Қазақта керемет мейірімді жандар барын сонда көрдім - Арыстағы жарылыста жас ананы босандырған акушер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арыста жарылыс болатын күні жас ананы босандырған акушер Нағима Зорымбаева ҚазАқпарат тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді.

«Дүйсенбі күні кезекшілікке түскен кезім. Кенже деген келіншек сағат сегізге таяу босану бөліміне толғақпен түсті. Маңай тып-тыныш, күнделікті өміріміздің бір күні еді. Бұл әйелдің екінші рет босануы екен. Бөлімше жетекшісі Нағима Тәліпова екеуміз ол әйелді толық тексеріп, аздап толғататынын, 2-3 сағаттан кейін босанатынын айттық. Бір уақытта әріптестерім әскери бөлім жақтан от шығып жатқан секілді дей бастады. Көп мән бере қоймадық. Өрт шықса сөнер деп ойладым. Аяқ астынан сағат 09.20 кеткен кезде жарылыс «гүрс» ете қалып, толғатып жатқан әйелдің палатасының есігі ұшып түсті. Әйнек сынды. Жер сілкінгендей ғимаратымыз екі-үш рет ырғала қозғалып, абдырап қалдық», - дейді Нағима Зорымбаева.

Акушердің айтуынша, бір сәтке бәрі тып-тыныш бола қалғанымен, көп өтпей жарылыс бірінен-бірі қайталанып, аспанды көк түтін алып кеткен.

«Далаға шығамыз деп, бәріміз шуласып қалдық. Әркім өзінің бөлімшесіне жүгірді. Мен бірден мына әйелге ғана жауапты болайын дедім де, бүкіл қажетті нәрсені алып, бір санитар қызды ертіп далаға қаша жөнелдік. Айқай-шу. Қаншама әйел босанып жатқандықтан, Нағима Тәліпова ауруханада қалып қойды. Санитар екеуміз әйелді ұстаған күйі ашық алаңға қаштық. Керек-жарағымызды ала кеткен болатынбыз», - дейді ол.

Жарылыстан қашқан халықтың бәрі қырдың басына шықпаққа биікке ұмтылыпты.

«Снарядтардың дауысын естідіңіз бе, жоқ па білмеймін - ысқырып кеп жібергенде басыңа төніп келе жатқандай үлкен үрей тудырады екен. Ысқырып қалғанда жата қаламыз. Қорыққанымыз соншалықты, қанша шақырымға қашқанымыз есімде жоқ. Бес шақырымдай басып өттік қой деймін. Санитар қыз екеуміз жетектеп келе жатырмыз. Анда-санда су ішкіземіз. Толғағы қысып барады. Көліктердің бірін тоқтату керек болды. Бір әскери жігіт тоқтап, үшеуіміз көлігіне мініп алдық. Әлгі жігіт «Жұмыс жағыма кетем. Өзім оттан шығып тұрмын» деді. Аптечкаларын алып қалдық. Қарасам, әлгі әскери жігіттің беті күйіп қапты. Біршама жеткізіп тастағаннан кейін ол бұрылды да отқа оранған қалаға қайта тартты. Жолда тағы «Нива» көлігін тоқтаттық. Санитар қыз сыймай қалып кетіп, бір шетке әкеп тастады. Әлгі «Ниваның» бензині таусылды», - дейді акушер.

Осылай, екі сағат бойы азап көрген Кенже мен Нағима ақыры БҒМ өкілдері мінген көлікке кезігеді. Көліктің ішінде бір әже, бірнеше бала мен министрліктің үш өкілі болған. Біршама жол жүргеннен кейін көлік ішіндегі әже «мен ары бармаймын, өлсем осында өлем, мына аяғы ауыр әйелді құтқарыңдар» деп қалып қойыпты. Монтайтас қайда деп іздеп келе жатқан көлік ақыры Қазығұрт ауданының Ақжар ауылына тірелген.

«Әйелдің толғағы күшейе бастады. Жүргізуші Досмұхамбет бір үйге тоқтап, әлгі үйдің отанасы Гүлмира деген апай бір бөлме бөліп берді. Өте жақсы кісілер екен. Бүкіл жағдайды жасады. 12.58 минут кеткенде қыз бала дүниеге келді. Қаншама уақыт күшенді. Міне, осындай қиындықты басып өтіп, жас ана босанды. Одан кейін үй иесі жедел жәрдем көлігіне қоңырау шалып, Кенжені алып кетті. Ана үйдің апайы Гүлмира кішкентай сәбиге бүкіл киім-кешегін дайындап, пакетке салып берді. Тамағын, шайын дайындап берді. Қазақтың сондай керемет жақсы кісілері барын сонда көрдім», - дейді Нағима.

Нағима Зорымбаева өз әрекетін ерлікке баламайтынын айтады. «Өзімнің міндетім» дейді. Қаншама қиындыққа қарамастан, халық бір-біріне қолына қол ұшын созып, басқа түскен қайғыны бірге көтеріп келеді.

Еске сала кетсек, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Арыстағы жарылыс кезінде жас ананы босандыруға көмектескен мұғалімдерді марапаттады. Шайза Доскеева, Балбөпе Өтенова, Жанат Нұржұманова - министрліктің атынан дәл осы үш мұғалім Арыста жарылыс болған кезде мектепте ҰБТ-ның апелляция отырысын өткізіп жатқан болатын.

Соңғы жаңалықтар