, 1923 жылы құрылған Борисоглеб әскери-авиация мектебінің құжаттарынан да ондай деректер табылмады. Демек, Жақыпбек Малдыбаев 1933 жылдың 1 қаңтарында әскери ұшқыштар мектебінің табалдырығын қазақ жігіттерінің ішінен тұңғыш рет аттаған азамат!

1933 жылғы 14 желтоқсандағы РККА-ның әскери-әуе күштерінің жеке құрамы жөніндегі № 0113 бұйрық бойынша 9-әскери ұшқыштар мектебін бітірген 484 адамның он тоғызына, оның ішінде Жақыпбек те бар, «Әскери ұшқыш-бақылаушы» атағы беріліп, Мәскеудегі РККА-ның әскери-әуе күштері жанындағы әскери арнайы қызмет мектебіне, фото-қызмет бастығының курсына қабылданады. Жақыпбек бұл курсты 1934 жылғы 24 шілдеде бітіріп, Орта Азия әскери округінің Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40-ерекше авиациялық отрядына аға ұшқыш-бақылаушы, сонымен қатар фотоқызмет бастығы болып тағайындалды.
null

Өскемендегі Жақыпбек Малдыбаев көшесіне туыстары орнатқан ескерткіш-құлпытас

-  Қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш Жақыпбек Малдыбаев емес, қызылордалық Жолдасбек Нұрымұлы деген де пікірталас болғанын естіген едік. Бұған не дейсіз?

- Иә, Жақыпбек Малдыбаев жайлы тарихи очерк республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көріп, оқырмандар арасында пікірталас тудырған еді. Сол газеттің 1991 жылғы 2 тамыздағы санында «Қазақтың тұңғыш ұшқышы кім?» деген материалда - 1933 жылы Балашов азаматтық авиация училищесін бітірген қызылордалық Жолдасбек Нұрымұлы - қазақтың тұңғыш ұшқышы деп тұжырымдалған. Осы материалдар негізінде 1991 жылғы 13 шілдеде Аэрофлот ардагері Салық Ахметовтің «Аспандап ұшсақ несі айып?» деген тақырыппен Президент Н. Назарбаевқа қазақ авиациясы, ондағы кадрлар проблемасы туралы ашық хаты жарияланған.

Сонымен   бұл   очерк,   мақалалардан   шығатын   қорытынды: Жақыпбек Малдыбаев қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы да, Жолдасбек Нұрымов - қазақтың тұңғыш азаматтық ұшқышы (екеуі де училищені 1933 жылы бітірген).
null

Жақыпбектің зайыбы Юлия

Испаниядағы соғысқа қатысқан болуы мүмкін

- Жақыпбек Малдыбаевтың Испанияда соғысқа қатысқаны туралы деректер дәлелін тапты ма?

- Інісі Әбілбектің айтуына қарағанда, Жақыпбек Малдыбаев интернационалдық борышын атқарып, Халхин Гол соғысына да, Испания соғысына да қатысқан.

1936 жылғы 16 ақпандағы парламенттік сайлауда жеңіп шыққан Испания халықтық майданына қарсы Германия мен Италия интервенттерінің бүлігі бүкіл дүниежүзілік сипат алып, испан соғысына 54 елден еріктілер барғаны мәлім. Сталин де испан халқының күресі «тек қана испандықтардың жеке ісі емес, ол бүкіл озық ойлы адамзаттың ортақ ісі» деп Хосе Диасқа жеделхат жолдаған екен. Міне, осы соғысқа 160-тан аса кеңестік ұшқыштар еріктілер қатарында қатысқан. 59 адам сол Испания үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алған.

Міне, мұндай бүкілхалықтық сипат алып, өмір мен өлімнің беттесіп жатқан аласапыран заманындағы оқиға, ошақ басын емес, Отанының намысын ойлаған Жақыпбек сынды азаматтарды бейтарап қалдыруы мүмкін емес. Испания соғысы жайлы деректерді алу үшін архивке өзің туралы оншақты жерден анықтама, куәлік, өтініш, рұқсат қағаз т.с.с сияқты құжаттар тапсыруың керек екен, сондықтан ол құжаттарға қол жетпеді. «Жәкең сол Испаниядан келе жатып, Ташкент маңында ұшақ апатынан опат болды. Жерлеуге Зайсаннан Омар, Сталинабадтан Юлия жеңгей екеуіміз бардық. Қоштасуға жолдастары көп жиналды. Оркестрмен, салютпен қастерлеп, әскери аэродромның ішінде жерледі. Басына қысқаша өмір жолы жазылған, темір құлпытас орнатты. Құлпытастың ұшына тоқты қосқанда айналып ұшатын самолеттің моделі орнатылыпты», - деген еді, Жақаңның қолында - Сталинабадта тұрып оқу оқыған інісі Әбілбек.

- Тұңғыш әскери ұшқыштың есімін ұрпақ жадында қалдыру үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

- Жақаңның есімін есте қалдыру бағытында Зайсан, Тарбағатай, Күршім аудандарында тұратын ұрпақтары мен біршама азаматтар көп еңбек сіңірді. Жақаңның туған ауылы - Шеңгелдідегі мектепке ұшқыштың есімі берілді. 1997 жылғы мамырда Жақаңның 90 жылдығы Зайсанда тойланып, аудан орталығындағы бір көшеге Жақыпбек Малдыбаевтың есімі беріліп, мемориалдық тақта орнатылды. Ұшқыштың 105 жылдығында Өскеменде бір көшеге Жақыпбектің есімі берілді. Сондай-ақ ұшқыш ағамыздың суреті мен ол жөніндегі шағын мақала 2004 жылы жарық көрген «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 6-томында жарияланды. 2007 жылғы Қазақ күнтізбесінің 15 мамырында «Қазақтан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Жақыпбек Малдыбаевтың туғанына 100 жыл (1907-1938)» деген деректерімен қоса қысқаша өмірбаяны шықты. Бұл - автордың жан-жаққа жазылған жүздеген хаты мен ұзақ жылдар бойы жүргізген іздестіру жұмысының көңілге медеу болар бір сәттік қорытындысы, яғни «99 проценттік еңбектің бір проценттік қуанышы». Бірақ нүкте қоюға әлі ерте. Жәкеңді бүкіл Қазақстан танып, оның рухына бас иіп жатса үлкен бір шаруаның басы қайырылды деп айтуға болар еді. Ол үшін Мәскеудегі Орталық және Бас штаб архивтеріндегі Жақаң жайлы материалдар Республика Қорғаныс министрлігі арқылы елге қайтарылып, Жақаңның Испания сапары нақтыланып, Ташкенттегі зираты табылса, 1937 жылы дүниеге келген Эмма есімді қыздарына сұрау салынса, Харьковтегі музейдегі сияқты, Жәкең жайлы материалдар өзіміздің ұлттық музейден орын алса деген арман көп. Ұшқышқа көрнекті ескерткіш орнатылып, орталық қалалардағы бір көшеге немесе әскери-әуе күштері оқу орындарына есімі беріліп жатса, артық болмас еді. Алдағы уақытта  құзырлы орындар  араласып, Алтайдан ұшқан ақиық ағамыз Жақыпбек Малдыбаевтың туған күнін жоғарыда баяндалғандай өз туыстары ғана емес, ел деңгейінде атап өтіліп отырса құба-құп болар еді. Жақаңның ерлігі ондай марапатқа әбден лайық.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар